Руханият

Қола дәуірдің қазынасы

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің археологтары Бұқар жырау ауданының аумағында орналасқан көне қоныс орнынан бірқатар құнды археологиялық олжа тапты. Төрткөл ауылының маңынан анықталған қоныс қос қатар тастан қаланған. Қабырғалары бар жартылай жертөле үлгісінде салыныпты. Сонымен қатар, қазба жұмыстары барысында геометриялық өрнектермен безендірілген қыш ыдыстардың сынығы мен жануарлардың сүйегі, тас бұйымдары, шақпақ тастан жасалған жебе ұшы мен металл пышақ табылған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Археологтар керамикалық кешеннің сипаттамасы мен құрылыс ерекшеліктеріне сүйене отырып, нысанның Алакөл археологиялық мәдениетіне жататынын баса айтып отыр. Алдын ала деректер бойынша, қоныс б.з.д. XVIII-XVII ғасырлар аралығына тиесілі екен.

– Алда қыш материалдарына техникалық-технологиялық талдау жасалып, нысанның нақты мерзімін анықтау үшін үлгілер радиокөміртекті зерттеуге жіберіледі. Қола дәуіріндегі қоныстарды жүйелі зерттеу – Орталық Қазақстан аумағындағы көне тұрғындардың шаруашылығы мен күнделікті тұрмысы туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Айта кетейік, археологиялық зерттеулер облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүргізілді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button