Руханият

Өнер мен мұра тоғысып…

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей – құндылықтар мекені» атты «Музей түні – 2025» мерекелік шарасы өтті. Шараның мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау және музейге халықты тарту.

Сурет ұйымдастырушылардан

Шара барысында этнография залынан бастау алған «Шебердің қолы – көпке ортақ» ат әбзелдері мен қолөнер шеберлерінің көрмесінде қолөнер шебері Марат Баймұқанов жиналған жұртты өзінің жасаған бұйымдарымен таныстырса, кеншоқылық шебер Айдын Қуанышбеков шәкірті Түсіпбай Құлжанбекке қамшы өрудің түрлерін түсіндіре отырып, шеберлік сабағын өткізді. Сонымен бірге, әжелеріміз Гулбарам Имағанбетова, Қатима Татибекова, Ира Байқадамова, Мейрамгүл Түсіпханова, Бақыт Туғанбаева жастарға жүн сабап, ұршық иіру, жүн түтіп, ши тоқудың жолдарын түсіндіре отырып жасап көрсетсе, музейдегі «Хендмейд» жобасының жетекшісі Барқыт Баяманова шәкірті Айымға сыпыра тігуді үйрете отырып, оқушыларға жасалу жолдарын түсіндіре кетті.

«Домбыра пати» кезеңінде Ортекемен күй орындаған кеншоқылық Нұргүл Әлібекова мен дәстүрлі әнші Нұрбек Шабанның өнеріне жиналған жұрт ыстық ықыласпен ризашылық танытты.
Сонымен қатар, Ж.Ақылбаев мектебінің оқушылары ойнаған «Тоғызқұмалақ» пен «Бес асық» ұлттық ойындарын келушілер қызыға тамашалады.

«Музейге сый – ұрпаққа мұра» музей қорына жәдігерлер тапсыру акциясында аудан тұрғыны Думан Үсенов скифтер кезеңіне тән қола айна және XIX ғасырдағы ат жегілген соқаның темір пышағын тапсырса, Айзада атасының домбырасын табыс етті.

Шара барысында мектеп оқушылары арасында «Ол кім? Бұл не?» ойыны жүргізіліп Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауданның соғыс ардагерлерінің суреті көрсетіліп, кім екенін тапса, «Бұл не?» бөлімінде музейдегі жәдігерлер көрсетіліп олардың не және не үшін қолданылатынын таба білді.
«Киелі баспана – киіз үй» жобасында келушілер ұлттық дәмге толы дастарханнан дәм татып ризашылықтарын білдірді.

Кеш соңында музей басшысы Салтанат Қамытбаева қатысушыларға Алғыс хат, естелік сыйлықтар табыс етті.

Анар Тәжібекова,
музей қызметкері
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button