Жаңалықтар

Өнердің қайнар көзі

Ақтоғай өнерінің талбесігі – аудандық өнер мектебі. Оның алдында саз мектебі аталған мекеме 1972 жылы ашылып, 1995 жылға дейін жұмыс жасап, «болам деген баланың, бетін қақпай белін буған». Саз мектебін алғаш Есіркеп Ибраев басқарған. Астана қаласындағы Президент оркестрінің жетекшісі Амантай Жұмашев осы музыка мектебінен шыққанын мақтанышпен айтуға болады. 2002 жылы қайтадан ашылған өнер мектебі жоғарыда әңгімеге арқау еткен саз мектебінің заңды мұрагері. Заман талабы, уақыт ауанына қарай керегесін қайта керген өнер мектебінде бүгінгі күні күй, дәстүрлі ән, көркемсурет, қолданбалы қолөнер, вокал сыныптары жұмыс жасайды. Өнер мектебінің іргетасын қалап, басшылық жасаған Бағдат Ақбаева. Тәуелсіздік жылдары жаңаша түрленіп, өнер жолына түскен бірнеше буын бүгінде өнер әлемінің көгінде қанат керуде. Ұжымда небір білікті де білімді маман еңбек етіп, талантты жастайынан танып, өнерге баулып, күй шертіп, ән салуға тәрбиелеп, халқымыздың тұрмыста тұтынатын бұйымдарын жасаудың қырсырына қанықтырып, әр үлгіде сурет салу машығын үйретіп, ұядан қияға ұшырып келеді. Бүгінгі күні өнер ордасында 165 бала дәріс алады. Киелі орда шаңырақ көтерген аралықта талай толағай табыстарға қол жеткізіп, талай биіктерді бағындырды. Талабы таудай өнер мектебінің һас түлектері бірнеше республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, Бас жүлделерді қанжығаларына байлап, аудан, облыс қалаберді еліміздің намысын қорғап жүр. Атап айтар болсақ, М.Сейсенбеков жетекшілік ететін күйшілер сыныбының қос бірдей түлегі Тәтімбет Қазанғапұлы атындағы республикалық күйшілер байқауында Бас жүлде еншілеген.

2011 жылы қаңтардың 6-13-і аралығында домбырашылар ансамблі Түркия мемлекетінің Ерзин, Адана қалаларында өткен Түркі халықтарының халықаралық «Апельсин » балалар фестиваліне арнайы шақырылып, Қазақстан атынан барған делегация құрамына еніп, төрткүл дүниеге қасиетті қара домбыраның құдіретін паш етті. Сондай-ақ, домбырашылар ансамблі 2010 жылы Астана қаласында өткен IV Халықаралық «Ақ көгершін» байқауында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шықты. Дәстүрлі әндер сыныбы тәлімгерлерінің табысы да толағай. (жетекшісі С.Сәрсенқұлов). Дәстүрлі әнді жанына жалау еткен жас өнерпаздар талай дүбірлі додаларда топ жарып, шетелдерде қазақтың әнін әуелетіп жүр. С. Мүбарак ұстаздық ететін «Әуен» вокалды тобын білмейтін адам бүгінде кемде кем. Облыстық, республикалық телестудиялар «Әуен» вокалды тобын төріне шақырып, өнерін жалпақ жұртқа дәріптеді. Бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

2018 жылы «Әуен» вокалды тобы түрік елінің Анталия қаласында өткен «IAF» халықаралық байқауының Бас жүлдесімен қоса, Италияның Венеция қаласында өтуге тиісті халықаралық байқаудың жолдамасын да ұтып алған болатын. Өкінішке орай, пандемияға байланысты Италияға бара алмай қалды. Вокал сыныбының тағы бір талантты оқушысы Шұғыла Есімхан (жетекшісі Д.Жакупов) Түркияда өткен жас әншілердің халықаралық онлайн байқауында жеңімпаз атануы да Ақтоғай өнеріне берілген үлкен баға. Тек ән-күйден ғана емес, өнер мектебі өзінің үздік қылқалам, қолданбалы қолөнер шеберлерінің жетістіктерімен де мақтана алады. Өнер ордасында қазіргі таңда Р.Ақбасова, А.Жақанова, З. Әубәкірова Қ.Бектұрғанова, Г.Темірбекова сынды тәжірибелі тәлімгерлер жемісті еңбек етіп, балғын өнерпаздарға дәріс беруде. Өнер мектебі – Ақтоғай өнерінің қайнар көзі. Олай болса, талай топта олжа салып, өзгелерден оза шауып жүрген талантты өрендер тұрғанда Ақтоғай өнерінің қайнар көзі еш сарқылмақ емес.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

 

Басқа материалдар

Back to top button