Ол қазағының жүрегіне жерленеді
Мұхтар Мағауин!
Ұлы Абайдың рухын бойына сіңіріп, Мұхаңа (Әуезов) мұрагер, Ілиясқа (Есенберлин) ізбасар, бұрын Бұқар жыраудан басталады деп келген ұлт әдебиетін ары қарай үш ғасырға жылжытқан Алаш әдебиетінің Алтын қаламы қаңтарылды.
Жазуы тоқтады. Қаламының да, тағдырының да жазуы…
Мұхтар ағаның біздің «Орталыққа» деген ықыласы ерекше болатын. Суреткердің қазақ басылымдарының арасында Қарағандының облыстық газетіне деген бұл ілтипатына негіз болған бірнеше себеп бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әдеби орта әлі мойындай қоймаған болашақ ұлы жазушының «Тазының өлімі» атты повесіне жаңаарқалық қаламгер Асан Жұмаділдин талдау жасап, ол пікірі ең алғаш «Орталықта» жарияланған екен. Одан кейін Мұхаңның «Орталыққа» деген кіршіксіз құрметінің жаңғыруына Арқа баспасөзінің қара нары, белгілі публицист Мағаш ағаның (Сембай) дәнекер болғанын жақсы білеміз. Мағаш аға өзінің ұстазы Нұрмахан Оразбековтің «Шыңғыс хан әлемді қылышпен жауласа, Мағауин қаламмен жаулайды» деген сөзін жиі айтушы еді.
Батыл жазып, өткір айтатын ұстанымы үшін «Мінезді газет» атанған «Орталық Қазақстан» газеті – Мұхтар Мағауиннің әйгілі «Шыңғыс хан» романын кітап болып басылмай тұрғанда-ақ әр санына үзінді жариялап, оқырманды үздіктіріп қойған жалғыз басылым. Сол «Шыңғыс хан» үшін газет «қара тізімге» ілініп, Мағаш аға редакторлықпен қош айтыса жаздаған кезі де болған. Сондай-ақ, Мұхтар ағаның біздің қоғамда үлкен резонанс тудырған қазақтан шыққан тұңғыш математик, Алаш көсемі Әлімхан Ермеков туралы жазбасы қазақ басылымдарының ішінде «Орталықта» ғана жарияланды.
Өзінің біздің басылымға, жалпы Арқадағы әдеби ортаға деген ерекше ыстық ықыласын рухани бауыры Мағауия Сембайға берген «Ғасырлар тоғысындағы құбылыс» атты сұхбатында: «Орталық Қазақстан» газетінде «Шыңғыс ханнан» үзінділер, басқа да шығармаларым кітап болып басылмай жатып, жарияланып келеді. Өзі туралы да қалам сілтеп қоясыңдар. Рухани тамырларың құнарлы топырақтан нәр алып отыр ғой. Әріге бармай-ақ, Алаш арыстарының Арқа төсінде өмірге келіп, қазақ үшін өмірлерін сарп еткенін айтсам, жетіп жатыр емес пе?! Сол арыстар салған сара жолдан адаспай бүгінге жеткен әдеби, рухани, мәдени орталарыңа разымын», – деп тәптіштейді.
Одан кейін жазушының 75 жылдық мерейтойында «Қазақ әдебиеті» газетіне берілген топтамалардың арасынан жерлесіміз, белгілі әдебиеттанушы, профессор Жансая Жарылғаповтың пікірін ерекше бағалап кетті. «Биылғы менің мерейтойыма арналған «Қазақ әдебиетіндегі» мақалалардың ішінен Жансая Жарылғапов деген жастың пікірі бәрінен оқшау көрінді. Осы аяқ алысынан-ақ, мықты әдебиеттанушының екпіні байқалады» деген байыпты бағасы Қарағандының әдеби ортасын бір сілкінтіп тастап еді-ау…
Бүгін мұхиттың арғы жағынан жеткен суық хабарды естіп, есеңгіреп отырмыз. Тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Түркі әлемінің төріне жайғасып, бас ұстап, бата беретін абызы көшіп барады. Миллиондаған қазақ бір-біріне көңіл айтып жатыр. Мұхтар аға енді «Орталыққа» хат жолдамайды… Қандай өкінішті?!
Әлеуметтік желі күңіреніп тұр. Бірі барша қазаққа көңіл айтып жатса, енді бірі «Туған жерден топырақ бұйырар ма екен?» деп алаңдайды. Алаңдамайық! Ол қазағының жүрегіне жерленеді!
Бақұл болыңыз, Баршатаста туып, бар әлемге қазақ әдебиетінің қасиетін танытқан Алаштың Алтын қаламы!
Ерсін МҰСАБЕК