Облыс полицейлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізді

Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында Қарағанды облысының Полиция департаментінің жергілікті және әкімшілік полиция қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның өкілдерімен бірлесіп, «Жолда қабылдау» акциясын өткізді.

Сурет: Полиция департаментінен алынды

Іс-шараға жылдың басынан бері 19 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 16 адам қаза тауып, 18-і әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған Абай ауданының жол учаскесі таңдалды. Апаттың алдын алу және жол қозғалысына қатысушыларға әсер ету мақсатында күре жолға екі ескерту баннерлері, апаттан кейінгі автокөліктің қаңқасы, полицияның қатысу әсерін жасау үшін патрульдік автокөліктің екі муляжы және апаттық учаскелерде төрт жарықдиодты страбоскоп орнатылды.

– Акция барысында полиция қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» мамандары жүргізушілермен жылдамдықты шектеу, маневр жасау және қарсы жолаққа шығу ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, көлікті ұзақ уақыт жүргізу кезінде демалыс режимін сақтауға назар аударып, жол қозғалысына қатысушылардың барлығына ақпараттық және ескерту парақшаларын табыстады.

Сонымен қатар, біздің қызметкерлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шетелде тіркелген көліктерді заңдастыру, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар бойынша консультативтік-құқықтық көмек көрсетті, – деді облыстық жол полициясы басқармасының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Полицейлер мұндай шараларды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесісі Қарағанды – Балқаш – Приозерск тас жолының учаскесінде өтпек.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.