Оңалту орталығы ашылды
Теміртауда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мәдени-оңалту орталығы жұмысын бастады. Орталықтың ашылу салтанатына қала тұрғындары қатысты.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Теміртау қаласында 6200 мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оларға әлеуметтік әрі рухани көмек көрсету мақсатында 4 қоғамдық бірлестік жұмыс жасайды. Атап айтсақ, «Қазақ соқырлар қоғамы» Теміртау қоғамдық бірлестігі, «Теміртау қалалық мүгедектер ерікті қоғамы» секілді бірлестіктер денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік мәдени оңалту және бейімдеуде көмек көрсетеді. Оған қоса, тұсауын кескен мәдени-оңалту орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу міндетін жүктейді.
Шараға қатысқан Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік және ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары Дәурен Есімханов: «Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға орталық ашу жоспарда болған. Биыл қолымыз жетіп, орталық ашылды. Физикалық шектеулерге қарамастан, мәдениетімізді дамытуға үлес қосасыздар деген үміттемін» деді.
Галина ЛИ, «Қазақ соқырлар қоғамы» Теміртау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Біздің бірлестік 1959 жылдан жұмыс жасап келеді. Содан бері біраз өзгерістер орын алды. Бүгінгі таңда бірлестігіміз орталыққа айналып, 152 адамды қамтып отыр. Орталықтың үлкен пайдасы – қаламыздағы барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосатындығында. Көбісі үйлерінде отырып қалмай, орталыққа келіп әртүрлі тақырыпта пікірлесетін болады. Сондай-ақ, мерекелік шараларды бірігіп өткіземіз. Жұмыс орнын тауып беруге тырысамыз.
Осы уақытқа дейін облыстық деңгейдегі мәдени әрі спорттық шараларға атсалысып келеміз. Әсіресе, спорт саласында мерекелік шаралар өткізуде тәжірибе жинақтадық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орталықтың ашылғаны мүмкіндігі шектеулі жандарды қуанышқа бөледі. Көбісі әлеуметтік көмек көрсетіп әрі мәдени шараларға дайындайтын осындай орталықтың бар екенінен хабарсыз болатын, енді осында жиналатын боламыз.
Оңалту орталығы алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарды мәдени салаға бейімдеу жұмыстарымен айналыспақ.
Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакиннің айтуынша, оңалту орталығы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимаратында орналасқан. Келешекте мүгедектер үшін жаңа ғимарат жобалау жоспарда бар. Ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қауіпсіз әрі үлкен аумақты қамтитын ғимарат маңына спорттық алаңдар орнатылуы мүмкін. Орталықтарды ашудағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды белсенді өмірге бейімдеп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуге мүмкіндік беру.
ТЕМІРТАУ қаласы.
Аяулым СОВЕТ.