Руханият

Олқылық орнын толтырған оқулық

Қазір – ақпараттық технология дамып, гаджет пен әлеуметтік желі белең алған кезең. Иә, кейде ғаламтор беттеріндегі ақпараттарды қорытып, нақтылауға медиасауат жетіспей жатады. Ғаламторға байланып, әлеуметтік желінің айдарынан жел ескен біздің заманда ақпараттың қайдан, қалай шыққанын, қаншалықты сенімді екенін анықтау одан сайын қиындай түсті. Бұны не үшін қозғап отырмыз? Өткен аптада академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Рамазанованың көпшілікке таныстырылған «Әлеуметтік медиадағы коммуникация» оқу құралы осы олқылықтардың орнын толтырғанын айтқымыз келеді. Кітап не туралы, тарқатып көрейік…

Болашақ журналистерге бұндай кітаптар керек-ақ. Оның үстіне, дәстүрлі медиа (мерзімді басылымдар, радио, телевидение) мен заманауи медианың бәсекесі қызған бүгінгі заманда жас мамандардың дені интернет-журналистиканы таңдайтыны да шындық. Ал, оларға қажетті оқулықтар мен көмекші құралдардың тапшылығын қайда қоямыз? Болса да, қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Қазақшасын таптым дегеннің өзінде, олардың өзге тілден сәтсіз аударылған нұсқаларына кезігіп жатамыз. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік медианың қыр-сырын толық қамтыған Жанар Сембекқызының бұл еңбегі журналист мамандар даярлау саласына орасан олжа болып отыр.

Бүгінгі қоғам бірден екі тең кеңістікте, атап айтқанда, шынайы және виртуалды кеңістікте өмір сүруде. Әлеуметтік желіні қолданушылар өзара қарым-қатынас кезінде көбінесе мінез-құлық, сөйлеу және тілдік норманың, сондай-ақ, коммуникация мәдениетінің бұзылуына тап болып жатады. Сондықтан, қазіргі уақытта әлеуметтік желіні пайдаланушылардың ақпараттық-коммуникативтік мәдениетінің деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін белгілі бір тетікті әзірлеу мәселесі өзекті болып тұрған-ды. «Журналистік зерттеу», «Журналистік этика» тақырыптары бойынша елімізге танымал медиа-тренер Жанар Сембекқызының тың кеңістікке түрен салған бұл еңбегі – осы сауалдардың баршасына жауап бере алатындай құнды дүние.

Кейінгі жылдары әлеуметтік медиа әр адамның шындығымен қатар өмір сүруде. Бүгінде онлайн-орта кез келген қоғамға тән ерекшелікпен қоса, адамдардың өмір сүруінің толық кеңістігіне айналды. Мәселен, өзіндік мәдениет деңгейі, моральдық құндылық, моральдық көзқарас, мінез-құлық ережесі қалыптаса бастады. Сондай-ақ, виртуалды орта көпшілікке мүлдем жаңа мүмкіндік ұсынуда. Әлеуметтік желіні тұтынушылар кәсіби БАҚтың ақпараттық үстемдігі кезіндегідей, оларға ұсынылған мазмұнды тұтынып қана қоймайды, сонымен бірге оны барлық қызметтің едәуір санының арқасында қалыптастырады. Бұл, ең алдымен, әлеуметтік желіде түрлі хабарлама, жазба, жарияланым, аудио және бейнематериал жасау арқылы жүзеге асырылады.

Автор әлемдегі ең танымал деген әлеуметтік желінің (Facebook) ақпараттық-коммуникациялық мәдениетін зерттей отырып, желідегі коммуникацияның қауіпсіздігіне оң және теріс әсер ететін негізгі проблемалық мәселені де нақты атап көрсеткен. Әлеуметтік желінің негізгі проблемалық түйіні коммуникация тұрғысынан сөйлеу агрессиясының басым жоғары деңгейі болып табылатыны да кеңінен сөз болады. Мәселен, оқу құралында автор пайдаланушылар әлеуметтік желідегі байланыс үдерісінде жалпы қабылданған коммуникация мәдениетін бұзатыны, бұл жалпы әлеуметтік медианың жұмыс жасау ерекшелігіне де, әрбір пайдаланушыға да байланысты екендігіне тоқтала отырып, мәселенің мәнісін нақты мысалдар негізінде сараптайды. Троллинг, сұхбаттасушының сөз төркінін саналы түрде дұрыс түсінбеуі, жеке хабарламаға да, көпшілікке жарияланған жазбаға да жауап бермеуі, сұхбаттасушының басқаны қабылдамауы, пікір секілді негізгі факторларға жіті назар аударып, әр тетіктің зерттеу нысаны екендігіне мән береді.

Әлеуметтік желідегі қарым-қатынас сипаттамасы жан-жақты қамтылған. Атап айтқанда, қарым-қатынастың мақсаты мен мотиві туралы түсінікке, коммуникативтік стратегия және пайдаланушылардың тактикасы, сондай-ақ, жұмыс істеу ерекшелігі, желілік байланыс жағдайындағы тілдік қолданыс мәселелерге де айрықша тоқталған. Мәселен:

– әлеуметтік желідегі коммуникацияның мәнін ашып, қарым-қатынастың басқа да түріне (дәстүрлі және виртуалды) сипаттама берілген;

– әлеуметтік желіні коммуникацияның ерекше кеңістігі ретінде сипаттап көрсеткен;

– коммуникация арқылы танымалдылықтың себебін прагматикалық тұрғыдан түсіндірген;

– әлеуметтік желідегі байланыс қажеттілігін қандай тілдік құралдың көмегімен жүзеге асыратынын мысалмен көрсеткен;

– пайдаланушылардың әлеуметтік сөйлеу мәдениеті мен мінез-құлқының ерекшелігі бойынша стратегиясы мен тактикасын сипаттаған.

Автор әлеуметтік желіде бедел қалыптастырудың өзекті мәселесіне кеңірек тоқталып, алгоритмін де құрастырған. Оны нақты мысалмен дәлелдеп, теориялық және практикалық тұрғыдан талдау жүргізген. Кітап – болашақ журналистер үшін де, БАҚ қызметкерлері мен блогерлер үшін де құнды көмекші құрал.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button