Бас тақырып

Облыс әкімі грантына өтінім қабылдау жүріп жатыр

Өздеріңізге мәлім, жыл басынан бері жастарға бизнес-бастамаларын іске асыру мақсатында облыс әкімінің гранты берілген болатын. Осындай қолдаудың арқасында 50 жас өз кәсібін ашып үлгеріпті. «Кәсіп бастап, дөңгелетемін» деген ниеті бар жандар 29 қарашаға дейін уақыты бар. 18-34 жас аралығындағы облыс тұрғындары грантқа қатысуға өтінім бере алады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Ұлан Омаров:

– Биыл конкурс жаңартылған форматта өткізіледі. Гранттар мәдениет, ғылым, ақпараттық технологиялар, бизнес сияқты бағыттар бойынша берілетін болады. Қатысушылар арнайы конкурстық комиссия алдында бизнес-жобаларын қорғауы тиіс. Жобаларды іріктеу, бағалау кезінде өзектілігі, сұранысы, әлеуметтік әсері ескеріледі, – деді.

Қарағандылық Гүлшат Әлімжанованың мамандығы – логопед. Осы жылы грант жайында толығырақ ақпарат біліп, конкурсқа қатысуға бел буған. Нәтижесінде жеңіске жетіп, 2 млн. теңге жеңіп алады. Сөйтіп, бизнес жоспары бойынша Майқұдықтан түзету кабинетін ашады. Қазір онда үш маман жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Қазірдің өзінде осы орталыққа екі жастан асқан 30 бала келетін көрінеді.

– Әлеуметтік желілерде гранттар беруге арналған конкурс туралы хабарландыруды көрдім. Менде «Неге тырыспасқа?» деген ой келді. Негізі кабинет ашу идеясы көптен бері ойымда жүрген. Тәжірибем жеткілікті. Әрі балабақшада 12 жыл жұмыс істегенім бар. Сөйтіп көп ойландым. Негізі, Майқұдықта дамыту орталықтары бар. Бірақ, онда мемлекеттік тілді білетін мамандар жоқтың қасы. Сондықтан, осының бәрін ескере отырып, өз орталығымды ашқым келді, – деді Гүлшат Әлімжанова.

Саран қаласының тұрғыны Анар Гизатулина да облыс әкімінің грантын иеленіп, «Уникум» даму ерекшеліктері бар балаларға арналған түзету кабинетін ашқан. Бүгінде ол жерге күніне 10 балаға дейін келетін көрінеді. Балалармен логопед-дефектолог, психолог, сенсорлық терапевт мамандары жұмыс істейді.

– Мен мұғаліммін. Әрі ерекше баланың анасымын. Өз басым инклюзия мен түзету әдістерін бүге-шігесіне дейін білемін. Қолымнан келетінін біле тұрып, осы жобамды іске асырамын деп шештім. Қазірдің өзінде келіп жүрген балаларда нәтиже бар. Даму және әлеуметтік тұрғысынан өте жақсы, оң динамика байқалады. Біз әр баламен жеке жұмыс жасаймыз. Және барынша ата-аналармен де тығыз қарым-қатынастамыз. Көп кеңес береміз. Себебі, мұндай жағдайда ата-аналар не істерлерін білмей жатады, – деді әлеуметтік кәсіпкер.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button