Руханият

«Ой-орда» клубы ашылды

Білім-ғылым іздеген, дүниенің құпиясын ашпаққа ұмтылған оқырманның табылар жері – киелі кітапхана. Өзінің айтар ойы бар өрелі оқырмандар бас қосса, пікірталас туады. Түрлі салаға байланысты көзқарас айтылады. Осыны негізге алып, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімі жанынан «Ой-орда» пікірлесу клубы құрылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Клубтың салтанатты ашылуына ғалым­дар, кітапханашылар, студенттер және кі­тап­­хананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Кітапхана директоры Айнұр Шаймұханбетова шараны ашып, оның жұмысына сәттілік тіледі.

Клуб жетекшісі – Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы, тәжірибелі маман Сандуғаш Орынбайқызы. Ол өлкеміздің қаламгерлері һәм өрелі оқырмандарын жақсы танитын, осы бағытта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кәнігі кітапханашы.

Клуб білім іздеген жастар арасынан сапалы орта құрып, туған өлке туралы білімді терең меңгертуді, дамытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды және клуб мүшелерінің мәдени интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған ғылыми-әдеби, мәдени шаралар ұйымдастыру мақсатын көздейді.

Клубтың алғашқы отырысы ақын, қайраткер, «Елін сүйген ерлер» партиясының негізін қалаушы Бүркіт Ысқақұлының 100 жылдығына арналды.

Шараның «Елін сүйген ердің ізі» атты бөлімінде Б.Ысқақұлының еңбегі мен шығармашылығы туралы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әділет Жағыпар кеңінен әңгімелеп берді.

Іс-шара барысында өлкетанулық «Ой ширату», «Бүркіт Ысқақовты қанша- лықты білеміз?» викторинасы ұйымдас­тырылды. Бұдан бөлек, автордың «Ағаның ақылы» атты пьесасын бірге оқып, оқырманға айтайын деген ойы ортаға салынды. Арнайы жиылған жұртшылық назарына кітап көрмесіне әдеби шолу ұсынылды.

Клуб мүшелігіне талапты әрі өзі қызығып келген ерікті оқырмандар қабылданды және оларға арнайы даярланған белгіше таратылды. Сондай-ақ, келесі отырыстардың жоспары талқыланып, бекітілді.

Кездесу барысында жастар көкейінде жүрген сауалын қойып, оған тұшымды жауап алды. Әсерлі әңгіме тыңдап, өз ойларын ортаға салды. Ізгі тілегін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

– Жастардың өз бетімен ізденуге, білім алу және жалпы шығармашылық белсенділігін арттыруға көзделген клубтың жұмысына сәттілік тілейміз. Кітапхана жанында бірнеше жыл бұрын «Жыр-жау­һар» поэзия клубы құрылып, кейін ол үлкен шығармашылық орталыққа айналған. Оның мүшелері бүгінде елімізге танымал қаламгерлер. Жаңадан негізі қаланып жатқан «Ой-орда» клубы да болашақта кітапханаға оқырмандарды шақыратын ауқымды орталыққа айналсын, – деді ақын Еркебұлан Елеусізұлы.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button