Қоғамдық сананы жаңғырту – БАСТЫ ВЕКТОР

     Азаматтық қоғам дамуында үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасында тиімді диалог жасау арқылы халықтың әр алуан топтарының көкейкесті мәселелерін шешуде қоғам үні бола алатынын толық дәлелдеді. Дегенмен, соған қарамастан, кейінгі бес жылда азаматтық қоғам институттары тарапынан ұсынылатын бастамалар деңгейі күрт азайып кеткен. Алайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді  түрде атсалысуы – аталмыш ұйымдардың жұмысын ынталандыра түсті.

Осыған орай, кеше Достық үйінде «Экономиканы жаңғырту, қоғамдық сананы жаңғырту – үкіметтік емес ұйымдар қызметіндегі басты вектор» атты Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдарының ХІV облыстық конференциясы өтті.

Конференцияға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев қатысып ал, жұмысын «Қарағанды облысының Азаматық Альянсы» қауымдастығы президентінің міндетін атқарушы Гүлнар Құрбанбаева жүргізді.

Қарағанды облысындағы үкіметтік емес сектордың соңғы үш жыл ішіндегі даму процесі ҮЕҰ тұрғындардың проблемаларын шешу арқылы өздерінің қажеттіліктерін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, ҮЕҰ қатысуымен жеткіншектер мен жастар арасында қоғамдық бірлестіктерді құрудың оң үрдісі орын алған.

Қай салада болмасын, өзге өңірлермен салыстырғанда үнемі оқ бойы алда жүретін Қарағанды өңірінде мыңнан аса үкіметтік ұйым жұмыс жасаса, өкінішке орай, олардың елу пайызға жуығы ғана белсенді түрде әрекет етуде. ҮЕҰ қаржыландыру көздерінің қалыптасу тұрақтылығы, ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы ұйым жұмыстарының әлсіздігі, бұқаралық құралдарымен жүйелі түрде қарым-қатынастың жоқтығы Қарағанды облысындағы аудандар мен қалаларында өткізілетін әртүрлі әлеуметтік жобалардың нақты көрінісін көруге мүмкіндік бермейді.

Жандос ӘБІШЕВ, Қарағанды облысы  әкімінің орынбасары:

–    Ел азаттығын нығайтуда мемлекет пен қоғам арасында алтын көпір болатын үкіметтік емес ұйымдардың орны – айырықша. Бұл жергілікті қоғамдық ұйымдардың беделі артып, әр түрлі істерді шешуде мүмкіндіктерінің бар екенінің айқын дәлелі. Облысымызда азаматтық қоғам институттарымен, үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі әрі тұрақты жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда зор үлесін қосуда.

2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылы коммерциялық емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі 3 есе артқан. Бүгінгі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 1 миллиард 400 миллион теңгені құрайды. Облыс бойынша 202 әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, жобалар санын әрі қарай арттыруға жұмыс жасайтын боламыз.

Кез келген жиналыс жаңа ойдың, жаңа идеяның туындауына әкеледі. Қарағанды облысы қоғамдастығы Қазақстан Республикасындағы ең белсенді ұйымдардың бірі. Елбасымыз экономиканың жаңғыруына орай алға көптеген міндеттер қоюда. Қарағандылықтардың ұсыныстары, ойлары, пікірлері Парламент мәжілісінде аса маңызды.

– Осы фестивальда жергілікті ұйымдарды не қызықтырады, мемлекетімізді дамытуда ҮЕҰ үлестері көбірек болуы үшін қандай бағдарламаны күшейту керек, қандай мүмкіндіктер ұсынылуы қажеттігі туралы ашық әңгіме болатынына сенімім зор. Ал, Қарағанды осы жұмыстың қайнаған ортасында, бұл жерде көптеген қызықты идеялар бар. Мысалы,  Қарағанды облысы «Кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі осы өңірде кәсіпкерлікті дамытуға өзінің үлесін қосып келеді әрі Парламентпен тығыз жұмыс жасайды.  Өзекті мәселелерді шешуде Қарағандыдан көптеген ұсыныстар келіп түседі, осы ұсыныстар заңға өзгерістер енгізу кезінде басшылыққа алынады, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.

Конференция қорытындысы бойынша ҮЕҰ жұмысын белсенді мақсатында қалалар мен аудандардың ішкі саясат бөлімдеріне, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына, облыстық департаменттер мен басқармаларға, «Қарағанды облысының Азаматық Альянсы» қауымдастығына бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.