АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыс әкімі: 2025 жыл Қарағанды облысы үшін жүйелі даму жылы болды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев “Saryarqa” телеарнасына берген сұхбатында өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығарды. Ол қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалап, жетістіктермен қатар, белгілі бір бағыттарда туындаған қиындықтарды да жасырмай айтты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Кейбір шешімдер күткендей нәтиже бермеді деу дұрыс емес. Кей жағдайларда нәтиженің көрінуі үшін уақыт қажет. Иә, инфляция мәселесі бар. Осыған байланысты біз тауарлық интервенциялар жүргіздік, жәрмеңкелер ұйымдастырдық, ӘКК арқылы жеткізілімдерді қамтамасыз еттік, бірқатар тауарлардың бағасын бақылауға алдық және нан-тоқаш комбинаттарына арзандатылған ұн жеткіздік. Жыл басында жағдай күрделі болды, алайда қазір инфляцияның бәсеңдегенін байқап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Жетістіктер қатарында өңір басшысы тұрғындардың күнделікті өміріне нақты әсер еткен жобаларды атап өтті.

– Ауылдық елді мекендерде жаңа медициналық пункттер ашылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін маңызды қадам. Қарқаралы ауданында көп жылдан бері шешілмей келген ауызсу мәселесі «Жарлы – Қарқаралы» су құбырын салу арқылы түбегейлі шешілді. Енді тұрғындар таза суды негізгі магистральдан алады. Приозерск қаласында бұрын болмаған ДСК іске қосылды. Ал Қарағанды қаласында ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа өндіріс орындары ашылды, – деді ол.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев Qarmet металлургиялық комбинатындағы оң өзгерістерге, өндірістің жаңғыртылуына және оның өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.

– Жалпы алғанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң бағытта. Біз алға қойған мақсаттарымызды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз, – деп түйіндеді өңір басшысы.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button