Жаңалықтар

Оң өзгерістер жалғаса береді

Сот саласы қызметінің республика өмірінде алатын орнының қаншалықты екендігі айтпаса да түсінікті. Соған орай, Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытында сот-құқықтық реформасын үздіксіз жүргізіп келе жатыр. Соның нәтижесінде, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот, әкімшілік сот, әскери сот табысты қызмет атқарып, бұрын болмаған мамандандырылған жасөспірімдер соты мен қаржылық сот пайда болды.

Аудандық (қалалық) соттардың өзі қылмыстық істер мен азаматтық істерді қарайтын болып, мамандандырылды. Осылардың барлығы соттағы істердің қаралу сапасын арттыру, әділ сот шешімін шығару кезінде заңдылықты сақтауды көздейді. Сонымен қоса, сот қауымдастығы мен тиісті мемлекеттік билік органдарының барлық күш-жігері сот билігінің абыройы мен беделін арттыруға, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сот қызметкерлерін принципшілдік, әділдік пен адалдық рухында тәрбиелеуге бағытталуда.

Осы жұмыстардың барлығы Елбасымыз – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен жүзеге асырылуда. Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарында Президентіміз ел қауіпсіздігі жайлы қабылдаған қандай да болмасын маңызды құжаттарда және өзінің жыл сайынғы Жолдауларында сот билігін нығайту ісіне соқпай өтпейді. Бұл да сот билігінің маңыздылығын еселей түссе керек. Осындай жұмыстардың және бүгінгі күні жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың оң нәтижесі болса керек – кейінгі жылдары тұрғын халықтың сотқа деген сенімі бұрынғыдан әлдеқайда арта түсті. Өзінің заңды құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында халықтан өтініш жиі түсе бастады. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне, әрекеттері мен қаулыларына шағымданумен байланысты істер саны көбейді. Бұл дегеніңіз – халықтың заңға деген сенімі, демократияға ден қою үрдісі деген сөз.

Алдымызда Қазақстан Республикасы Судьялар одағының кезектен тыс VІІ съезі өткелі тұр. Судьялардың ең алғашқы съезі 1996 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында өткен еді. Сол съезде құқықтық реформаны жүзеге асырудағы судьялардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мақсатында және судьялардың міндетінің маңыздылығын ескере келіп, республикалық қоғамдық бірлестік негізінде Судьялар одағы құрылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде съезд төрт жылда бір өткізіліп келеді. Бұл съезд мемлекеттің судьялар қауымдастығының ең жоғарғы форумы болып табылатындықтан, онда еліміздің үшінші билігінің қызметіне қатысты маңызды мәселелер талқыға түседі.

Осы өткен уақыт ішінде сот төрелігін жүзеге асыру, сот шешімдерінің орындалысы, сот жүйесі қызметкерлерінің моральдық-этикалық нормаларын сақтауы, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесінің қорғалу деңгейі, соттағы істердің қаралу және олар бойынша қабылданған шешімдердің орындалу мерзімін қысқарту сияқты маңызды мәселелер сөз болды. Бұған дейін алты рет өткен съезде судьялардың қызметіне қатысты көптеген құжаттар қабылданды. Соның нәтижесінде сот билігі бұрынғы бес сатыдан қазіргі үш сатыға көшірілді. Судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығына толық құқықты мүшелікке өтті. Сот жүйесі әрқашан нығайып, судьялар қызметінің заңнамалық базасы тұрақты жетілдіріліп келеді. Қоғамды демократияландыруды одан әрі жүзеге асыру мақсатында алқабилер институты енгізіліп, ол өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бұған қоса күдіктілерге тұтқындау түріндегі бұлтартпау шараларын сот шешімі арқылы қолдану да тәжірибеге айналып отыр. Облыстық соттардың және Сот қазылар алқасының пленарлық мәжілісінің жұмыс әдісі қайта қаралды. Резервке қабылданатын болашақ судьяның кандидатурасы облыстық соттың пленарлық мәжілісінде бекітіледі.

Кейбір дауларды сотқа дейін шешу мақсатында «Медиация туралы» заңы да қолданылуда. Мұнда бітімгершілік ісіне тартылғандар ежелгі билер дәстүрін қолдануға тырысады. Мұндай заң судьялардың жүктемесін азайта түсері даусыз.

Соттар саласындағы тағы бір жаңалық – ақпараттық технология жетістігі. Бұқаралық ақпарат құралдарымен арадағы байланысты нығайтудың арқасында соттың ашықтығына жол ашылды. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, Жоғарғы және облыстық соттардың Интернет кеңістігінде болуы, сот үрдісі кезінде сотталушы мен адвокаттың қатысуымен бейне-конференц байланысты пайдалану, азаматтардың өзінің соттағы құжаттарының қозғалысын Интернет арқылы біліп отыруы сот жүйесінің бүгінгі күнгі жүргізіп отырған шаралары.

Біздің Судьялар одағының кезектен тыс VІІ съезі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен сәйкес келіп отырғандықтан, бізге – судьяларға зор міндеттер жүктейді. Біздің Қазақстан демократиялық ел болғандықтан адам, оның құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық болып саналады. Соған орай адамның бас бостандығына, оның тағдырына жауапты сот жүйесін, судьялардың мәртебесін және оны өкілеттікпен қамтамасыз ету тәртібін, соттарды қаржыландыруды ұйымдастыру мәселесі Ата заңымыз – Конституция деңгейінде реттелгендігін ерекше атап өтуіміз қажет. Оған судьялардың өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асырудағы еріктілігі мен тәуелсіздігі дәлел бола алады. Конституциямен бекітілген құқықтық әлеует сот төрелігін әділ жүзеге асыру үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Бұл съезде де республика сот жүйесінің өткен төрт жыл ішінде атқарған жұмысына қорытынды жасалады, сот төрелігін жүзеге асырудың алдағы уақыттарға арналған басым бағыттары белгіленеді. Негізінен алғанда соттардың жұмысының бұрынғыдан әлдеқайда өсе түскендігін атап айтуымыз қажет. Бірақ, соған қарамастан істерді қарау кезінде процессуалдық мерзімді бұзуға жол берілген жоқ деуге болады.

Екі съезд аралығында сот жүйесінде де, тұтастай елімізде де көптеген түбегейлі өзгерістер болды. Көптеген жаңа кодекстер мен заңдар қабылданды, сот төрелігін жүзеге асырушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Соған қарамастан осылардың барлығы жинақталып келіп, қазіргі қолданыстағы Судья әдебі Кодексін жаңарту және оны жетілдіре түсу қажеттігін талап етіп отыр. Сондықтан да, алдымызда өткелі отырған съезде Әдеп кодексінің жобасы талқыланбақ. Онда судьялардың ар-ұяты мен абыройына баса көңіл бөлінбек. Осы құжатқа сәйкес азаматтар судьялар қоғамдастығының тиісті органына жүгініп, судьяның әдеп нормасын бұзғандығы туралы деректі хабардар ете алады. Жаңа Кодекс жобасының жаңалығы көп болғандығына қарамастан, қазіргі қолданыстағы Кодекспен сабақтасып жатыр. Сонымен қоса, онда соттың әдебі мен судьяның әдебі туралы түсінік беріледі. Өйткені, бұл ұғымдар бір-бірімен пара-пар ұғымдар емес.

Тағы бір айта кететін мәселе – бұл жаңа Кодекс жобасы барлық облыстық соттарда талқылаудан өтті. Біздің облыстық сотта да талқыланды. Біз жобаны мұқият оқып шығып, оған өзіміздің пікірімізді білдірдік. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжат заманауи талаптарға толық сәйкес келеді және ол судьялардың беделінің арта түсуіне қолайлы жағдай жасайды деп ойлаймыз.

Ақмарал ДАНЕНОВА,

Қарағанды облыстық

сотының судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button