Ұлытау

Өнердің қарашаңырағы

Ұлытау аудандық мәдениет үйі – өнердің үлкен қарашаңырағы. Аталған мәдени ошақ есім сойы елге белгілі өнерлі өрендердің қанат қаққан қастерлі мекені. Әлі де байырғы дәстүрінен жаңылған емес. Түрлі үйірмелер бар мұнда. Не керек, аудан орталығындағы самаладай жарқырап тұрған сарайдан аттап өте алмадық. Арнайы соқтық…

Мәдениет үйінің есігінен ене қойған бетте сахнаны бетке алдық. Мәдениет үйінің қызметкерлері әсем күй шертіп отыр. Ажары әжептәуір артыпт ы. Үйірмелер де үзбей істеп тұр. Жалпы, мәдениет үйінің тарихына көз жүгіртер болсақ, ғимарат 1981 жылы қолданысқа берілген. Екі қабатты. Үлкен көрермен залы мен спортзалы бар. Спорт залдағы болашақ балуандардың қызу жаттығуын көріп, қызыға қарадық. Мұнда күрестің түр-түрімен айналысады. Үкімет тарапынан мәдениет үйлеріне жыл сайын қолдау көрсетіліп келеді. Қажетті музыкалық аспаптар алып, басқа да материалдық базасын нығайтып отырады. Бұған дейін ауданның 15 мәдениет үйінде 3-ақ домбыра болған. Содан аудан бойынша мәдениет үйлеріне жаңадан 62 домбыра алынды. Сонымен бірге, қылқобыз, прима қобыз, шаңқобыз, шіңкілдек, дабыл, сазсырнай, сыбызғы, бас домбыра, шертер секілді ұлттық аспаптар берілді. Тиісінше, байырғы дәстүрге қайта оралып, «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі (Ұлытау), «Балбырауын» оркестрі (Қарсақбай), «Арғанаты алқасы» ұлт-аспаптары оркестрі (Шеңбер), «Сарлық сазы» ансамблі (Аманкелді), «Бұланты сазы» ансамблі (Байқоңыр) және Қаракеңгір халық драма театрының жұмысы қайыра жандануда. Бұлардың барлығы сахнаға арналған ұлттық киімдермен қамтамасыз етілді. Өткен жылы аудандық мәдениет үйі мен кітапханалар 39 компьютермен жабдықталды. Қашықтықтан мерекелік шаралар ұйымдастыруда да аудандық мәдениет үйі мүдірген емес. Әлеуметтік желі арқылы тұрақты түрде жариялап отырады.

Жалпы, ауданның мәдениет саласында 54 көркемөнерпаздар ұжымы бар. Аудандық Мәдениет үйінің басшысы Гүлжан Көпееваның айтуынша, «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі, «Кеңгір» театры және «Жезді жұлдыздары» ән-би ансамбльдері «халықтық» атаққа ие.

Материалдық техникалық базаны нығайту арқылы биыл «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамбліндегі аспапта сүйемелдеушілердің санын екі есеге көбейтуді және аймақтық, облыстық фестиваль, байқауларға жиі қатысуды жоспарлап отыр.

Түрлі үйірмелердің үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын айта кеттік ғой. 2019 жылы аудан бойынша 51 үйірме жұмыс істесе, биыл саны 64-ке көбейіпті. Қатысушылардың саны 575-тен 846-ға артқан.

Мәдениет үйіне де «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандар жұмысқа орналасыпты. Атап айтсақ, аудандық мәдениет үйіне – І.Ибраева, Е.Зәйни, Қарсақбай кенттік мәдениет үйіне – А.Қайрат, Аманкелді селолық клуб үйіне А.Мұңайтпас, Жезді мәдени-сауық орталығына – Д.Алимбаев, Б.Алшынбек секілді қыз-жігіттер келіп, өнердің өркен жаюына үлкен еңбек атқарып отырғанын айта кету ләзім.

Мәдениет – халықтың ең үлкен қазынасы, ұлттың рухани болмысы, салт-дәстүрлерінің санғасырлық жиынтығы. «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» деп еді Елбасы бір сөзінде. Мәдениет саласындағы ілкімді істерді көріп, көңіліміз тоғайды. Жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, жуырда ғана Қазақ халқының төл өнерін насихаттау және дамыту мақсатында өткен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестиваліне облыстың 9 қала, 9 ауданынан өнерпаздар қатысты. Фестивальге Ұлытау аудандық мәдениет үйінің ұжымы қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды. Оларға І дәрежелі диплом мен 800 000 теңге сертификатты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жұмакенов табыстады. Сондай-ақ, «Ұлттық аспаптар жасау шебері» аталымында Азамат Бақия, «Құрақ көрпе құрау» номинациясына Туғанай Бапанова арнайы сертификатқа ие болды.

Ымыра-бірлігі жарасқан іргелі ұжымның әлі талай асуды бағындырарына сенеміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button