Қой жүні кәдеге жарамай жатыр
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2018 жылғы 13 қазандағы санындағы журналист Нұрдос КӘРІМНІҢ «Қой жүні шіріп қотанда, пайдасыз болды шопанға» атты мақаласында көтерілген мәселе – ауылдық жерде көптен бері шешімін таппай келе жатқан проблема. Қылшық жүнді еділбай қойының жүні мен терісіне сұраныс болмай қалғанына біраз жылдардың жүзі өтті. Бұл проблема республика көлемінде көтеріліп жүргенімен, әлі түйіні тарқатылған жоқ.
Фермерлер қойларды тері ауруларына шалдықтырмау үшін жүнін қырқып алады. Ал, ол жүн керексіз қалпында, далада әр жерде шашылып жатыр.
Менің мамандығым – зоотехник. Совхозда, ауданның ауыл шаруашылығы саласында мамандығым бойынша қызмет атқардым. Біраз жыл қой шаруашылығына маманданған Карл Маркс атындағы совхоздың директоры болдым. Ол кезде қойдың жүні мен малдың терісіне койылатын талап өте жоғары болатын. Шаруашылықтың өсуі малдан өндірілетін шикізатқа тікелей тәуелді болғандықтан, талапқа сай жұмыс атқардық.
1986 жыл қорытындысында Карл Маркс атындағы совхоз республика- дағы қой шаруашылығын дамытумен айналысатын совхоздардың ішінде жеңімпаз атанды. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру жолында атқарған енбек бағаланып, кеңшар бүкілодақтық социалистік жарыстың корытындысы бойынша КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, БКОК және БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет Грамотасымен және Қызыл Тумен марапатталды.
Қой жүнін сапалы деңгейге жеткізіп, сұрыптау жұмыстарын сапалы жүргізгені үшін совхоздың жүн мен тері шикізатына жауапты маманы Есжан Үсенов ХШЖК-нің (ВДНХ) жеңімпазы атанып, «Моск- вич» автокөлігіне ие болды. Әрине, бұл өткен шақта қалған белес.
Жаңаарқа ауданының әкімдігі бұрынғы жылдары ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктер арқылы қой жүніне қатысты проблеманы шешу мүмкіндігін қарастырған. Сол мақсатта аудан орталығындағы бұрынғы машина-трактор жөндеу мекемесінің базасында «Жаңаарқа Жібек жолы» жүн өңдеу бірлестігін кұруға қажетті құжаттар дайындалды.
- Облыстық жұмыс тобында бизнес-жоспар мақұлданған болатын. Жүнді жуып, тазалап, текшелеп, Қытайдағы «ХІНҮ- UАН DELAH ІМРОRТ АND ЕХРORT СОМРА- NҮ ХІNРАNG» жүн өңдеу зауытына өткізу туралы келісім де жасалған. Бірақ, осы бастама аяқсыз қалды. Кәсіпкер несие ала алмады, басқа да кедергілер болды.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жол- дауында «Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек» деп атап өтті. Әрине, шикізатты шетелге өткізумен мәселе шешілмейді. Білімді, тәжірибелі мамандарды ауылға тартып, кәсіпорын ашып, жүн мен теріні жергілікті жерде өңдеп, одан киім-кешек тігетін цехтар салу қажет. Қолдау көрсетілсе, Жаңаарқа ауданы шаруашылығының потенциалдық мүмкіндігі жеткілікті. Аудан орталығы арқылы теміржол, автокөлік жолдары өтеді. Шикізат та мол. Жұмыссыздықты жою жолындағы игілікті істің бірі осы болар еді.
Бейбіт ҚАСЕНОВ,
ауыл шаруашылығы саласының Құрметті ардагері. ЖАҢААРҚА ауданы.