Оқырман мен «Сүйекші» жүздесті
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Әділ қоғам» жобасы аясында «ZERDE» әдеби клубының мүшелері Дулат Исабековтің «Сүйекші» кітабын талқылады.

Кітаптың терең философиялық мәні мен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруі оқырмандардың қызығушылығын арттырды. Талқылау барысында клуб мүшелері тіршіліктен сый көрмеген, тек әділетсіздік пен қорлықтан жапа шегіп өмір сүрген кітаптың басты кейіпкері Тұңғыштың өмір жолын талқылады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен оның өмірге деген көзқарасы туралы пікірлер алмасып, әрқайсысы ойларымен бөлісті.
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Бүркіт Олжабай өмірден жапа шегіп, қорлық көрген басты кейіпкер Тұңғыштың тағдырына өзі өмір сүрген орта кінәлі деп ой түйді. Алуа Қанатқызы кейіпкердің «Бала болса болған шығар, балалық шағы болған жоқ. Өзгелер құсап ол күлмейді, күлдірмейді. Қымыз ішіп, қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қарағысы да келмейді, себебі ата-анасынан айырылып, өмірден көп теперіш көрген бала ештеңеге қызықпайды» деп ойын жеткізді.
Қатысушылар шара соңында жазушының сүйекші аталған Тұңғыштан асылдың сынығындай, жаныңды суырып беруге дайын тұратын сенімді бейне туғызуын шеберлікке балап, ой түйді.
Сүйекші аталған Тұңғыштан сенімді бейне туғызды. Автор повесі арқылы әділдікке, әсемдікке құштарлық жоғалған жерде адамның адамдығы қоса құрбан болатынын шебер дәлелдегенін айтты.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»