Облыс орталығында – оң өзгерістер
Дүйсенбіде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бастаған жұмыс тобы облыс орталығын аралап, көмір сату орны мен қаламыздағы құрылыс, балабақша, емхана нысандарын, жөндеуден өткен аулаларды аралады.
Қамданған қапы қалмайды
Алдымен, жұмыс тобы 132-ші есептік кварталдың №4 учаскесіндегі көмір сату орнына табан тіреді. Мұнда көмірдің көтерме-бөлшек қоймасы бар.
– Қазіргі күні қоймада көмір жеткілікті. Шамамен 9 мың тоннаға жуық көмір бар. Жағдай – тұрақты. Тәулігіне шамамен 200 жүк көлігіне көмір тиеп береміз. Бұл – 1000 тоннаға жуықтайды. Облыс әкімдігінің тұрғындарды ақпараттандыру жұмысының нәтижесінде жерлестеріміз қысқа екі ай бұрын қамдана бастады. Әрине, өткен жылмен салыстырғанда көмір алам деушілер әлден сатып алуда. Баға да бұрынғыдай. Мәселен, Шұбаркөл көмірінің 1 тоннасы 11100 теңгені құраса, Екібастұз көмірі – 10000 теңге. Кузнецкий көмірі – 8300-8500 теңге аралығында. Таңғы 8.00-ден бастап, соңғы сатып алушыға дейін қызмет ете береміз, – деді «Жалынды Отан» ЖШС қойма учаске басшысы.
Өз кезегінде, облыс әкімі көмір бағасын әлде де арзандату мәселесін алға тартты. Аталған серіктестіктің коммерциялық директоры Александр Папковпен әңгімелесіп, баға мәселесіне қатысты сөз қозғады. Сонымен қатар, осы учаскеде көмірді ұсақтау қондырғысы да іске қосылмақ. Осы күні қондырғыны орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс жұмысы – қарқынды
Бұдан әрі жұмыс тобы жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған «Алфарух» ЖШС «Қарағанды» көтерме-тарату логистикалық орталығына ат басын бұрды. Қазіргі күні аталған орталықтың құрылыс жұмыстары аяқталуда. Құны 10 млрд. теңгені құрайтын жобаға «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілген.
Өз кезегінде, аймақ басшысы құрылыс алаңында болып, салынған қойма ғимаратын аралап шықты. Компания басшылығының айтуынша, нысандар әзірлігі қазіргі таңда 80-90%-ды құрайды. Алдағы екі ай көлемінде инвестор құрылыс жұмыстарын аяқтап, барлық қажетті құрал-жабдықтарды орнатып, төртінші орамда логистикалық орталықты іске қоспақ.
Құрылыстың жалпы ауданы – 21 гектар. Мұнда азық-түлік сақтауға арналған қоймалар орналасады. Қойма және логистикалық қызмет түрлерінің толық кешені қарастырылады. Контейнерлік алаңдар, кедендік рәсімдеу аумағы жабдықталады. Жасалған жағдай теміржол арқылы және автожолдармен жеткізілген тауарларды қабылдауға мүмкіндік береді. Азық-түлікті сақтау үшін қазіргі заманғы әмбебап тоңазытқыш камералар орнатылады. Нысан бір мезгілде 12 мың тонна зат сақтауға негізделген.
Жоба жүзеге асқан жағдайда аймағымыздағы тауар бағасы төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс орталығында қосымша жұмыс орындары пайда болып, электронды саудаға арналған алаң жасақталмақ. Кейін, кәсіпорынның даму барысында логистикалық орталықты кеңейтудің екінші кезегі жалғасады. Ол 2019 жылға жоспарлануда.
Бұдан кейін жұмыс тобы Республика даңғылы бойындағы құбыр тарту жұмысының қазіргі қарқынымен танысты. Қарағанды тұрғындары білетіндей, Республика даңғылы мен Кеншілер даңғылы қиылысатын тұстан бастап, Республика даңғылы Мұқанов көшесімен қиылысар тұсқа дейінгі аралықтағы жаяу жүргіншілер жолы, гүл бағы қазылып, жылу құбырлар ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жұмыс осы айдың соңына дейін тәмамдалады деп жоспарлануда. Мердігер – «АСТАНАИЖКОМСТРОЙ» ЖШС. Қазіргі күні жұмыс барысын тежеп тұрған – Ресейде өндірілетін құбырлардың уақытылы қолға тимеуі. Дегенмен, мердігер компания басшысы облыс әкімін барлық жұмыс 25 қыркүйекке дейін аяқталады деп сендірді.
Жұмыс тобы бұдан әрі Кеншілер даңғылы бойында Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында бой көтеріп жатқан 16-18 қабатты тұрғын үй құрылысы алаңында болып қайтты. Мұнда Мемлекет басшысы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы аясында 128 пәтер салынуда. 2018 жылдың ІІ-тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары келер жылдың IV-тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Салушы – «Ашур Альянс» ЖШС.
Бұл нысанға іргелес «Комфортный дом» тұрғын үй нысаны бой көтеруде. Тиісінше, жұмыс тобы да осы нысанға табан тіреді. Бас мердігер – «Eurasia Building» ЖШС. 2018 жылдың І-тоқсанында басталған нысан құрылысы 2019 жылдың І-тоқсанында дайын болады деп күтілуде. Өз кезегінде, компания басшылығы облыс әкіміне Қарағанды шаһарын шырайландырудың өзге де жобаларын ұсынды. Облыс орталығындағы тоғандардың бірін таңғажайып демалыс орнына айналдыруды көздепті компания мамандары. Бұл бастаманы аймақ басшысы да қолдап, жуық арада қолға алу қажеттілігін тілге тиек етті. Ал, аталған құрылыс компаниясы 2019 жылы 16120 шаршы метрді құрайтын 260 пәтер салуды көздесе, 2020 жылы 30000 шаршы метрлік 430 пәтер, 2021 жылы 40000 шаршы метрлік 615 пәтер, 2022 жылы 60000 шаршы метрлік 1000 пәтер, 2023 жылы 60000 шаршы метрлік 1000, 2024 жылы 60000 шаршы метрлік 1000 пәтер, барлығы шаршы метрлік 266120 шаршы метрлік 4305 пәтер тұрғызбақ ойда.
Балабақша кезегі барынша оңтайланады
Сонымен қатар, жұмыс тобы ОңтүстікШығыс шағын ауданында орналасқан «Дарынды бала-3» жекеменшік балабақшасының жұмысымен танысты. Мұнда тәрбие жұмыстары ғалым, психология ғылымдарының докторы Айжан Изақованың авторлық әдістемесімен жүргізіледі.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша бұл мекеме қаламызда бірінші болып инклюзивті білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіпті. Жекеменшік балабақша ерекше білім беру қажеттіліктерін талап ететін балаларды қабылдауда. Мұндай әрбір балаға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша 56 мың теңге бөлінеді. Яғни, қарапайым топтарға қарағанда екі есе көп.
Кездесу кезінде қалалық білім бөлімінің өкілдері облыс әкіміне балабақшаларға электрондық кезек енгізу мәселесі турасында айтты.
– Жүйеде барлық балабақшалар мен ондағы бос орындар туралы толық мәліметтер келтірілген. Ата-аналар оған қашықтықтан – үйдегі компьютерден немесе ұялы телефондарынан ене алады. Онда балабақшаның фотосуреттері мен сипаттамасы жазылған. Жүйе бір орында тұрып қалмай, күн сайын алға жылжып, даму үстінде. Оны құрушылар біздің өтінішіміз бойынша ата-аналар үшін әр қадамды – не істеу керек, қандай жайттарға назар аудару керектігін жан-жақты түсіндіріп жазған, – деді жалпы және орта білім секторының меңгерушісі Наталья Головина.
Ай сайын жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға байқау жүргізіледі. Осылайша, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде төлемақы құны теңдестірілді. Ата-аналар ай сайын 11 000 теңге төлесе, бюджеттік өтемақы 26000 теңгені құрайды.
– Біз өткір тапшылықты жойдық. Қазір қаламыздың балабақшаларында 1500-ден астам бос орындар бар. Ал кезекте 1380 бала тұр. Электрондық кезек жүйесі бойынша 7200-ден астам адам тіркелген. Егер осыған дейін атааналар мемлекеттік балабақшаларда орын босағанын күткен болса, енді ондай қажеттілік жоқ. Таңдау мүмкіндігі пайда болды. Мәселен, мемлекеттік немесе жекеменшік, қай жерде шарттар жақсырақ, үйге немесе жұмысқа қайсысы жақын. Жыл соңына дейін бізде тағы 2000 баланы орналастыруға мемлекеттік тапсырысқа қаражат бар, – деді Наталья Головина.
Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларда енді екі жастан бастап қабылдайтын сәбилер тобы көбейді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Қарағандыда 280 орынға негізделген тағы бір балабақша ашылады. Ол – Пришахтинскідегі 23-ші ықшам ауданында орналаспақ.
Жылына 100 аула жөнделмек
Мұнымен қоса, жұмыс тобы Степной шағын ауданындағы аулаларда жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысып, пәтер иелерінің кооперативі басшылығымен тілдесті. Және де, Гапеева көшесіндегі жөндеуден өткен аула, саябақ жұмыстарымен танысып, балалар базарлығына айналған орындардың хал-ахуалын назарға алды. Қарағанды шаһарында жыл сайын 100 аула жөнделмек. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстар нәтижесіне 300-ге жуық аула түрленіп үлгереді деп күтілуде. Аймақ басшысы аула аралау барысында тұрғындармен де тілдесіп, аула мәселесіне, басқа да өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Орынбасарларына тиісті тапсырмалар беріп, абаттандыру мәселесін де назардан тыс қалдырмау қажеттілігін алға тартты.
Облыс орталығында – жаңа емхана
Аймақ басшысы қаланы аралау жұмысын Можайск 13 мекенжайында орналасқан №8 емханада түйіндеді. Яғни, облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласында жаңа жоба жүзеге асырылуда. Можайск көшесінің бойындағы бұрынғы бизнес-орталығының ғимаратында қала орталығындағы тұрғындарға қызмет көрсететін №8 емхана ашылуда.
Жаңа медициналық мекемеге табан тіреген аймақ басшысы бұл жобаның өзектілігін ерекше атап өтті. Мекеме «қадам басым жер» қағидасы негізінде халықты алғашқы медико-санитарлық көмекпен қамтамасыз етіп, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл денсаулық сақтау жобасына құйылған инвестиция 440 млн. теңгені құрады. Жаңа емхана ғимаратында күрделі жөндеу жүргізіліп, қазіргі таңда заманауи құрылғылар сатып алынуда. Штат жасақтау жайы да күн тәртібінде тұр. Сонан соң барып лицензия рәсімделеді.
– Қазанда біз денсаулық сақтау субъектілері базасына енуді жоспарлап отырмыз. Сонан соң, ниет білдірушілер біздің емханаға тіркеле алады. Қызмет көрсету 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бізде учаскелік дәрігерлер қызметі де, кеңес беру, диагностика қызметі де атқарылатын балады. Тіркелген емделушілер кепілді тегін медициналық көмекті толық көлемде алады. Сонымен қатар, күндізгі стационар, физио ем-шаралар, массаж кабинеті қарастырылған, – деді «Қарағанды қаласы №8 емханасы» ЖШС бас дәрігері Маргарита Засухина.
Емхана бір ауысымда 150 келушіге арналған. Мекеме шамамен 20-30 мың халыққа қызмет көрсетуге қауқарлы.
Суретті түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»