Николай КАЛМЫКОВ
Николай Павлович Калмыков 1920 жылы Горький облысындағы Хмельницкий ауданының Скородумово деревнясында туды. Ұлты – орыс. 1940 жылы армия қатарына шақырылды. Ол Ұлы Отан соғысын Мәскеу түбінде бастап, Берлинде аяқтады.
Н.Калмыков Шығыста артиллерист болып қызмет атқарды. Майданға 1941 жылы қарашада келіп, Серпухов маңында Мәскеуді қорғады.
Қырық бес миллиметрлік зеңбіректер взводы Днепрден өткенде алдыңғы қатардағы отряд құрамында болды. Плацдарм үшін ұрыстың алғашқы сағаттарында бір зеңбірек істен шықты. Артиллеристер бір ғана зеңбірекпен қалды. Оны нысанашы Н.Калмыков шебер пайдаланып, жаяу әскерге жақсы көмектесті. Жаудың екінші рет қарсы жасаған шабуылы кезінде взвод пен бөлімше командирлері жараланды. Командирлікті сержант Калмыков өзіне алды.
Белоруссия операциясы кезінде Кеңес әскерлері алға жедел жылжыды. Бұл ұрыстарда аға сержант Н.Калмыков өзін ерекше көрсетті. Подречье деревнясы жанындағы бір ғана ұрыста ол өзінің зеңбірегімен отызға жуық гитлершіні, қару-жарақ тиеген автомашинаны жойып жіберді. Бірнеше күннен кейін Николай тағы да айрықша көзге түсті. Оның зеңбірегі Свилочь елді мекенінде қоршаудағы жау тобын жоюға ұмтылған жауынгерлердің өзеннен өтуін қамтамасыз етті. Зеңбірек расчеты соңғы снаряды қалғанша жаудың барлық шабуылын табандылықпен тойтарып отырды. Зеңбірек командирі жараланса да соғыса берді. Артиллеристердің алдыңғы жағында фашистердің қырыққа жуық денесі жайрап жатты.
Бұл ұрыста көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін Н.Калмыков III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Оған II дәрежелі «Даңқ» ордені Берлин операциясында Одер өзенінен өтуді қамтамасыз еткені үшін берілді. Калмыков бастаған зеңбірек расчеты жойқын ұрыста да болды. Жау қоршаудан шығуға жанталасып, жекпе-жек ұрысқа келгенде зеңбірек командирі бес фашисті жайратып, ержүректік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Ол жараланса да ұрыс алаңынан кетпеді.
1945 жылы 16 сәуірде Кеңес Армиясының бөлімдері Берлинге шабуылға шықты. Гольцов қаласы бағытындағы Одер плацдармы үшін болған бір ұрыста Калмыковтың расчеты жаудың екі дзотын қиратып, үш пулеметті және онға жуық гитлершілерді жойып жіберді. Берлинге барар жол ашылды. Бұл ерлігі мен Бобруйск қаласы түбіндегі қоршаудағы жау тобы талқандалған Березин өзенінің плацдармын ұстап тұрғаны үшін Н.Калмыков I дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Николай Павлович кейін Балқашта тұрды. Қаланың Құрметті азаматы атанды.
(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).