Бас тақырып

«Ойланайық, ой қорытайық, жадымызды жаңғыртайық!»

Енді бір он-он бес жылда адам гибридті ойлауға көшеді дейді футуристер. Яғни, табиғаттан берілген санамыздың мүмкіндігін жер бетіндегі миллиондаған компьютерлердің мүмкіндігі толықтырады. Керек ақпаратты қазіргідей Интернеттен іздеп отырмай-ақ, ойласаң болғаны, көз алдыңнан өзінен өзі-ақ тізіліп жүре береді. Ертегі тәрізді көрінгенімен сенбеске амал жоқ. Себебі, бала кезден мен де, сіз де тыңдап өскен «ұшатын кілем» туралы ертегі шындыққа айналды ма? Айналды. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды ма?». Әрине, алғызды. Осыдан соң, орындалмайды деп көріңіз. Оның үстіне, құмалақ шашып, жауырын қарап бал ашқан емес, зерттеу әдістеріне сүйеніп, болашаққа болжам жасайтын, нақты жағдаяттарға айқын жауаптар беретін ғылым иелері – футуристер айтқандықтан, сенбеске амал жоқ.

БӘРІ КЛИПТЕН БАСТАЛДЫ

Мәселен, Amazon.com фирмасының негізін салушы, бизнесмен Д.Безос өткен жүз жылдықта интернет желісіне қосылған үйлер болатынын айтса, Билл Гейтс үйге бақылау жасап, иесі жоқта кімнің келіп, кімнің кеткенін көрсететін құрылғы болады деді. Сол кезде адам сенгісіз дүние болғанымен, қазір оның бәрі адамзат үшін таңсық емес. Жалпы, цивилизацияның даму қарқынына қарасақ, ғалымдардың болжамы дөп келіп жатқанын көресіз. Кейінгі жиырма шақты жылдың өзінде жаңа технология ой-санамызға үлкен төңкеріс жасады.

Ой-санадағы төңкеріс демекші, бәрі «клиптен» басталды. Кітап жастанып өскен аға буын үшін клипті ойлау – ештеңеге бас ауыртқысы келмейтін, кез келген дүниеге атүсті қарайтын қазіргі жастар. Жалпы, клиптің негізгі анықтамасы – «фрагменттер, үзік ойлар». Яғни, небары үш минуттың ішінде айтар ойды, тіпті, бүкіл өмірді көрсетіп шығу керек болатын дүние. Танымның бұл әдісі түрлі ақпараттар легі төбемізден лақ етіп құйылған сәттен басталды. Статистикаға сүйенер болсақ, жыл сайын желідегі ақпарат көлемі арта түседі, ал, оны толық оқып, сүзгіден өткізу үшін уақыт керек. Ақпарат артты екен деп, адамға уақытты да резеңкеше созып берген ешкім жоқ. Яғни, мидың өзі ол үшін түрлі айлаға барады. Небары бір-екі минутта санаға сіңген ақпарат не сол бетінше қабылданады, не, қажет болмаса, санадан шығып, қала береді. Электронды БАҚ сарапшылары сайтқа кірген адам сол жердегі ақпаратқа кемі екі минут назарын аударса, ол өзі үшін аса маңызды дүниені оқыды немесе білді дегенді білдіреді екен. Ойлап көріңіз, небары екі-ақ минут. Екі минутта оқыған дүниесін тоқып үлгереді ме?! Жоқ.

Ешкім ғылым мен техниканың дамығанына қарсы емес. Оның үстіне, өміріңді оңайлатып жатса, несі айып? Бірақ, бір жақсының бір жамандығы болатынын тәрізді, адамның жануардан ерекшелігін тізбектегенде, алдымен ойлау қабілетін бірінші кезекке қояды емес пе?!

«…адамның миының жұмыс істеу қабілеті компьютеріңізді он орап алады. Басымыздың басым бөлігін кәкір-шүкір қажет емес ақпаратқа толтырып қойғанбыз. Содан Алламыз адамға берген ең асыл қасиет – ойлау, ойлану, ой қорытудан әлеуметтік желідегі жеңіл-желпі ақпаратты қазір көріп, қазір ұмытатын әдетке қарай ойысып бара жатқандаймыз. Ең қиыны – есте сақтау қабілетіміз ортайып, жадымыз жадағайланып барады. Жастардан көбейту кестесін немесе жағырапиядан, болмаса қарапайым бір ақпаратты сұрасаң, қалта телефонына жармасады. Құмарлығы соншама, көшеде келе жатып смартфоннан көз алмайды. Көлік ағылып жатқан көшені кесіп өткенде де қалта телефонынан айырылмайды. Көлік жүргізушілердің бір көзі мен бір құлағы смартфонда. Содан бірталайы құдыққа құлап, жардан жығылып, көлікте авария жасаса да қоймайды. Бұлай әуестену бірлі-жарым болса, ештеңе емес қой. Жаппай жайлап барады. Фанатизм дейміз бе?» деп жазды клипомания туралы белгілі журналист, марқұм Мағауия Сембай.

ТЕХНОЛОГИЯ ҚҰРБАНДАРЫ

Жалпы, клиптік ойлау жүйесінің жағымды және жағымсыз тұстары бар. Осылай ойлауға үйренген жастар бірнеше істі қатарынан атқарып, керемет реакция қалыптастырады. Бір істен екіншісіне жедел ауысып қана қоймай, істі жедел атқарады. Бірақ, ақыл-ойды дамыту үшін қажетті жаңа ақпаратты іздеуге, табуға, салыстыруға және талдауға деген қабілеттен мүлдем айырылады.

Компьютер немесе смартфон көмегіне сүйенген бала сын тұрғысынан ойлау қабілетін бірте-бірте жоғалта береді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу үшін кез келген дүниеге салқынқандылықпен қарап, күрделі логикалық байланыстар құра алған жағдайда ғана адам дұрыс шешім қабылдай алады, – дейді, С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологы Сымбат Берікқызы. Ал, қазір микроқаржы ұйымдарының, деструктивті діни ағымдардың құрбанына айналғандар саны күн сайын артуда. Полиция тарапынан түрлі ескертулер жасалып, алаяқтардың құрбанына айналмауға шақырғанымен, саны артпаса, кеміген емес. Айтпағымыз, ақпаратқа талдау жасап, түрлі ой қорыта алғанның санасын жаулау оңай шаруа еместігінде. Ал, ой-сананы дамыту үшін алысқа барып керегі жоқ. Кітап оқысаңыз болғаны. Бұл туралы Мағауия Сембай «…мұның емі – кітап оқу дейді. Оның ішінде Толстой, Гюго сынды классиктерді оқып, бір сәт ойлануға, ой қорытуға кеңес береді. Қазақтар М.Әуезовтің «Абай жолын», басқа да классиктерімізді қайталап оқыса, денсаулыққа зиян емес қой» деп ой түйеді.

«TIKTOK!» – УАҚЫТ ӨТІП БАРАДЫ

Осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырсақ, телефонмен сөйлесуді де адам соншалықты қысқартты. Ұзын-сонар сөздің орнын «смайликтер» басты. Ал, сезім сөзбен емес, іспен емес, қысқа видеороликтермен алмасты. Осы орайда, пекиндік ByteDance компаниясына тиесілі TikTok мобильді қосымшасы тіпті, таптырмас құрал болды. Жастар арасында аса танымал бұл қосымша қазір Instagram мен YouTube-қа мұрынын шүйіріп те қарамайды. Бірақ, осы TikTok қосымшаңыздан ата-аналар «бүйі көргендей қорқу керек» дейді мамандар. Алдымен, бұған дейін де смартфонға телмірген балаға TikTok шығып тіпті алақай болды. Бірінші зияны – әр түрлі ақпарат салдарынан енді дамып келе жатқан баланың миы шаршағандықтан нейрондардың тежелуіне әкеледі. Салдарынан ойы шашыраңқы жүйкесі тозған, қатарластарымен ой бөлісіп, пікір алмасуға қабілетсіз бала не істейді? Суицидке барады.

Оның үстіне, түрлі қоқыр-соқыр ақпарат салынған жерде отыратын түрлі блогерлер, жазылушылар санын арттыру мақсатында түрлі челлендждерді де ұйымдастырады. Хайп үшін бала тұрмақ, үлкеннің психикасына әсері бар қорқынышты видеолар салады.

Ал, TikTok-та салынған сорақы видео – Абайдың, Алаш арыстарының суретіне жан бітіріп, түрлі қимылдар жасатуы болды. Ойын ойынымен. Бірақ, Әлихан Бөкейханның «атымызды атап, құрмет тұтады» деген ұрпақтары осылай жасаса, кінәні кімнен іздейміз?! Өзімізден бе, TikTok-тан ба?

Tik-tok, tik-tok… Уақыт өтіп жатыр. «Тәңіріміз Адам атты пендесіне ең қымбат өмірді өлшеп бергенде, басқа дүниеге де өлшем, шек болатынын Ұлы Һакім атамыз төбемізден төндіріп тұрып ежіктеп түсіндіріп тұр. Ойланайық, ой қорытайық, жадымызды жаңғыртайық!» деп еді Мағауия Сланбекұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button