Жаңалықтар

Қоңыр үнді Қорабай

Қорабай ағамызбен жеке, жақын таныстығымыз 2000 жылдардың бас кезінде басталған еді. 2001 жылы көкшетаулық інілерімнің басын біріктіріп, өзім мектеп бітіріп, өсіп-өнген Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылында мешіт салып беру қамымен жүрген болатынмын. 2003 жылы мешіт құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанатында жиылған халыққа, сырттан келген қонақтарға жаңаарқалық әншілер орындауындағы әндер жинағын тәбәрік-шашу ретінде тарату үшін арнайы әндер жинағын шығармақ болдық. Алдында 60 минуттық кассета болар деген жинағымыз бір әншінің орындауындағы екі әнін ғана кіргізгеннің өзінде 90 минуттық екі бірдей кассетаны толтырды.

СУРЕТТЕ: 2018 жыл, мамыр айы. Қорабай Есеновтің шаңырағында. Ортада белгілі қаламгер, өлкетанушы Сайын Омаров ақсақал.

«Басынан Иманақтың ән ұшқандай!» деген атаумен шыққан бұл жинақ жаңаарқалық әншілердің орындауындағы тұңғыш антологиялық әндер жинағы болып шықты. Оған елге танымал И.Омаров, Қ.Байбосынов, Ф.Тұтқабеков (күйші), М.Тілеуханов, С.Үмбетбаев (қобызшы), Ғ.Мұхамедин, С.Оспанов, Б.Тілеуханов, Ж.Кемалов, А.Нығызбаев, Қ.Әбілдина бастаған 20-дан аса жаңаарқалық әншілер орындауындағы әндер топтастырылды. Жинаққа Қорабай ағамыздың орындауындағы «Жас қалам» және «Досыңның көзін ұғарсың» деген қос әні енгізілді. Сол кезден ағаіні болып сыйластықпен басталған таныстығымыз кейіннен үлкен достыққа ұласып кеткен еді (Биылғы жылы да «рухани жаңғыру» аясында Шет және Жаңаарқа аудандарында жүргізілген экспедициялық зерттеулер барысында ағамыздың үйіне барып Қорекеңнің орындауында 4 ән және еш жерде жарық көрмеген 2 күйін жазып алып, Астанадағы ұлттық музей қорына арнайы тапсырдық. Әкесінен мирас болып қалған Қорабай ағамыздың күйшілік өнері кейінгі мақалаларға арқау болар деген сенімдеміз).

Әрине, біздің таныстығымыз сырттай болса да бұдан да ертерек басталған еді. Ол кезде Жаңаарқа өңірінде республика көлемінде танылып келе жатқан жас дарын иелері екеу болса соның бірі – дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов, екіншісі – сырбаз да талғампаз әнші, сырлы сазгер Қорабай Есенов болатын. Біз сол ағаларымызға қарап ой түзеп қана қоймай, бой да түзеп өскен едік.

Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың бас кезіндегі талай бозбала жігіттердің Қорабайдың әндерін тыңдап ер жетіп, талай ару қыздарымыздың Қорабайдың сазды әуендері арқылы бой жеткендері қазір самайларын ақ қырау шалған ағаларымыз бен апайларымыздың күні бүгінге дейін есінде болар. Осыдан 40-50 жыл бұрын қазір аға буын қатарына қосылып отырған ұрпақтың (оның ішінде өзіміз де бармыз) жаңа шыққан әндерді р а д и о қ а б ы л д а ғ ы ш та н тыңдамағаны кемде-кем шығар-ау. Иә, сол кездерден бастап-ақ иыққа түсіре шаш қою, қараңғы түсе көшеде гитарамен ән айту үрдісі басталған-ды.

Еліктеу дегеннен шығады (қазақ жақсылыққа еліккіш әуес халық), жетпісінші жылдардың жастары біздер де жақсылық үрдістерге әуестеніп, еліктеп өстік. Әсіресе, сол жылдары «құлақтан кіріп, бойды алған» эстрадалық әуендерге («Қарагөз», «Дос-мұқасан» ансамбльдері орындауында) ілесіп жер-жерлерде құрылып жатқан ансамбльдерден қалыспай біз де аты дардай «Ескене» (қазіргі ауыл аты, ол кезде «Дружба» совхозына қарасты Ленин атындағы бөлімше болатын) вокалды аспапты ансамбль құрған едік. Гитараларымыз негізінен қолдан жасалған өзіміздің «творчестволық қол еңбегіміз» болатын. Репертуарымыздағы әндеріміз сол кездері танымал «Той жыры», «Неге солай?» және Қорабай ағамыздың орындауындағы әндер болушы еді.

Сексенінші жылдардың бас кезінде мен Алматыдағы С.Киров атындағы (қазір Әл-Фараби атында) мемлекеттік (қазір ұлттық) университеттің тарих факультетінің студенті едім (бір айырмашылығымыз Қорекең жоғары оқу орнына мектеп бітіре сала оқуға түсіп, бітірген соң ауыл шаруашылығының маманы ретінде жұмыс істесе, мен керісінше он жылдай ауыл шаруашылығында жұмыс істеп барып оқуға түсуге мүмкіндік алдым). Көктемнің жанға жайлы, шуақты күндері. Түске қарай бірінен соң біріне жалғасқан лекциялар, семинар сабақтары мен лабораториялық практикалардан шаршап, Алатауды бөктерлей орналасқан жатақханаларымызға ілби басып келе жатқанымызда алдымыздан еңсемізді көтеріп, көңілімізді жадыратып, жүрекке сәуле құйғандай болып радиодан керемет бір әуендер төгілер еді. Бірден тұра қалдық. Студенттердің көңіл-күйлерін тап басқандай екі әуен күнде қайталанып төгіледі де тұрады. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді: бірі елге енді таныла бастаған қарағандылық жерлес қарындасымыз, жас әнші Мақпал Жүнісова. «Бақытым менің, Жақұтым менің, кел, кел, кел! Ғашығым менің, Асылым менің, сен, сен, сен!». Белгілі лирик ақын И.Сапарбаевтың «Сағыныш сазы» әні. Жүрек дүрсілдеп, көмейге жас тығылады. Дүрмекке толы думаны басылмайтын ауылды еріксіз еске аласың. Екіншісі, өзіміздің жаңаарқалық, сол кездің өзінде-ақ бүкіл қазақ жастарының кумиріне айналған Қорабай Есенов: «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды, Мұңаяды ол неге, тұнжырайды? Сыңсып салған әніне тебіреніп, Қамыс басы қамығып, су жылайды». Айтары жоқ бір-бірімен жымдаса төгіліп тұр, бір сөз қосып немесе түзетсең бүлдіресің, қайта түзерің неғайбыл…

У-дуы бір басылмайтын студенттік өмір. Түстен кейін футбол, волейбол ойындарынан шаршағаннан кейінгі кешкі бас қосар орындарымыздың бірі көршілес филология (тіл-әдебиет) факультетінің жатақханасы. Күнде қызу дискуссия, әдеби талдау. Кезек әнге келеді. Ән әсеріне бөленген бір студент тұрып, «Осы әнді бір түсінбейақ қойдым: «жылжиды аққу айдында, жылжымайды немесе қалқиды, қалқымайды; сырғиды сырғымайды… жылжитынын түсіндім, ал бірақ жылжымайды деген не? Қарап тұрсам расында да жылжымайтын сияқты ғой. Бірақ жылжып бара жатады..». Араға тағы бір жерлес ақын қызымыз Қымбат Әбілдина (ол кезде филфактың 3-курс студенті) түседі: «мұны жазған нағыз ақын ғой. Тұнып тұрған лирика, сондықтан да ол «жылжиды, жылжымайды; сырғиды, сырғымайды; керек болса қалқиды, қалқымайды..». Студенттер томаға-тұйық ойға батады, расында да тұнып тұрған философия: «қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте біреу кеш бір құлайды»… Шынында да Қорекең сыршыл, талғампаз әнші.

Жерлесіміз, қадірлі қарт қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ұзақбай Мұқышұлы ағамыз да Қорекеңнің шырқаған орындаушылық шеберлігіне тәнті болып, облыстық газетке ішкі жан тебіренісін былайша өрнектеп жеткізген екен: «Жан едім өмірге еркін бойламаған, Күні ертең не боларын ойламаған. Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып, Өзіңдей қамқор адам қайда маған». Әкеге деген сағыныш, ішкі толқу жүрек түкпірінен шымырлап, бірден бірге ынтықтыра түседі. Ащы айқай емес, қоңыр әуен гитара үнімен астасып, сезімді билеп, баурап ала жөнеледі. Тіптен, өн бойыңды балқытып, қиялыңды тылсым дүниеге жетелейді. Әке үшін мақтаныш, оның алдындағы перзенттік парыз, бәрі-бәрі осы ән әуені ауқымына сыйып кеткендей. Жүрегің елжіреп, өзгеше бір күй кешесің… Бұл 1967 жылдың қоңыр күзі еді. Іс-сапармен сол кездегі ауданға қарасты «Қызылтау» кеңшары клубының маңдайшасындағы радиодан осы «Әке жырын» естіген сәттен көңіл-күйім алабұртып, ән әуенімен тербелумен болдым. Оның орындаушысы Жаңаарқаның тумасы, жерлесім болғанымен жүзін көрмеппін. Енді сол жігіттің өзгелердей емес, өзіндік қолтаңбасы бөлек сым шектерін шертуіне, жүрек түкпіріндегі асыл сөзімді, ішкі иірім мен толқуын тыңдаушысына қаз дауысты қоңыр әуенімен жеткізуіне ерекше тәнті болдым. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, қияқ мұртты, қоңырқай, сұлу келбетті Қорабайдың гитарамен сүйемелдеуіндегі әндерін тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Ойпырмай, ақын жүрегінің бұлқынысын, тебіренісін әнші Қорабай қалай тап басады?!» (Орталық Қазақстан.-2002.-23 қазан (№169/170). – 16 б.).

Серіліктің, өнердің қай түрі болса да қазаққа жат емес. Жалпы біз қазақ халқы ат қоюға, әсіре мақтауға шеберміз. «Күй атасы Құрманғазы, ән атасы Әміре деп жатамыз. Ал Қорабай Есеновті «қазақи гитара өнерінің падишасы» десек болмас па? Ағамызды үлгі тұтып, ұстаз санап, қолына гитара алған Нұрлан Өнербаев, Ерлан Белғозиев, Табылды Досымов, Гүлмира Ақүрпекова, Сейіл Аяғанов сынды саңлақтарымыз сахнадан көрініп жатса, бұл да алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқын інілеріне ерекше бір серпін беріп, жаңа жолға бастаған ұстанымы болар. Гитараның да қазаққа жат аспап еместігін тұңғыш рет жария қылған да Қорабай ағамыз. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған белгілі журналист Раушан Төленқызына берген сұхбатында: «…Ішекті аспаптардың қай-қайсының да түп атасы – домбыра. Классикалық ішекті аспаптардың бірден-бір қазығы, классикалық үлгісі – домбыра! Мен домбыраны қалай жақсы көрсем, гитараға да ықыласым ауып, жаныма баладым. Гитара ішкі дүниемде өзім тап баса алмайтын, тілмен жеткізуге келмейтін иірімдерді елеп-тербеп, әуенге айналдырады. Сондықтан, «бұл аспап маған бөтен емес, қазақтың төл аспабының бір түрі» деп бағалап, өзімді сол ойға сендірдім. Көкейіме соны түйіп, мен гитараны домбыраша шерттім! Мен жетігенді де жақсы көремін. Гитара сияқты, жетігенге де жеті ішек тағылған. Шерткендегі әуені, үні, құлақ күйін келтіру сияқты техникалық тұстары өте ұқсас. Сондықтан, өз басым гитараның арғы тегі жетіген деп білемін» – деп көңілінің түпкірінде бұғып жатқан ойларын сыртқа шығарған екен.

«Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді» демекші, Қорекең көрінген сөзге ән жазып, сөзі келіспеген әндерді орындай да бермейді. Бұған көз жеткізу үшін Қ.Есенов орындап жүрген әндерді шолып шықса болады. Әншінің сонау алпысыншы жылдардың орта кезінен бастап өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар аралығындағы ширек ғасыр ішіндегі репертуарын алып қарасаңыз, олардың жалпы саны жиырма әннен аспайтындығына көз жеткізер едіңіз. (Ал қазір кейбір әншілеріміз репертуарымда бес жүздей әнім бар десе де, сольный жеке концерттерін өткізген үлкен сахналарда соның 20-30-ы ғана орындалып жүр). Бұл – әншінің биік талғамының көрінісі. Аз жазса да саз жазды. Бүкіл ғұмырында екі-ақ ән жазса да сол әндер бұқаралық сипат алып халық әндері қатарында жүр (ел арасында жүз немесе екі жүз ән жаздым деген сазгерлер баршылық, бірақ солардың көпшілігі халық назарынан тыс қалған). Сан қуаламай сапасына мән берді. Содан да болар, өлмес, өміршең әндердің орындаушысына айналды. Қасымша айтсақ, «өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп ғұмыр кешті. Нәтижесінде ол әндер жарты ғасыр бойы әншімен бірге жасап, халық аузынан түспейтін халық әндеріне айналып жүре берді. Әнші бақыты деген осы болар. Көңілінен шықпаған, жүрегі қаламаған әндер Қорекеңнің қалыбына сыймайды.

Қазақ даласы табиғатына сай ұл-қыздарына да сондай кеңдік, талант берген. Сондықтан да болар арамызда кәсіби мамандығы тау-кен инженері бола тұра, кейіннен ақын-жазушы немесе әнші-сазгер бола жүріп ғалым-зерттеуші болып жүргендер жеткілікті. Қорекеңнің де әу бастағы кәсіби мамандығы агроном болды. Әрине, ол кезде бұл өміршең, заманына лайық, сұранысқа ие мамандықтардың бірі еді. Институтты бітіргеннен бастап бас агроном, ауданаралық база директоры, РАПО-ның бастығы, астық дайындау мекемесінің директоры, Ақадыр, Жаңаарқа, Шет аудандары аралық ауыл шаруашылық химия бірлестігінің төрағасы бола жүріп те қолынан гитарасын тастаған жоқ. Сол киелі өнерге деген адалдығының қайтарымы да болар, бүкіл саналы ғұмырын ел ішінде жүріп, ауыл шаруашылық жұмыстармен өткізсе де атақ-дәреженің бәрін өнері үшін алған сияқты. Елбасының қолынан алған «Құрмет грамотасы» (1999 жыл), «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (2001 жылы), «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» (2013 жылы), Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, тағы басқа атақ-даңқы бола тұра, Қорекең қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен бір тайған емес. «Жоқ – жомарт» деген, бұл күндері архаизмге айналған қазақи пайымның бүгінгі иесі осы Қорекең сияқты. Өзінің өнерін сыйлағандарды үлкен-кішілігіне қарамай асты-үстіне түсіп, қой сойып қонақ қылуы, тіпті, Табылды Досымов сияқты өнеріне тәнті болып табынған інілері сонау Атыраудан ат басын тіреп арнайы келіп жатқанда, тай сойып қарсы алуы – Қорекеңнің бойына жарасатын қазақи мінез болып қалмақ. Десе де, халқының құрметі мен қошеметіне бөленіп жүрген әншінің концерттерін ұйымдастыру өте сиреп кетті. Жезқазған (1999 жылы) мен Астанадағы мәдениет орталығында (2001 жылы) араға жылдар салып өткен шығармашылық кештерінен басқа ұйымдастырылған шаралар жоққа тән. «Жетпісінде де желіп өтер» десек те жылдар жылжып, уақыт күтіп тұрмайды. Қорабайдың қоңыр үнін сағынған замандастары жетерлік. Астана (20 жылдықты еске алмай-ақ), Алматы, Қарағанды ғана емес еліміздің басқа да өңірлеріндегі 60-70-ші жылдардың сырлы сазәуендері бойларын тербеткен (бүгінгінің жылауық әндері емес) замандастарымызды бір сусатып, көңілдеріне шуақ шашып, жастық шақтың жалынымен табыстырар күн қайда?

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,

Тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button