Өнер мен өмір – марафон
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы, көрнекті суретші Өміркелді Әбеуовтің туғанына 75 жыл толуына және шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Өнер тіліндегі замана келбеті» атты жеке көрмесі өтті. Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен шараға өнер және мәдениет қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, суретшінің отбасы мен оның еңбегін бағалайтын өнерсүйер қауым қатысты. Олар 75 жасқа келсе де, қолынан қаламы түспеген еңбекқор ел ағасының еңбегін жоғары бағалайтындарын айтты. Көрмеде суретші шығармашылығының әралуандығын байқатты. Жиналғандар оның сурет, сүйек пен ағашқа ою-өрнек салу, шиден гобелен тоқудың нағыз шебері екендігіне көз жеткізді.
– Өнер әлеміне өзіндік жол салып, өзіне тән өрнекпен, өзіндік дауысымен келген бірегей талант иесі – Өміркелді Әбеуов. Өз әкесі Мұқтар ақсақал да қолынан мөр тамған айтулы ұста, зергер адам болған. «Ата көрген оқ жонар» демекші, Өмкеңе де өнер жұқанасы атадан қонған. Оның өнері интеллектуалды-философиялық көп қырлылығымен ерекшеленіп, ежелгі салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен сабақтасып, уақытпен үндеседі. Мұндай тақырыптың таңдалуы ең алдымен, суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының өзіндік ерекшелігінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын ол, өз шығармаларында уақыт пен сезімді көрсетуге тырысады. Ағаның көпқырлы дарыны, тежеусіз қажыр-қайраты мен энтузиазмы оған өнердің өрінен, құрметтің төрінен көрінуге мүмкіндік берген. Бүгінгі даңқ пен дәрежеге дәл осы қасиеттерінің арқасында жетті, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы замандасы Жанболат Башар.
Сонымен қатар, белгілі қаламгер Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуандық Сәденов сөз сөйлеп, Өміркелді Мұхтарұлының бейнелеу өнерінде сіңірген еңбегі туралы айтып, оның туындыларын жұртшылыққа насихаттау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, өнер иесінің шығармашылық өмірінің кейінгі жылдардағы еңбектері де ел назарына ұсынылып, жаңа туындыларының тұсауы кесілді. Көрмеге келген музей қонақтарына шебердің еңбек және шығармашылық жолына арналған деректі фильмі көрсетілді.
60-тан астам шығармасы ел назарына ұсынылды. Бастауыш білімді Қоңырат кентінің Ы.Алтынсарин атындағы №25 мектебінде алып, орта мектепті Тараз қаласының С.Сейфуллин атындағы №7 мектебінде бітірген. Мектепті бітірген соң Қоңырат кентінің карьеріндегі энергиямен қамту қызметінде жұмыс істейді. 1972 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің театрды сәндеу бөліміне оқуға түсіп, оқу барысында мамандығын суретші-безендірушіге ауыстырған. Училищені бітіргеннен кейін Қарағанды облыстық көркемсурет шеберханасының Балқаш филиалында суретші-дизайнер болып жұмыс істеген.
– Бұл өнер маған әкемнен және оның ағаларынан дарыған. Олардың барлығы ағаш өңдеудің хас шебері болды, қарапайым нәрселерден шедеврлер жасайтын. Бір гобелен жасау үшін кейде бірнеше ай қажет. Жұмысты алдымен қағаз бетіне түсіремін. Мен гобелен жасау кезінде жанымды саламын. Өкінішке орай, гобелендер қазір ерекше сұранысқа ие емес, – дейді суретші.
Айта кетейік, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өміркелді Мұхтарұлының жұмыстары бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелерге қатысып, Германия, Румыния, Чехословакия елдерінде көрсетілген. Оның ең бірінші «Қоңырат туралы ән» деп аталатын шығармашылық жұмысы Санкт-Петербург пен Мәскеу көрмелеріне қойылып, қазір Алматының республикалық көркемсурет қорында сақталып тұр. Сонымен қатар, түкті кілемге салу техникасымен жасаған «Ертең жұма», «Дала туралы баллада» деген жұмыстары, «Жер бетіндегі бейбітшілік үшін» деген триптихы, «Металлургтер», «Ұядан ұшқанда», «Ереуіл атқа ер салмай» атты полотнолары және «Аспан үсті, жер асты» диптихы, тұңғыш космонавт Тоқтар Әубәкіровке арналған «Жаңа ғасыр» гобелені қалалықтарға жақсы таныс.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ