Олжаның көзі – отандық өнімде
Өткен айдың соңында Астана қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы ұйымдастырылған болатын. Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеңімпаз атанған 144 тауар өндіруші компания қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды. Қарағандылық кәсіпкерлер де көрменің көрігін қыздыруға үлес қосты.
Біздің өңірден жалпы саны 9 кәсіпкерлік ұйым қатысқан екен. Олардың қатарында «Айза» ЖШС, «Сарыарқа нан Қарағанды» ЖШС, шұжық әзірлейтін «Дедов» компаниясы, «Сантехпром», «Фортуна» тігін фабрикасы, «Энергосистемы ЭЛТО», «ALIAN-paint» зауыты, «Арселор Миттал Теміртау» зауыты және «Казцентрэлектропровод» компаниялары бар.
Павильондарды аралау барысында Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев теміртаулық «Фортуна» тігін фабрикасы өнімінің сапасын жоғары бағалап, балаларға арналған күртешені 3500 теңгеге сатып алды. Сонымен қатар, «Сарыарқа нан Қарағанды» зауытының көрме стенді көркем безендірілуінің нәтижесінде қонақтардың көңілінен шықты.
Қарағандылық тауар өндірушілердің айтуынша, осы тәріздес көрмелерді жиірек ұйымдастырған абзал. Себебі, мұндай іс-шаралар кәсіпкерлер арасында өзара іскерлік қарым-қатынас қалыптастыруға және ішкі нарыққа өзіндік баға беруге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қарағандылық өнімдер өңір мен республика нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес елдерге де экспортталуда.
Бұйыртса, «Қазақстанның үздік тауары» байқауының қорытындысы Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» Президент сыйлығы байқауының нәтижесімен бірге белгілі болады.
Жалпы, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал, Қарағанды қаласындағы биылғы өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өткен болатын.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ