Ойлы оқырман — газет олжасы

Бұған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің басшылығының Ұлытау-Жезқазған аймағында өткен оқырмандармен кездесулерінде айқын көз жетті. Ақпарат ағысының қарқыны қатайған, әсіресе әлеуметтік желінің әлеуеті бет қаратпай тұрған қазіргі қауырт кезеңде желіде желдей ескен сол «жаңалық» көңілдегі күмәнді қоюлатқаны болмаса, шынайы ақпаратқа деген сұранысты қанағаттандыра алмайтынын алға тартқан да ойлы оқырман. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің басшысы Қамбар Ахмет басылым бетіндегі бірегей бетбұрысқа тоқталып, айтылған ұсыныс-пікір редакция ұжымының алдағы жұмысында ескерілетініне сендірді.

ЖАСТАРҒА ЖАЙБАРАҚАТТЫҚ – ЖАТ

  • Жаңалықты жедел беру газетке қиын. Осы отырыстың өзі кездесу аяқталғанша әлеуметтік желіге шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, «Орталықтың» ұжымы ресми және ақпараттық материал беруді барынша азайтып, танымдық және талдау-сараптамалық сипаттағы мақаланы бірінші бетке жариялауды жолға қойды. Көкейкесті тақырыпты қамтитын бірнеше арнаулы бет беріледі. «Анықтама бұрышы», «1001 сауал» айдарындағы шағын дүниелер де оқырман көңілінен шықты деп ойлаймыз. Оқырмандармен кездесуді аймақтағы жалғыз жоғары оқу орнынан бастағанды жөн санадық. Оның үстіне менің екі бірдей орынбасарым – Ерсін Мұсабек пен Ахат Құрмансейіт – осы университеттің түлектері, қаламы жүйрік журналистер. Ақылдасуға арнайы келдік. Нені көрсете алмай жатырмыз? Жастарды не толғандырады? – деген «Орталықтың» басшысы Қамбар Ахмет ортаға ой тастады.

Осы университетте 55 жыл тапжылмай еңбек етіп, бар саналы ғұмырын білікті маман даярлауға арнаған Ниязғали Жайсаңбаев ағамыз:

  • Кітап-газет түгілі, сабағына қатысты оқулыққа да қарамайтын жастар бар, – дегенде, шырқыраған шындыққа қарсы ешкім уәж айта алмады. Әрине, ардагер ұстаз сананы тұрмыс билеген мына заманның түйткілін ғана емес, сан-сапалақ ақпарат көзі андыздаған қоғамда кітап, газет оқымайтын ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын меңзеді. Шыны керек, жиналған жастардан қандай да бір белсенділікті біз де күтпегенбіз. Қателескен екенбіз!

Кездесу қызу әрі қызықты өтті. Түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, қойылған салиқалы сауалға жан-жақты жауап берілді. Жастардың жайбарақат кейіп көрсетпей, жанашырлық танытқаны қуантты. Әңгіме газет таралымына келіп тірелгенде, тіпті, бір студент: «Оқырманды көбейту үшін басқа тілде де мақала жарияласа қайтеді?» деп алаңдаушылық аңғартты. Аңғал жастың сауалына Ахат Құрмансейіт: «Газет – діл мен тілдің тірегі. Таралым үшін қазақ тіліне қырын қарау ойда да жоқ» – деп, ойландыратындай орынды жауап берді.

«Жастар жайбарақат» деп орынсыз жазғырып жүр екенбіз. 1996 жылы Жезқазған тау-кен технологиялық және педагогикалық институттарының базасында құрылған, бүгінде бакалавриатта – 27, магистратурада 6 мамандық бойынша жоғары білім беретін Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіндегі кездесуде ордалы ойдың ортасына түскендей сезіндік. Әсіресе, ІІІ курс студенттері – болашақ математик Асылбек Тезекбаев пен келешек кен инженері Бейбарыс Сұлтанның көшелі көзқарасы көңілге қонды.

Уақыт ұзап бара жатқан соң келесі кездесудің мезгілі жақындап қалғанын айтуға тура келгенін несіне жасырамыз. Бүгінгі басқосудың басы-қасында жүрген университеттегі «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебек: «Еркін сұхбатқа ұласқан тамаша кездесу жастарға оймақтай болса да ой салғаны анық», – деді қоштасар сәтте.

«ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ»

Кездесу тізгінін ұстаған Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Светлана Жумкина колледж құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков оқытушыларды бір жылға облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне тегіс тегін жаздырғаны жөнінде жағымды жаңалық жеткізді. «Бекзат Қомарұлының бұл азаматтығы – тек біздің газетке емес, жалпы қазақ баспасөзіне көрсетілген қамқорлық» деген газет басшысы Қамбар Ахмет шынайы ризашылығын білдірді.

2009 жылы алғашқы талапкерлерді қабылдаған Жезқазған Бизнес және көлік колледжі – бүгінде аймақта сұранысқа ие 14 мамандық түрін даярлап жатқан үздік орта кәсіби-техникалық білім беру мекемесі. Оқыту ҚР ИСО-2001-2009 сапа менеджменті жүйелері негізінде жүзеге асырылады. Инженер-педагог мамандармен толық қамтылған. Дуальдық оқыту жүйесі енгізілген. Білім мен бизнес әріптестігі жолға қойылған. Меморандум негізінде халықаралық серіктестік орнатылған.

Колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи талапқа сай жабдықталған. Колледж құрылтайшысы – облыстық мәслихат депутаты, Білім меценаты, «Арқаның Атымтайы» атанған азамат Бекзат Алтынбеков. Ал, колледжге ашылған кезден бастап ақын, қалалық мәслихат депутаты, ұлағатты ұстаз Светлана Жумкина басшылық жасап келеді. Колледж қазір аймаққа ғана емес, Сарыарқадағы іргелі оқу орнының біріне айналған. Жезқазғанға жолы түскен қадірлі қонақтың оған соқпай кететіні кемде-кем.

Міне, осындай өрелі істің өрісін кеңейткен оқу ордасында қонақтар және ұстаздар мен студенттер арасында емен-жарқын еркін әңгіме өрбіді. Ешкім қысылып-қымтырылмай «Газеттен не оқығың келеді?» деген сауал төңірегінде ой қозғады, ұсыныс-пікірін ортаға салды. Оқытушы А.Молдабек:»Мен көп жылдан бері «Орталықтың» тұрақты оқырманымын. Жетіншіде оқитын қызым «мынау маған керек екен» деп, мақала қиып алып жатқанын талай көрдім» десе, ақын Мұқағали Сейітқазин латын әліпбиінің мәселесіне назар аударды.

Колледж қызметкерлері – Өмірзақ Бекенов сараптамалық, танымдық бағыттағы мақала беріле бастағанын мақұлдады, Светлана Жумкина жастар сауатты жазуға салғырт қарайтындығына алаңдаушылық білдірді, Гүлдана Алтынбекова қазақтың ұлттық құндылығын дәріптейтін мақала жиі жариялағаны жөн екеніне тоқталды. Зағиптар үшін сайтта мақаланың аудионұсқасы берілсе, деген де ұсыныс түсті. Туризм саласы бойынша білім алып жатқан ІІ курс студенті Аружан Төлеубек тебіреніп, төгілтіп өлең оқыды.

БЕЛСЕНДІЛІК БАЙҚАТТЫ

Газет оқырмандарымен кездесу Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданы әкімдігінде, Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейде жалғасты. Көңілге қуаныш ұялатқаны – қайда болсақ та кездесуге келгендер белсенділік көрсеткені.

  • Аға буын мен жас ұрпақ арасының алшақтағаны алаңдатады. Тіпті, әке мен бала арасындағы байланыс босаңсып барады. Баланың бүгінгі ермегі, қызығушылығы басқа. Әртүрлі сала мамандарын қатыстыра отырып осы тақырып төңірегінде тағылымды дүниелер берілсе, – деген, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының басшысы, жыр сүйер қауымның жүрегіне ойлы өлеңімен жол тапқан танымал ақын Ғазиз Ештанаев отбасы-ошақ қасынан басталатын қоғамдағы маңызды мәселеге мән берді.

«Бала түгілі, мұғалімдер арасында түсінік жұмысын жүргізу керек» деп өткір мәселені әңгімесіне өзек қылған №8 мектеп-гимназияның директоры Сара Әбдікерова сөзін: «Балаларға арналған арнаулы беттен мақал-мәтел бұрышын ашса, артық болмас еді. Бүгінгі бала сөз мәйегінен ажырап қалды» деп аяқтады. «Біздің ұжым бұл газетке жаппай жазылады. Рухани құндылықтарды насихаттаудағы еңбегіне көп рахмет! Бұдан былай да ұлттық мәселенің мәніне терең бойлап, салт-дәстүрдің жаршысына айналсын» деді, тарихи-археологиялық музей директоры Раушан Қапарова.

  • Қазір қоғамда кәсіпкерлікпен айналысатын қауымға қатысты теріс көзқарас қалыптасып бара жатқан сияқты. Әрине, оның бірнеше себебі бар. Бірақ, бизнес саласында да тек жеке басын күйіттемей, айналасына арайлы шуағын шашып жүрген, қолы ашық «Атымтай жомарт» жеткілікті. Міне, солар туралы танымдық мақалалар жазылса, жастарға үлгі болар еді, бизнесті баюдың көзі ғана деп түсінетін ересектің өзіне ой тастар еді, – деді Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, №16 мектеп директорының орынбасары Қамар Жанасылова.

Ұлт ұясы Ұлытауда еңбек ардагері Есенғали Әбжамалов ақсақал: «Тарихи тақырыпты көп көтеру керек. Оған атүсті қарамай, жан-жақты ізденген жөн. Газетке басылған дүние есте қалады» десе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков: «Ұлытау туралы тарихи ғана емес берідегі, тіпті, тәуелсіздік тұсында танылған тұлғаларды көрсете отырып, жиі жазылғанын қалар едім. Газеттегі оң өзгерістер өрісті болсын!» – деген, тілегін білдірді.

Әлібек ӘБДІРАШ

ҚАРАҒАНДЫ – ЖЕЗҚАЗҒАН – СӘТБАЕВ – ҰЛЫТАУ – ҚАРАҒАНДЫ.