Жаңалықтар

«Қоңыр» күйі кімге арналды?

 

Атақты күйші Әбікен ХАСЕНҰЛЫНЫҢ «Қоңыр» күйінің шығу тарихы туралы әр түрлі әңгімелер көп. Осы орайда, мен де әкем Омар ҚОЙШЫБАЕВТАН естіген бір әңгімені көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.

Бірде әкем сөз арасында «Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйі менің шешем Қоңырға арнап шығарылған» деп айтып қалғаны есімде. Содан бері біраз уақыт өтті. Әр әңгімесінде балалық шақтарын ойына түсіріп отырып, мына бір оқиғаны жиі есіне алатын.
«Соғыстың зардабын тартпаған бірде-бір шаңырақ жоқ шығар. Менің соғысқа кеткен әкем Қойшыбайдың артынан да қара қағаз келгенін үлкендерден естідім. Үлкендер жылап-сықтап қойды. Мен ойын баласымын. Уақыт сырғып өтіп жатты. Біздің ауыл қазіргі Шет ауданы, Жұмыскер ауылына қарасты Қызылту бөлімшесінің тұрған жері. Бірде ауыл шетіне жақындаған атарбадағы үш-төрт адамды көріп, біреулерден «Әбікен келді, Әбікен келді» деп естіп, ойынымызды тастай салып ауылға жүгіріп келдік. Үйге жақындағанда екі ер адам және бір әйел адам ауыл адамдарымен құшақтасып көрісіп жатыр. Абыр-сабыр, жылау-сықтау саябырсып, енді жайланып үйге кіре бергенде, біздің әулетке «үлкен үй» болып саналатын Жамантай әкеміздің үйіндегі Ақыш шешеміз «Әбікен, тұра тұр. Қоңыр келе жатыр» деп жиналғандарды тоқтатты. Сол жердегі жиналып тұрғандар шешеме ығысып жол беріп жатқандарын байқадым. Содан шешем сауыншы шелегін жерге қоя салып, жаңағыларға жете бере дауыс салып жылады. Құшақтасып ұзақ жылады. Шешеммен бірінші көріскен адамның Әбікен екенін білдім. Содан көріскендегі айтқанынан есімде қалғаны мынау:
Құйылды жасым көзіме,
Кім асар құлақ сөзіме.
Іштегі дертті шығарып,
Айтамын аға өзіңе, – деп, осы шумақты айтты.
Шешеммен көрісіп, осыншама егіліп жылағандарына қарағанда бір жақын адамның болғаны-ау деп ойладым.
Жиналғандар үйге кірді. Шай ішіп біраз отырған соң өлең айтылды. Бір кезде Әбікенмен еріп келген ер адам мен әйел адам қосылып өлең айтты. Қара сирақ бала күнімнен ойымда қалған сол бір зарлы өлең осы күнге дейін құлағымнан кетпейді.
«Орынборға дегенде, Орынборға
Мына соғыс шықты ғой біздің сорға
Ауылым-ай!
Аман барып, сау қайтшы, бауырым-ай!» деп аяқтады. Соңынан білдім, Әбікеннің қасындағысы қобызшы, күйші Аман екен. Ал, әйел адам осы Аманның жұбайы екен. Екі-үш күндей болып, бұлар Алматыға қайтып кетті. Кейіннен шешемнен естігенім, сол жолғы Әбікеннің Алматыдан келу себебі, біріншіден – «қара қағаз» келгенін естіп, шешеме көңіл айту болса, екіншісі – мені Алматыға алып кетіп, интернатқа оқуға беру екен» деп әңгімесін аяқтады әкем.
«Бұл күй менің шешем Қоңырға арналған» деп айтқан әкемнің сөзі негізсіз емес деп топшылаймын. Олай дейтінім, Ә.Хасенов пен әжем Қоңырдың әкесі Стамбек екеуі де – Тайна руынан шыққан жақын-туыс ағайын адамдар. Яғни, ағасы қарындасына сонау Алматыдан арнайы қазаға көңіл айту үшін келіп отыр және әкем «бала Омарды» Алматыға алып кетіп оқытпақшы болғаны – Әбікеннің әжем Қоңырға жақын туыстығын білдіреді. Одан кейін, жақын қарындасының тұрмыс-тіршілігін, хал-жағдайын көріп, күйді қарындасына арнап, осылай атауы әбден мүмкін. Бұлай дейтінім, күйдің ойналуы жұмсақ, биязы, салмақты, әуені ойлы мұңға толы. Ал, әжем Қоңырдың мінез-құлқы мен болмысы туралы қазіргі Шет ауданы Жұмыскер ауылының тұрғындары әсіресе, үлкендері жақсы біледі.
Күй ұлт мақтанышы Сәкен Сейфуллинге арналған деген пікір мүлдем қисынсыз. Әйтеуір, қазақтың аяулы ұлдарының бірі Сәкенге арналған десек, қателеспейміз деп айта салғанға ұқсайды. Сәкеннің өмірі – от пен дауыл. Сібірдің сары шұнақ аязы мен революцияның тезінен өткен, құрыштай шыңдалып жалындап тұрған Сәкенге, қазақтың басына түскен нәубетке арқасын тосқан асыл ұлдың бірі қара нардай Сәкенге, тар жол тайғақ кешуден өткен Сәкенге бұл күйдің болмысы қалай телісең де сай келмейді-ау. «Сөздің шындығына сенбе, қисынына сен» деп осындайда айтылса керек. Бұл тарих болғандықтан, жауапсыз қарап, қалай болса солай айта салуға болмайды деп ойлаймын. Осыған оқырман қауым не дер екен? Мүмкін, қисынды пікір айтатындар табылар?

Жасұлан ҚОЙШЫБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button