Жаңалықтар

Қоғамды бағалаудан қорықпаған

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында бәріміз Кеңес Одағы деген мемлекетте өмір сүріп жаттық. Сол ортадан журналист боламыз деп талпынған 50 қыз-жігіт Қазақ мемлекеттік университетінің тиісті факультетіне түстік.

Мақсат – журналист болып газет-журналда, радио-телевидениеде қызмет ету. Міндет? Онда міндет біреу – социализмді кемелдендіріп, коммунизм атты табалдырықтан аттағалы тұрған қоғамды дәріптеу.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекеттің бүкіл ақпарат құралдарына қойылатын осы талаптың аясынан шықпайсың. Шығу ойда да жоқ. Тек сол тұста алыстағы Мюнхеннен хабар тарататын «Азаттық» немесе жақын шекараның іргелес ауылдарына толқыны жетіп тұратын Қытай радиосы ғана Кеңес Одағы мен оның басшылығының саясатын аяусыз сынап жататын.

Қазақстанның әр аймағынан талаптың тұлпарын мініп, бірінші курстағы аудиторияға алғаш басы қосылған 50 қыз-жігіттің ортасынан басқаларға қарағанда өзгеше ойлайтын жалғыз жан шықты. Ол «екі естілер елінде өмір сүріп жүрміз» деді. Мұны естіген кейбір студенттер «бұның өзі екі есті шығар» деп күлісті.

Талай уақыттан соң кезінде күлгеннің бәрі шындығында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары екі есті қоғамда өмір сүргенін мойындады. «Екі есті» деген – бір жағынан санада тұратын қазақ ұлтының дәстүрі мен салты, тілі мен мәдениеті, ал, екінші жағынан орыс тілді совет халқының жаппай насихатталатын өмір салты еді. Екі есті болудың – дүбәра болу екенін елу студентттің ішінде жалғыз пайымдаған Серғазы Әбдібеков болатын.

Арамызда мемлекет қауіпсіздігі комитеті үшін тыңшылықпен айналысқан ешкім болмағандығынан шығар, Серғазының бұл сөзі аудитория айналасынан шыға қоймады. Болмаса «ЕСЕП» партиясын құрған жерлес ағалары Бүркіт Ысқақов, Кәмел Жүнісов, Зейнолла Игіліков сияқты пәлен жылға айдалып кетері анық еді.

«Екі естілер қоғамын» келеке еткен Серғазы бірінші курстан соң аудиториядан емес, сырттай оқу қажеттігін түйсінді. Ортамыздан ойысып қоғамнан өзгеше ойлайтын ағалары шыққан туған жеріне, Қарағандының Шет ауданына қайтты.

Ал, арада он бес жыл өткенде 1991 жылдың соңынан бастап Қазақстан аумағының тұрғындарының дені бұған дейін шынында екі естілер елінде өмір сүріп келгендерін кеш те болса түйсінді.

Қайнар ОЛЖАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button