Бас тақырыпКоронавирус

Оқытуда олқылық жоқ

Елімізде қауіпті пандемияның таралуына жол бермеу және азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында енгізілген төтенше жағдайға байланысты, ҚР БҒМ 2020 жылғы 12 наурыздағы №4-14-5/1026-И хатының негізінде, 16 наурыздан бастап, ел аумағындағы барлық білім алушылар қашықтықтан оқуға көшкен еді. Аймақтағы 12 жоғары оқу орнының 45 мыңға жуық, Техникалық және кәсіби білім беретін 70 колледждің 37 мыңнан астам білім алушысы да осы жүйеге ауысты. Басталғанына бір айға жуық уақыт болған жүйенің қыр-сырына үңіліп көруге тырыстық…

Жалпы, облыс орталығындағы бірнеше жоғары оқу орнына хабарласқанымызда олардың жұмыла жұмыс істеп жатқандарына куә болдық. Оқу орындары «Мен – үйден оқимын» деген сияқты хэштегтермен бір-біріне қолдау көрсетуде.

Оқыту процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сай жүргізілуде. Білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалған. негізінен оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылуда. «Bilimland», «Google Classroom», «MOODLE», «Univer», «Platonus», «Canvas», «Daryn. online», «TeamViewer Pilot», «Kahoot» сынды мүмкіндігі мол жүйелерін және «ZOOM» сервисін тегін пайдалануда. Шындығында, жоғары оқу орындары үшін қашықтықтан оқыту жүйесі жаңашылдық емес.

Өйткені, аймақтағы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті қашықтықтан оқыту технологияларын енгізу бойынша Қазақстандағы бірінші университет. Оқу ордасы барлық қажетті материалдық-техникалық базаға және оқу үрдісінде аталмыш технологияны пайдаланудың бай тәжірибесіне ие.

– «КЭУК студенттерінің техникалық жабдықталуына талдау жүргіздік. Нәтижесінде білім алушылардың 90%-дан астамы жеке компьютерлермен және ғаламтормен жабдықталғаны анықталды.  Қалған студенттер мен оқытушыларға университет жеке қолдануға ноутбук, моноблок, компьютер, веб-камера, құлаққап және басқа да қажетті техникалық құралдар бөлді», – деді оқу ордасы баспасөз орталығының  жетекшісі Айнұр Әбдиева.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенттері, магистранттары мен докторанттары да қашықтықтан оқытылуда. Университет оқу үдерісін қашықтан ұйымдастыруға алдын ала дайын болған. Себебі, мұнда да 2010 жылдан бастап білім беру қашықтықтан оқыту түрінде жүргізіліп келеді.

Университетте 850-ден астам профессорлық-оқытушылар құрамы дәріс, практикалық сабақтарды жүргізуде. Күн сайын оқу кестесіне сәйкес, 1000-нан астам дәріс, 900-ден астам практикалық сабақ, 800-ден астам студенттің өздік жұмысы онлайн түрінде ұйымдастырылуда.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде де қашықтықтан білім беру технологиялары бірнеше жыл бұрын енгізілен екен. Күн сайын университет оқытушылары 15 000-ға дейін тапсырманы жүктейді, тексереді және бағалайды. Университет кітапханасының сайтында барлық оқытушылар мен білім алушыларға – ҚарМТУ Профессорлық-оқытушылық құрамның сертификатталған электрондық оқулықтары бар.

Осы оқу ошағының Шет тілдер кафедрасының оқытушысы Назым Несіпбаеваның айтуынша, студенттер де қашықтықтан сабақ беруге дағдыланған. «Студенттерге арнайы жүктелген тапсырманы орындап, қайта орналастырып қоюына шектеулі уақыт береміз. Үлгермесе қабылдамаймыз. Бұл жауапкершілікке тәрбиелейді. Ал, ауылда тұратындарға жеңілдік бар. Оларға түсіністікпен қараймыз» – деді ол.

Облыстағы келесі іргелі оқу орындарының бірі – Қарағанды медицина университетінің студенттері де өзге оқу орындары сияқты қашықтықтан білім алуға көшкен. Жатақханада Пәкістан мен Үндістаннан және өзге де шет елдерден келген студенттер ғана қалған. Оларға жатақханада  барлық жағдай жасалған. Сыртқа тек қажеттілік үшін ғана шығады.

Ал, облыс аумағындағы колледждерге келетін болсақ олар да өз деңгейінде бар мүмкіндіктермен қамтылған.

– «Karmedinter.college.kz. сайты арқылы қашықтықтан білім алудамын. Өзімнің логинім мен құпия сөзім бар. Барлық сабақтан өз тобымызға берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, баға алып жүрмін. Шыны керек, шамалы қиындау, көзбе-көз оқығанға жетпейді және көбіне ғаламторға жүгінеміз. Ал, сайтқа әлі кіре алмай, ауылда интернетсіз отырғандардың бағалары төмендеп бара жатыр», – деді Қарағанды медицина интерколледжінің 3 курс студенті Айнұр Қарсақова.

Қорыта айтсақ, барлық оқу ордасының студенттері үйлерінде жатып-ақ, емін-еркін онлайн білім алуда. Ауылдық жерлердегі кейбір қиындықтарды есептемегенде, оқу бағдарламасы толық орындалуда. Оқитын адам, қашықтықтан-ақ білім алып, өз мамандығының шебері атануына негіз бар. Тек, таудай талап пен ынта керек…

Бастысы – Біз біргеміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button