Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Николай КОЛБАСОВ

Николай Илларионович Колбасов 1911 жылы туған. Ұлты – орыс. Қызыл армия қатарына шақырылғанға дейін Қарсақбайда жұмыс істеді.

Николай Илларионович армия қатарына 1942 жылы шақырылды. Жауынгерлік алғашқы қадамы Сталинград шайқасынан басталды. Командир және жауынгер ретінде, әсіресе Курск-Орлов ұрысында өзін ерекше көрсетті.

1943 жылғы 6 тамызда толтырылған марапаттау парағындағы мына бір жолдарға тоқталайық… «Белград бағытындағы ұрыстың бірінші күні – 1943 жылғы 7 шілдеде гвардия кіші лейтенанты Н.Колбасовтың взводы зеңбіректерін ашық беткейге шығарып қойып, немістің 70 «Жолбарыс» танкісімен айқасқа шықты. Колбасовтың артиллеристері жау танкілерін жақындатып алып, қақ маңдайдан атты. Жау шегініп, қайта шабуылдаса да, артиллеристер тұрған орындарынан тапжылмады. Сол күні Колбасовтың взводы өздерінің екі зеңбірегімен жаудың 46 машинасын әскерімен жойып жіберді.

11 шілдеде жау 150 танк пен екі полк жаяу әскерін біріктіріп, 228-ші гвардия атқыштар полкының сол қанатына лап берді. Батареяны бомбылағаннан кейін, Колбасовтың ержүрек артиллеристерінің учаскесіне қарай үш жаққа бірдей оқ атқан 17 «Жолбарыс» танкісі шықты. Артиллеристер зеңбіректерін бұрып алып, оларға бората оқ жаудырды. Үш танк лаулап жанды, бірақ жау ұмтыла берді. Снаряд тура тиіп, зеңбірек майырылып қалды да, Николайдың қару расчеты қатардан шықты. Колбасов зеңбірекке өзі тұрды. Нысанашы да, оқтаушы да, снаряд тасушы да жалғыз өзі болды. Колбасов жау танкілерін өзіне жақындатып алып, тіке ұрды. Ол өзіне ондаған метр ғана қалған төрт танкті тағы жайратты.

Взводта адамдар да, снаряд та аз қалды. Жау қайта күш жинап, Колбасовтың зеңбірегіне ұмтылды. Жаужүрек командир айнала қорғаныс ұйымдастырып, 100-ге жуық гитлершіні қырып салды. Жау оларды қоршауға алу мақсатымен кейін шегіне бастады. Колбасов қалған жауынгерлерін қарсы шабуылға шығарып, қоршаудан алып шықты.

КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі Суворов орденді 92-ші Звенигородск-Берлин атқыштар дивизиясы 199-шы гвардиялық артиллерия полкының взвод командирі Н.Колбасовқа Белгород бағытындағы ұрыстарда батылдық пен ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жезқазғандық батыр Украинаны азат ету жолындағы ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол Полтава облысының Дробиновка селосында жерленген.

Қарсақбай кентіндегі бір көше Колбасовтың есімімен аталады. Қ.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатында Н.Колбасов атындағы жүлде бар.

Басқа материалдар

Back to top button