Бас тақырып

Өнім көлемі ұлғайды

Мемлекет басшысы агроөнеркəсіп кешені саласына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жəне ауыл тұрғындарының əл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар міндеттерді іске асыруды жүктеген болатын. Қарағанды облысында осыған сай біршама жұмыстар атқарылып, айтарлықтай нəтижеге қол жеткізді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте баяндады.

Сурет: ашық дереккөз

Еліміздің барлық аймақтарында қарқынды технологияларды енгізу жəне агроөнеркəсіп кешенінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға баса назар аударылуда. Биылғы он айдың есебіне сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 433,8 млрд. теңгені құрап отыр. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары орта есеппен 57,3 мың гектарға ұлғайтылып, 1119,1 мың гектарға артты. Айналымға енгізілген 3,9 мың гектар есебінен, пайдаланылатын суармалы жер көлемі 30,3 мың гектарға дейін жетті.

Сондай-ақ, минералды тыңайт қыштарды қолдану аумағы 405,2 мың гектарға дейін кеңейіп, тыңайтқышпен қамтылған жер көлемі барлық егіс алқаптарының 42 пайызын құрады. Ал, өнімділігі жоғары тұқымдармен егілген алқап көлемі 94,5 пайызға өсті.

– Биыл егін шаруашылығына ауа райы да қолайсыз болды. Оның үстіне саны артқан киіктер кесірінен 6,3 мың гектар дəнді дақыл жарамсыз болып қалды. Оған қарамастан өнім 993,2 мың гектарды құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 73,3 мың гектарға артық. Оның ішінде бидай алқабы – 62,5 мың гектарға артып, 813,4 мың гектар, арпа – 160 мың гектар, сұлы – 13,7 мың гектар жəне қоспалар алқаб – 6,4 мың гектарды құрады. Ал, жаз айларындағы құрғақшылық жəне қыркүйек, қазан айларындағы толассыз жаңбырдың əсерінен бүгінгі күнге, 966,3 мың гектар астық дақылдары бастырылып, орташа түсімі гектарына 6,8 центнерден, 652,9 мың тонна астық жиналды, – деп атап өтті Саят Қабиденұлы.

Бұл ретте Үкімет жергілікті шаруаларға қолдау білдірді. Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау мақсатында Үкімет тапсырмасына сəйкес, «Бəйтерек» ҰБХ» АҚ айыппұл санкцияларын қолданбай, несие төлеу мерзімін ұзарту бойынша іс-шаралар жүргізуді қолға алды.

«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ деректеріне сəйкес, биылғы жылдың 5 желтоқсанына жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құрайтын несие мерзімін ұзарту бойынша 97 өтінім келіп түскен. Оның ішінде, «Кең дала» бағдарламасына 3,5 млрд. теңгеге 87 өтінім, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 10 өтінім мақұлданған.

Оған қоса егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін литрі 250 теңге арзандатылған дизель отыны бөлінсе, алынған астықты кептіру мақсатында қосымша 2700 тонна дизель тағы қарастырылыпты.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есебіне сүйенсек, аймақта мал басын ұлғайтумен қоса, асыл тұқымды мал үлесін арттыру есебінен мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бергі есепке сай, ірі қара – 490,5 мыңға, жылқы – 340,8 мыңға, қой-ешкі – 763,7 мыңға, құс – 3656,0 мыңға өскен.

Соның нəтижесінде ет өндірісінің орташа көрсеткіші анағұрлым артқан. Мамандар болжамына сай 2023 жыл ет өндірісі – 1,8 пайызға, сүт өндірісі – 2,3 пайызға, жұмыртқа – 7,5 пайызға ұлғаяды деп күтілуде.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button