“Омикронның” қарқыны күшейді
Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы – «қызыл» аймақта. 18 қаңтардағы дерек бойынша бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 874 жағдай тіркелді. Елімізде коронавируспен ауырғандар саны 1 085 004-ке жетті. Жалпы, сырқаттану 19,6 есе, COVID-19-ға тесті тапсыру 3,5 есе артып, тәулігіне 50 мың тестке жетті. Ауру жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы алдыңғы орында. Ауырғандардың 60%-ы осы өңірлерде тіркелген.
Кешегі күнгі мәлімет бойынша облыста барлығы 120 485 жағдай тіркелген. 19 қаңтарда 2 669 жаңа жағдай белгілі болды. Облыс бойынша репродуктивті сан 2,434 құрайды. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 8456. Оның ішінде, симптомдары бар науқастар – 81,3%, симптомсыз вирус тасымалдаушылар – 18,7%. Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте айтылғандай, Қарағанды облысында сырқаттанушылық 9 есе өскен. Ал, вакцинация қарқыны – 3 есе, ревакцинация 3,5 есе төмендеген. Аймақта 18 жастан асқан 897 340 адам вакцинациялауға жатады. 19 қаңтардағы жағдай бойынша 609 344 немесе 67,9%-ы бірінші компонентті алса, 566 050 адам немесе 63,1% толық вакцинация курсынан өтті. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сәйкес, Pfizer-мен 18 707 адам егілген. Оның 651-і – жүкті әйелдер, 3 027-сі – бала емізетін әйелдер жәнее 14 128-і – жасөспірімдер. Сонымен қатар, облыс бойынша 67 432 адам иммунитетті көтеру үшін үшінші, бустерлік дозамен ревакцинациядан өтті. Кешегі күнгі дерек бойынша елде 97 145 адам коронавирус пен пневмониядан ем алып жатыр. Дегенмен, олардың басым бөлігі коронавирустың жеңіл және орташа ауыр түрімен ауырады. Бұл туралы брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
– Бүгін біз елдегі пациенттерде коронавирустық инфекцияның жеңіл және орташа ауырлықта өтетінін көріп отырмыз, сондықтан, көптеген пациенттер үйде емделеді, – деді министр.
Министр елімізде барлығы 21 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын бар екенін, 33%-ы қолданыста екенін, сондай-ақ, 2 мыңнан астам реанимациялық төсек-орынның 16%-ы бос емес екендігін хабарлады. Резервте 30 мың инфекциялық және 3 мың реанимациялық төсек-орын бар. Аурудың алғашқы белгілері тұмау сияқты белгілермен, яғни, температура, әлсіздік, бас ауруы, жөтел сияқты көрініс береді.
– Ауруханаға жатқызылғандардың үлес салмағы анықталған жағдайлардан 19,5%-ды құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесі бар пациенттер түседі, оларда температураның 3 күннен астам жоғарылауы, интоксикацияның айқын белгілері, ентігу байқалады. Олар қатер тобына жататын науқастар. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқастардың үлесі ауруханаға жатқызылғандардың 5%-ын құрайды, олар реанимация бөлімшесінде жатыр, – деді ведомство басшысы.
Амбулаториялық науқастар санының өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, МСАК деңгейінде уақытылы медициналық көмекті нығайту және ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды. Қазір ел бойынша 3 054 мобильді бригада, резервте 1 622 бригада жұмыс істейді. КВИ бар науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері қосылған. Шұғыл медициналық көмекті 1486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150-і бар. Науқастарға барлығы 40 мыңға жуық медицина қызметкері көмек көрсетуде. Оның ішінде, 7 239 дәрігер, сондай-ақ, резервте 4 556 маман бар. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлауына қарамастан, локдаун енгізу қарастырылмайды.
Жансая ОМАРБЕК.