Бас тақырып

Олжалы оралу

Желтоқсан айының бас кезі. Күннің райы қатулы. Теріскейден соққан үскірік жел тіске тісті соқтырардай-ақ. Түнеукүні жауған қарды ала таңда ақ жауын көк айна мұзға айналдырған. Жердің кей бөлігі желдің өткірлігінен бе қар-мұзынан жалаңаштанып, топырағы көрініп алабажақтанып жатыр.

Белдеуге ерттеймін деп басын көтере байлап қойған қызыл қасқа аттың арқырай кісінеген дауысы бейне Арқада құлжа тоқыратып, қырда құлан шұрқыратардай-ақ ащы естіледі. Бес-алты күн мініліп, домжарау болған қызыл ат, екі құлақты кезек қайшылап, жан-жағына елеңдей елпелектеп тұр. Әбден аң қуып, сартап болып қақталса да қыстай етін бермейтіндігі бар еді. Бойы қатты биік емес, жатаған келген, тұяғы шәй кеседей дөп-дөңгелек, жерсоғарлы. Жаясы алты ай күтім көрген семіз малдікіндей жап-жалпақ. Құйрығының түбі жуан да, ұш жағы сымпыстау келген сұйық. Бауыры жинақы, шыбығының алдындағы майы сүйем, салақтап тұр. Омырауы тым үлкен емес, өзіне сай. Бірақ, екі шынтағы шіркіннің қолтығынан қарыс шығып, далада жатыр таза. Бақайы мейлінше қысқа.

Артқы аламайы шығыңқы, борбайы екі жақта талтақ. Қысқалау байланған шылбырды кере тартып, басын иіп қойып жер тарпыған қалпы тұр. Осы бір көріністің шырқын ер тоқым үзеңгісінің сылдыры бұзғандай болды. Елең ете қалды қызыл қасқа ат. Ерттеуге икемделген иесінің әрекетіне масаттанғандай оқыранып қояды. Аттың бұл қылығына жігіт іштей қуанып, «көз тимесін» деп бір түкірді. Әуелі майда қарағаннан буылған сыпырғышпен ат арқасын екі жағынан кезек келіп сыпырды. Жал құйрығы майда болғандықтан, көбіне жалы қатты байлана қоймаушы еді. Тарауды да қажет етпейді. Сондықтан, қызыл аттың ерттеуі жылдам-ақ. Әне-міне дегенше құранды ер ат арқасына таңылды. Жігіт аттың шылбырын шешіп, үстіне киген қалың қой ішіктің етегін бір көтерді-дағы, сол аяқты үзеңгіге салып «Я, сәт!» деп атқа мініп, жүре жөнелді. Иығынан төмен асынған 12-ші калибрлі аңшы мылтығы, беліндегі оқшантайы жігіттікті айқындап тұрғандай. Қызыл қасқа аттың аса бір жел қайықша шайқар аяңы жоқ. Артқы аяғын шалжақтай басып, бүлкектеп келеді. Аяғын басқан сайын иек қағып, басын жерге иіп тастайды жануар. Бағыт ауылдан 28-30 шақырымда орналасқан Олжекең (Олжабай) тауы. Олжабай бір кездері осы маңайға аты шыққан даңқты бай болған деседі, ауыл қариялары. Аттылы тау бөктерінен іздеп келе жатқан саяқтары көзге түсе ме деп, маңайға көз сүзіп келеді.

Күн әжептәуір көтеріліп қалған. Мана ауылдан ілесе шыққан Басарала әр қараған мен тобылғы түбін бір иіскейді. Аң атаулының терісі құлпыра түскен шақ. «Салаң етіп жолықса қайтқан ізі» шіркін…

Аң демекші, жалпы шілде айының 20-сынан былай қарай үйрек атуға рұқсат етіле береді. Өйткені, күз басталып, қара суық түскенде құс семіреді. Арнайы берілетін 10 күндік жолдама мен аңшылар өзен жағалайтыны бар. Биыл күзде Атасу өзенінің бойынан бейсауат аңшы қарасы көрінбеді. Ал, қазан айынан бастап қоян, түлкі, қарсақ атуға маусым ашылғаны ауылдың аңшыларына бірталай септігін тигізеді. Берілген жолдамаға сай аң атып, терісін өткізеді. Ақысына оқ дәрі алады. Қаңтар айының 28-не таяу, ақпанның басына қарай аң ату мүлде доғарылады. Себебі, аң атаулының көбею кезеңіне байланысты. Бірақ, бұл шақ нағыз аңның жұптаса жүретін уағы. Анадайдан қоянды көрсеңіз сыңары да сол маңнан қашады. Бірді-екілі ереже елемей жүрген еріктілер аң аулаудың қызығына кіріп, жергілікті қорықшыларға ұсталып та қалғаны бар.

Күн көтеріле жел сұйылып, ызғар бәсеңдеді ме, әлде жедел жүрістің әсері ме, аттылының арқасы жіпси бастады. Тұлыптың тамақ түймесін бір тесік ағытып, тобылғы сап қамшы ұстаған қолымен самай терін сүртіп қояды. Бір қарқынмен шұбар жердің шұбалаң соқпағын сұрыптай отырып, бесін кезінде Олжекең тауына да жетті. Бұл шыққан Олжабай тауының арысы Тамай биігінің бауырынан жоғалған аттардың қарасына ұқсас қылаң-бараны аралас мал дүрбіге түсті. Жасынан малсақ, оның ішінде жылқы десе көңілі алабөтен жігіттің іші бірден жыли кетті. «Әй, дәу де болса осы біздің аттар-ау» деді ішкі түйсік. Дүрбіні жалма-жан қоржынына тоғытып, атқа қарғыды. Міне сала жапан даладағы жалғыз серігі итін іздесе ит жоқ. Олай қарап, былай қарап болмаған соң, ат үстінде дүрбіні ала салып, маңайды дүрбімен қайта шолыды. Көз ұшында Басарала із кесіп ұзап кеткен екен. Артына қайырылар емес. Көзін тырнап ашқалы ит пен аттың сырын бір кісідей біліп қалған жігіт ағасы кідірмеді. Иттің соңынан желе шоқи жөнелді. Басарала қалың қараған арасымен ызғытып барады. Артынан қызыл қасқа атпен желмаяша желіп, ілесіп келеді жігіт. Итке жақындап «ит еріп келе жатқан не екен, ізін қарайын» десе із көрінбейді. Қатқақ жерге аң ізі түсе қоймаған. Шамамен 6-7 шақырымнан соң қызыл қасқа ат иттен өте жөнелді. Бағанадан соңынан салпаңдаған аңның сұлбасы көзге түсе бастады. Жылқының тебінін торыған қасқыр екен. Иесі атымның қарқыны бәсеңдей ме деп тізгінін созыңқырап көріп еді, жоқ, керісінше ат шабысы үдей түсті. Сәл жіберіп қайта іркіңкіреп атты ауыздыққа сүйеп алды. Осылайша, қасқырдың да құлағы көрінердей тұсқа таяп қалды. Қашқан аңның бағыты тура Алтынқазғанға қарай. Алтынқазған кезінде геологтар отырған мекен. Маңайында қазылған шұрып, апаны көп тастақ төбе. Жігіттің ойы қасқырды оған жеткізбей қайыру. Манадан бері жете ме деп үміт үкілеп келе жатқан иттен күдер үзілді. Жақындаған сайын көкжал артына бұралақтап қарап қояды. «Ата жауым жеттің бе?» дегендей-ақ. «Қой, енді әрекетке көшпесек, бар еңбек далаға кетер» деп қызыл қасқа атқа иесі тебінген сыңай танытқан еді, жануар ытқып-ап жөнеді?! Көзді ашып-жұмғанша қасқырды сойылмен соғар жерге алып келді. Ылғи шапқан аттың үстінде, мылтық атып дағдыланған қолға иықтағы қос ауызды ала сала оқ салу, аса қиындық тудырмады. Небары 5-7 секунд. Мылтық атуға дайын. Сол қолының білегіне сала құлаш тізгіннің сақина басын іле бере, құндақты қаттырақ қысып ұстап, мылтық дүмін оң жақ иыққа тірей тартып кеп жіберді. «Гүрс» еткені мұң-ақ екен, жұлдызша ағып бара жатқан қасқыр қалпақтай түсті. Жонымен жерді бір иіскеп тұрып, қуып келе жатқан кісіге тұра ұмтылмасы бар ма?! Мылтықтың қос ұңғысы бары қандай тамаша мұндайда. Екінші рет атқанда орнында қалды. Оқ бұл жолы әлдірек тиді-ау шамасы. Шапқан күйі үстінен өте тоқтаған аттылы тұра қалып орнында мылтықты тағы бір оқтап, торпақша теңкиіп жатқан неменің қарауылға басын алып тағы бір атты. Сонаң соң атпен екі-үш дөңгелей айналып, өлгеніне көзі анық жеткен соң, ақ көбік болған атты аялдатпай аяңдата жөнелді. Желге қарсы, ерсілі-қарсылы, екі-үш рет аяңдатып алғаннан соң, анадайда тұрған қою қараған түбіне түсті. Манағы қалың қой ішікті шешіп, тері сүмектеген аттың жаңбырлығына жапты. Екі жеңін желпілдетпей, қанжығаға іліктіріп қаусыра салды. Тізгінді жалына қаңтарып, шылбырын қатқыл қарағанның бір түбіне қазықбау шала байлады. Осылайша, басы резеңке кәлөшпен қапталған киіз пиманың қонышынан кездігін алып, қайыс белдікке жанып алды да, қасқырдың терісін ірей бастады. Артқы жағынан бастап терісін сыпырып бола бергенде Басарала да келіп жетті-ау. Ит келе сала жалаңаш еті буланған қасқырды бір иіскей аунап жата кетті. Бейшара барлығып қалған екен. Қасқырдың терісін сыпырып тісін, өтін алып, жігіт аз кідіріңкіреп қалды. Япыр-ай… «Жақсы атқа қасқырдың терісін қанжығалатпаушы еді, ыстығы өтеді» деп. «Жоқ». Теріні алып ер-тоқымның артын, яғни, ат көрпе мен пыстанның ортасына жауып, екі жақ басын таралғыдан өткізді де қолтығына салбырата салды.

Қызыл аттың көзі жайнап тұр. Артық тезегін тастап, ащы тері тамшысына дейін алынып ширап алған. Бір орында тұрмай ойнақтайды. Пәлі, мынаны қара! Жігіт атын олай-былай ырқына көндіріп, ақыры айламен мініп кетті. Апақ-сапақ болып қалған. Едіреңдей аяңдап, итін ертіп ауыл жаққа бет алды. Бағанағы көрген аттар осынікі болды. Қасқырдың қызығы, жоқ жылқының күмәнін сейілткендей. Жылқының негізгі беті ауыл болғандықтан, ертең ерте қаға кетермін деген оймен, желе шоқып, ақшамда ет пісті-ау деген уақта ауылға кіреді…

Қазір әңгімеге арқау болған қасқыр қарасы ауылда жоқтың қасы. 10 жылдың мұғдары болды, маңайдың бұйраттары мен ақ шақаттанған жондарында қасқыр көп жортпайды. Қыс мезгілінде бірен-саранның ізін көрсе болды, аэрошанамен адымын аштырмай қағып салады ауыл жігіттері. Бұл жылқыны шаруашылықтың қалқаны қылып отырған шаруаларға әжептәуір көмек. Қазір ауылдың кей атқамінерлері түзден қасқыр ізін көзі шалып қалса тіс жармай қоя қояды. Қаладан аң аулаймын деп аңсары далаға ауған шенді-шекпенділер жиылғанда атқызам деп сүрге сақтауды шығарыпты…

Жансая СӘРСЕНБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button