Ойдағыдай атап өтті
Кеншілер қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған өскелең ұрпақты отаншылдыққа үндейтін, жастар бойында тәуелсіз туған елге деген мақтаныш сезімін оятатын мерекелік іс-шаралар бір апта бұрын басталды.
Мектеп оқушылары «Көк Тудың желбірегені», «Мен – қазақпын» әндерін орындаудан челлендж, «Рәміздерім – мақтанышым!» атты онлайн-байқау өткізді. Колледждердің студенттері арасында «Мен Туымды сүйемін» атты челлендж ұйымдастырылды. Дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйытқы болған мемлекеттік қызметкерлер арасындағы үстел теннисі тартысты өтті. Шаһар тұрғындарының мемлекеттік рәміздерге қатысты танымын кеңейту мақсатында қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері «Рәміздер – ел беделі» атты сұрақ-жауап сағатын, ал, Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығы «Әнұран, Елтаңба, Ту – рәміздері елімнің» атты викториналық сабақ өткізді. Сондай-ақ, «Рәміздер – ұлт айнасы, бірлік пен елдіктің ұраны» атты тақырыптық онлайн концерттік бағдарламасы көрермен көңілінен шықты.
Қала әкімдігі мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған веложарысқа тұрғындар қызығушылық танытып, белсене қатысты. Оның басталу салтанатында қала басшысы Асқар Ыдырысов: «Мәртебелі мереке биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы атаулы күн аясында арнайы өткізілгелі жатқан бүгінгі веложарыстың мақсаты – мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу мен қастерлеу, патриоттық сезімді нығайту, қала тұрғындарының спортқа деген белсенділігін арттыру», – деді.
Веложарыста мәреден бірінші болып Абзал Алменов өтті. Ал, ІІ және ІІІ орынды Ерасыл Бағдат пен Әзімхан Жандосұлы өзара бөлісті. Барлық қатысушыға ақшалай және естелік сыйлық тапсырылды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
СӘТБАЕВ қаласы.