Бас тақырыпРесми

Олжас Бектенов Президент атынан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына мемлекеттік наградалар табыс етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 15-26 қараша аралығында Токио қаласында (Жапония) өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградалар табыс етті.

Сурет Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді. 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ҚР Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-шы орынды иеленді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сурдлимпиада ойындары біздің еліміздегі сурдлимпиада қозғалысының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл спорттық ұйымдардың, жаттықтырушылардың сондай-ақ, өз еңбегімен болашақ жеңістерге берік негіз қалайтын спортшылардың үйлесімді және тынымсыз жұмысының нәтижесі. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуде, жаңа инфрақұрылым нысандары салынуда. Жүйелі және уақтылы шаралар жалпы жетістікті арттыруға және бүкіл спорт саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Марапаттау барысында сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктері атап өтілді. Олардың жоғары деңгейде өнер көрсетуі Қазақстанға 11 медаль (5 алтын, 2 күміс және 4 қола) алып келді және Сурдлимпиада ойындарының жарқын жетістіктерінің бірі болды. Команда көшбасшыларының қатарында үш дүркін және екі дүркін чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мен Шадияр Қуандық бар. Ал биіктікке секіруден ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салған жеңіл атлетші Фаина Мейрманова 1,79 метрді бағындырып, Ойының рекордын орнатты.

Еркін және грек-рим күресінде чемпион атанған балуандар Андрей Самарин мен Шадияр Пернеш те жалпы нәтижеге айтарлықтай үлес қосты. Үстел теннисінде Қанат Конкубаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төлебаев және Абылай Бүркітбай қола жүлдеге ие болды. Таэквондода Аян Абдраш, Айжамол Абдикатова және Аида Макатова қола жүлдегер атанды. Премьер-министр қол жеткізілген барлық нәтижелер қазақстандық спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың аса маңызды спорттық сын-қатерлермен ойдағыдай күресуге қабілеттілігін көрсететінін атап өтті.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button