Бас тақырып

Әнге де мән керек

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп жырлады хакім Абай. Өйткені, өлең-жырсыз, әнсіз өмір – сүреңсіз. «Жазылған өлең шарықтау шегіне жеткенде әнге айналады» деген де пікір бар. Әнде де тарих, ұлт болмысы, ұлт рухы, тәрбие –бәрі тұнып тұр. Қазақтан небір әруақты ерлердің шығуында халық әндерінің үлесі зор. Сол әндерді санасына сіңіріп, жатқа ыңылдап жүрген бабалар осал емес-тін. Ал, қазір ән өнері тіпті қарыштап дамуда. Жастар сол әншілерге қарап бой түзейді, пір тұтады. Ал, неге Абайлар мен Ахметтер шықпай жатыр. Демек, қазіргі әндерде кінәрат. Зерделеп көрелік.

Жалпы, қазіргі әндердің басым бөлігінен өткенді аңсау, өтіп кеткен күндерді іздеу сезімдерінің көптігін байқаймын. Елдің бәрі өткенді аңсай берсе, бүгінгі күннің тамырын кім басады? Болашаққа кім бағдар жасайды? Өткенге оралу дұрыс шығар. Дегенмен, ән де көркем туынды. Алдымен, ол өз дәуірінің тынысынан хабар беруі тиіс. Кейін тыңдарманын ойландыруы керек. Онсыз көркем туынды бола алмайды.

– Қазақ қай кезден бастап ән салды? Жаугершілік заманда, хандық дәуірде жыраулар, жыршы-термешілер болды. Өйткені, ол кезде қазақта ән айтып жүретін уақыт болған жоқ. «Француз бен ағылшын 100 жыл соғысқан» деп әлдеғандай қыламыз. Қазақ өмір бойы соғысқан. Майданнан көз ашпаған. Әуелете ән шырқау бізге кейін келді. Көрші империялардың ықпалына өткен соң, ішкі-сыртқы жаугершілік соғыс тоқтап, мамыражай өмір басталды. Дала сахнасына сал-серілер шықты. Сол уақытта қазақтың ән-күйі күрт дамыды. Ал, оның алдында осы миссияның бәрін жауынгер жыраулар атқарды, – дейді ақын Мүсіркеп Сейдахмет.

Жөн делік. Ал, қазіргі қазақ эстрадасында Мейрамбек Бесбаевтың орындауында «Өмір өтті зырғып ағып» деген Есенқұл Жақыпбектің өлеңіне жазылған ән бар. Сол әнді әнші Саят Медеуов газеттен көріп қалып, композитор Бағлан Омаровқа апарыпты. Бағлан ағамыз мың толғанып, ән жазған екен. Өйткені, сөзі сүйектен өтеді. Ал, «Нурикамал» әнінің тууы да бір бөлек әлем, мысалы. Нурикамал деген аруға ғашық болған композитор Тұрдықылыш Ізтаев үйіне келе сала әнді нотаға түсіреді. Кейін жары, қазақтың белгілі ақыны Ханбибі Есенқарақызына сөзін жазғызады. Сөзінің қалай сәтті шыққаны елге мәлім. Бұған қалай таң қалмайсыз. Мұнда қызғаныш деген атымен жоқ, есесіне, сұлулыққа іңкәрлік, өнерге адалдық бар.

Қазіргі әндердің тарихы да оңды емес. Көбісі сүйдім, күйдімнен аспайды. Тағдырсыз әннің ғұмыры келте болады. Қазіргі дүркіреп елдің аузында жүріп, бір жылдан кейін ұмытылып кететін әндер сондай тағдырсыз, жалаң туындылар. Ақша табу үшін жазылған дүние алысқа бармайды. Ән деген қайнап шығуы керек қой. Өлең де әнмен деңгейлес болса құба-құп.

Содан соң газет-журналдан поэзия іздеп жүріп, ұнағанына ән жазған сазгерді әлі байқамаппын. Қазір әннің сөзін жарты сағатта жазып бере салатын көрінеді. Сазгердің қан тамырында қайнап шықпаған ән көпке бармайды. Бұрынғы әндердің кез келгенін алсаң да ұрпақты саналы етіп тәрбиелеуге үлес қосқан.

Қазіргі әндеріміз қандай? Ұрпағымыз да сондай болып барады. Өйткені, жастар әншілерден үлгі алады. Бәрі әнші болуды армандайды. Сондықтан, ән өнеріне бейжай қарау қате.

Бұл жерде әншінің өре деңгейіне, шыққан ортасына да байланысты шығар. Өйткені, Қарағандыдан шыққан небір дүлдүл әншілер бар. Солардың шошаңдап, болар-болмас әнсымақты айтып, қызыл сөзді сапырғанын байқамаппыз. Мәселен, Саят Әбдіғали, Қарақат Әбілдина, Нұржан Керменбаев, Қуандық Рахым сынды әншілердің репертуарын қарап отырсақ, әні әлсіздеу болса да, сөзінен артық дүние байқалмайды. Кемшілік кез келген өнер иесінен табылады, әрине. Мақсатымыз кемшілік теру емес, ән өнерінің ұрпақ тәрбиесіндегі орны жайлы айту. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайтынын еске салу.

Мәселен, жуырда жерлесіміз Ұланғасыр Қамидің орындауында «Қызыл раушан» деген әні шығып, елдің жүрегінен жол тапты. Мұндағы әннің басым түскені сөзі дер едік. 6 айдай жатып, бұл ән ақын Мирас Асанға ұсынылған. Мирас ақын әп-сәтте сөзін жазып береді. Құлаққа жағымды, артық ештеңе таппайсыз. Егер Мирас емес, басқа біреу жазғанда мүмкін бұлай хит болмас еді. Кім білсін. Бұл жердегі «Қызыл раушан» деген тіркестің өзі Мирастың өлең сапарындағы бір көзірін жарқыратып тұр. Өйткені, оның «Соңғы раушан» деген әйгілі жыры һәм осы аттас кітабы бар. Әннің тағдыры деген осы шығар, мүмкін. Әннің тағдыры, ақынның тағдырын қозғап тұр. Сонысымен сүйкімді әрі есте қаларлықтай.

Сонымен қатар, қазіргі әндердің көбі тойға арнап жазылады. Бұл да бір қиын жағдай. Әндердің атауының өзі шошытады. «Жылтыр көйлек», «Аппақ көйлек» деп кейде киім түгендеп кетсек, «Ауырмайды жүрек», «Жүрегіңе жұмысқа ал» деп жүрекпен сөйлесеміз. Ал, «Жүрегімнің иесі», «Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді?» сынды әндердің атауының өзі жаныңды балқытады. Негізі киімді де, жүректі де әсерлі сөйлетуге болады ғой…

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әндердің басым бөлігі түкке тұрмайды. Жалпы, әннің сөзінде немесе әуенінде адамға ой салатын бір жылылық болуы керек. Аз да болса. Қазіргі әндердің көбі тойда айтуға ғана жарайды, мән-мағынасы жоқ. Мықты сазгерлер мен мықты ақындар да бар. Елдің бәрі Шәмші емес, бірақ Шәмшінің кезінде де қаншама мықты композиторлар болды. Олар кітап оқитын. Кітаптан оқып, авторын тауып, рұқсат сұрап барып жазатын. Немесе, мықты ән туса, өзіне ұнаған ақынды іздеп жүріп сөз жазғызатын. Қазір қолма-қол жазып, сатып жатады. Жалпы, өнерде, руханиятта сатылған дүниеде онша құн болмайды. Әннің болашағын, ұрпақтың ертеңін ойлау керек, – дейді белгілі қаламгер Нұрғали Қарабектегі.

Ал, енді, есті ән айтатын мықты әншілер жылтыраққа әуес болмайды. Қарағандыда Арайлым Жүкенова, Ербол Алшынбай, Бақытжан Рахымжан, Мәди Ахметқожа сынды таланттар бар.

Ербол Алшынбайдың орындау шеберлігі мен ән мен оның сөзіне мән беруі қатты таң қалдырады. Талғамы өте биік. Бірақ, көп адам оны танымайды. Өйткені, арзан нәрселер ғана айқайлап сатылады ғой. Ерболдың орындауында ақын Қайрат Асқаровтың сөзіне жазылған «Сен менің әнімді жалға» әнінде:

«Тұңғиық жанарың мөлдір,

Нұр құйып жабырқау жанға.

Өртенген кезіміз сол бір,

Көркемім жадыңда бар ма?

Шақырып бір әлем жұмбақ,

Арманың жетелер алға,

Серуенін жастықтың жырлап,

Сен менің әнімді жалға» дейді.

Бұл туындыны тыңдасаңыз балқып кетесіз.

Ал, Еркебұлан Құмаров орындайтын «Жылтыр көйлек» әнінде:

«Сұлу сәнісің осы бір тойдың,

Сен үшін құдаша модный болдым, 

Модный болдым,

«Жоқ» деме көріктім, сүйіктім десем,

Сүйіктім десем,

Қасыма келші, жаным-ау десем,

Сүйіктім десем…» дейді.

Бір шумағын салыстырдық. Әрі қарай өзіңіз пайымдап, «жылтыр» әндердің жастарды қайда бастап бара жатқанын бағамдай беріңіз. Ерболдың талғамы терең бе, әлде Еркебұланның ба?

Бұл жерде жарнаманы да айтқан жөн. Кімнің жарнамасы жақсы сол атақты, әніне ешкім қарап жатқан жоқ…

Әрине, бұл бағытта көп дүние айтуға болады. Сондықтан, осы тұста аттың басын тартайық. Ал, Сіз Ерболды тыңдайсыз ба, әлде Еркебұланды ма?

Ойланып көріңіз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button