Кездесу

Өнер көшіндегі сирек ғасыр

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында аталған кітапхананың – 45 жылдығын және «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының – 25 жылдығын мерекелеу аясында «Жастық жалыны» атты кездесу кеші өтті. ZOOM платформасында өткен шараға орталықтың құрылуына атсалысқан азаматтар, кітапханашылар және оқырман жастар қатысты.

Шара аталған басқарманың басшысы Еркебұлан Жұмакеновтің құттықтау сөзімен басталды. Кітапхана басшысы Нұргүл Каленова да кешке қатысушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.

Кеш барысында «БОТА» орталығы жастарының кітаптарын қамтыған «Өр үмітті жастар» көрмесі ұйымдастырылып, ширек ғасырлық тарихы бар орталық жұмысының сәулелі сәттерінен бейнежазба көрсетілді.

Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің I курс студенті Ұлан Қазыл халық әні «Көзінің мөлдірін-айды» әуелетті. Арнайы шақырылған қонақтар жылы естеліктерімен бөлісіп, жас оқырмандарға игі тілек білдірді. Атап айтсақ, кітапхананың алғашқы директоры, мәдениет саласының үздігі Роза Белғожанова кітапхана «Жасөспірімдер кітапханасы» болып құрылған кездегі қиындықтар мен сол кезде қолұшын берген ұйымдар мен белгілі азаматтар жайында айтып өтті. «БОТА» орталығының алғашқы жетекшісі Жадыра Жұмай 1996 жылы осы орталықтың қандай жағдайда құрылғаны, сол кездегі жастар Ерлан Төлеутай, Мартбек Тоқмырза, Омар Жәлел, Мейрамхан Жәпек және басқа да студенттермен бірлесіп атқарған жұмыстарға тоқталды. Орталық құрылғанда кітапхананың алғашқы кітапханашысы Шолпан Байсеркеева демеушілік көрсеткен екен. Ол кезде Шолпан Кишенқызы кітапхананың кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, орталықты қажет кітаптармен қамтамасыз еткен. Ол өз сөзінде орталыққа қатысы болмаса да, сол сәттерде жастармен бірге жемісті жұмыс істегеніне тоқталды. Бірнеше жыл кітапханада қызмет атқарып, «БОТА» орталығында жетекшілік еткен Гүлсім Құдайбердиева да қызықты естеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ, кездесуге орталықтың алғашқы мүшелері Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбәрак, Ерқанат Кеңесбеков, Салтанат Кеңесбекова сынды ақындар қатысты. Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінің оқытушысы, жас ақын Өміртай Еділхан, №4 Абай атындағы орта мектеп директоры Әділ Жакулаев, доскейтанушы, ақын Оразбек Мақсұтұлы, «Қарағанды хабары» қалалық газетінің бас редакторы Ләззат Қожахметова, облыс әкімдігі аппаратының бас маманы Нұржан Жұмжұмаев, Қарағанды құрылыс колледжі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әйгерім Қарабаева, Бекарыс Жұмабекұлы сынды жастар қонақ болды. ZOOM платформасы арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан журналист Төлен Тілеубай, Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Қадырсұлтан Нүсіпхан, Көкшетау қаласынан дәстүрлі әнші Шыңғыс Сәрсенбай, Бақыт Шотов және басқа да жастар қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. Сол кезеңдерде жазылған өлеңдерін оқып, кейінгі жастарға жылы лебізін арнады.

Кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы шақырылған қонақтарға алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады.

Кеш соңында барлық қатысушылар ақын Қайрат Асқардың сөзіне жазылған «БОТА әнұранын» орындады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button