«Өнерпаз болсаң, арқалан!»
Жақында кеншілер астанасының төрінен «Өнерпаз» өнер орталығы ашылды. Кішкентай қарағандылықтар қазақтың тың тарихынан сыр шертіп, ән мен күйге сүйсіндірер орталықтан тәлім алатын болады.
«Өнерпаз» орталығының оқушылары Арқа әншілік дәстүрін биікке көтерген Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Мәди мұрасынан сусындайды. Сөйтіп, талантты оқушыларды жинаған орталықтың ұстаздары қазақтың біртуар ұлдары Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қайрат Байбосыновтың дара жолын дәріптемек.
Бабалар дәстүрін жалғау ниетімен ашылған орталықтың басшысы, өнерді өмірінің өзегі еткен жезтаңдай әнші – Зәуре Жәкешова.
– Біз дарынды оқушыларға қазақы тәрбие беретін мектеп ашуды әуел бастан қаладық. «Өнерпазды» ашуда өскелең ұрпаққа ұлттық өнерімізді дәріптеп, шәкірт тәрбиелеу мақсаты көзделді. Орталықты Қарағандыдан ашудың өзіндік себебі бар. Алдымен, Қарағанды десе бүйрегім бұрып тұрады, өйткені, дәстүрінен ерекше әсер аламын. Оған қоса, Арқа дәстүрге бай өңір ғой. Халқы ән мен күйге ерекше орын беріп, биікке қояды. Өнерге бейім, талантты жастардың да қарасы қалың. Осындай жастарымызға мәдени, рухани азық беріп, өнерге баулудың мәні зор, – дейді мектеп директоры Зәуре Уахитқызы.
Кішкентай өнерпаздар орталықты мерекелік көңіл-күйде ашты. Орталықтың басшысы ата-аналарға ризашылығын білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі. Астанадан арнайы келген айтыскер Айнұр Тұрсынбаева және белгілі эстрада әншісі Индира Расылхан орталықтың тұсауын кесті.
Өнерлі ұл-қыздар сахнада домбырамен, қобызбен, жетігенмен шығармалар орындап, дәстүрлі әннен шашу шашты. Орталықтың ұстаздары Жанна Бірлесқызы, Катя Төлепберген, Жазира Сейфулғазина шәкірттерімен бірлесіп, өнер көрсетті. Аталмыш орталықтың ашылуына байланысты ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, ата-аналар, оқушылармен тығыз байланыста болған дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Катя Төлепбергеннің еңбегін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Майра Мұхамедқызының шәкірті Ырысты Дулатқызы «Бұлбұл» әнін тамылжыта орындады.
Алдағы уақытта «Өнерпаз» орталығының оқушылары домбыра, қобыз, жетіген, фортепиано үйреніп, вокал, хореография, көркем-сурет өнерін меңгере алады. Сондай-ақ, ұстаздар оқушыларды актерлік шеберлікке, қолөнерге баулиды. Дарынды, шығармашылық жұмыспен айналысуға қызығушылығы мол балалар үйірмелерге қатыса алады. Білікті ұстаздар оларға бейнелеу өнері, кескіндеме, композиция мен қолөнердің қыр-сырын үйретпек.
Әлбетте, қазақтың ән мұрасы – қазақ жанының ғасырлар көшіндегі тірі куәгері іспетті. Осындайда өскелең ұрпаққа дәстүрдің қыр-сырын танытып, өнерге жанашыр болып жүрген азаматшаларға айтылар алғыс көп.
Ал, орталықтың ұстаздары мектеп табалдырығын аттаған бүгінгі бүлдіршіндердің аспап үйренуге құштарлығы жоғары екенін айтады. Елінің қалаулысы болатынына да сенімді.
Аяулым СОВЕТ