Ойшылдың ақылы да, нақылы да ортақ

Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Жастар Əлемі» жастар орталығында Дүниежүзілік Конфуций институттарының күні аталып өтті. Мерекеге ректор, профессор Дай Бинь бастаған Шихэцзы университетінің (Қытай) делегациясы арнайы келді. Шихэцзы университетінің студенттері мен оқытушылары Əбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ студенттерін аспан асты елінің ежелгі мəдениетінің дəстүрлерімен, сондай-ақ, қытай тілінің негіздерімен таныстырды.

Конфуций институттары əлемнің 150 елінде құрылған. Олардың жалпы саны 500-ден асады. Сонымен қатар, 1000-нан астам Конфуций сыныптары да бар. Қазақстан Республикасында Конфуцийдің бес институты жұмыс істейді. Олардың бірі 2012 жылы дəл осы Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде құрылған. Осы жылдар ішінде мұнда 2000-нан астам студент білім алды. Олардың арасынан ұлы философтың тілінде сөйлегісі келетін талапкерлер де табылған.

Концерттік бағдарлама барысында студенттер күй орындап, əннен шашу шашты. Бұдан кейін Қытай делегациясы да өз базарлықтарымен бөлісті. Олар Қытай Халық Республикасының танымал спорты у-шу, «Тайдзи» жəне «Герань» билерімен көрермен қауымды таң қалдырды. Шара көркін қыздырған да осы қос елдің бір-біріне деген ыстық ықыласы болды.

– 2014 жылдан бері бұл мереке бүкіл əлемдік мерекелер қатарына еніп,. аталып өтіледі. Əбілқас Сағынов атындағы университетіміз де солардың қатарында. Жалпы, Конфуций – ол барша адамға ортақ ойшыл. Конфуций іліміне қызығушылық танытқан жастар біршама. Олардың қатарында біздің оқу орнымыздың студенттері де бар. Осы 11 жыл аралығында 100-ге жуық қарағандылық студент Қытай мемлекетіндегі оқу орындарының грантына ие болды. Ал, биылғы оқу маусымында 3 қарағандылық студент Қытайда оқу мүмкіндігіне қол жеткізді. Онда оларға қомақты шəкіртақы, жатын орын жəне оқумен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік берілді, – деді Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жанынан құрылған Конфуций институтының директоры Татьяна Филипова.

Арнайы шараға сондай-ақ, Қытайдың Шихэцзы университеті ұстаздары келді.

Шихэцзы университеті Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Шихэцзы қаласында орналасқан. Ол – Қытайдағы ең маңызды 100 университеттің бірі. 70 жылдық тарихы бар университетте 30 мыңға жуық студент пен аспирант оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы 2611 оқытушыдан тұрады. Олардың ішінде 2 академик, 166 профессор жəне 489 доцент бар.

Шихэцзы университеті 23 ғылыми-зерттеу мекемесі мен 20 институтты біріктіріп тұрған алып діңгек іспеттес. Онда 52 бакалавриат, 31 магистратура жəне 3 докторантура мамандықтары бойынша оқытады. Университетте Қазақстаннан, Ресейден, Корей Республикасынан, Пəкістаннан жəне Қырғызстаннан келген шетелдік студенттер білім алып жатыр.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.