Приозерск

Өнегелі отбасы

Қасым ақынның «Отбасы – шағын мемлекет. Мен Президент, сен премьер» деген көптің көңіліне ой салатын жарына арнаған өлеңі бар. Шынымен де, отбасы шағын мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда мемлекетіміз бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып келеді. Елдігімізді мықтап, қадамымызды нықтаған тұста бірнеше елге тарыдай шашылып кеткен қаншама қандастарымыз отбасымен елге оралды. Солардың қатарында Марс СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ жанұясы да бар еді…

Бүгінде Приозерск қаласында тұратын Сүлейменовтер отбасы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқанын бақытына балайды. Марс аға 1995 жылы Приозерск қаласына Өзбекстанның Заравшан қаласы мен Тамды ауданында тұратын қазақтарды көшіріп, көш бастап келген көрінеді.

– Өмір – өзен деген рас екен. Өткен күндер сылдырап ағып өте шықты. Қазір артыңа қайырылып қарасаң, өзің жүрген соқпақтардың іздерін көресің. Енді, сол соқпақпен біздің балаларымыз жүріп келеді. Әрине, бұған шүкіршілік етіп қуанасың. Қиындықтарды көріп өскендіктен бе, біздің қатарымыз оқу, білімге деген құштарлығы ерекше болды. Ерте есейген сияқтымыз. Өйткені, айналамызға байыпты көзбен қарап дағдыландық. Самарқан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдадым. Кейін Сырдария педагогикалық институтында музыкалық білім алдым. Мол білім алсақ қана туған елімізді өрге сүйреуге болатындығын сезініп өстік. Біздің әулетті мұғалімдер отбасы десе де болады. Әкем – Әбу Сүлейменов те, анам – Айман Әбдірашова да мұғалімдер еді. Мен де, аяулы жарым – Феруза Сүйгенқызы да Приозерск қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, жоғары білімді, білікті маман. Тек, балаларым ғана басқа мамандықты таңдап, өз жолдарын тапты, – дейді Марс Әбуұлы.

Елім деп еміреніп, жұртым деп толғанған жігіт ағасының отбасы бүгінде тұрып жатқан шаһарына үлгі. 2019 жылы Приозерск қаласының «Үздік отбасы» атанып, облыста өткен игі шарада көрерменнің көңілінен шыққан.

Сонымен қатар, Марс Әбуұлы – 1995 жылдан бастап Приозерск қаласының көркемөнерпаздар тобының белсенді мүшесі. Қаланың белгілі әншісі, әуесқой композитор. Қаладағы мәдени іс-шараларға белсене қатысып, олардың жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосып келеді. Облыс әкімінің, қала әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, «Үздік ұстаз» төсбелгісімен марапатталған. Марс ағамыздың бірнеше әні, бір кітапқа жүк болар өлеңдері қағазда қатталып тұр. Тарих пен шежіреге де қамшы салдырмайды. Ана тілінде төгілте сөйлеп, Қасым ақын, Мұхтар Әуезов сынды қазақ әдебиетінің кесек тұлғаларының да бір-бір ауыз ұлағат сөздерін әңгімесіне тұздықтай отырып, тарих қатпарларынан, шежіренің алтын сандығынан тартып әңгіме айтқанда өзіне үйіріп алатын қасиеті де бар екен. Оқығаны көп, тоқығаны жетерлік. Көргені де, тергені де, ұлағат пен өнеге.

Әке өсиетін құлағына құйып өскен ағамыз өзі туған өлкеден, ықыласты ел-жұрттан кіндік кеспеуді, ағайынан қол үзбеу керектігін тілге тиек етті.

– Мен туған еліме келіп, бақ пен мұрат таптым. Осы жерде ұрпағыммен мың жасап жатырмын. Айта кетейін, тұңғыш қызым Ақмарал, жоғарғы оқу орнын бітірген, тұрмыста, жолдасы Баянғали Қарағанды қаласында тұрады. Үлкен ұлым – Ерлан, жоғары білімді экономист, қалалық жұмыспен қамту орталығының инспекторы болып қызмет атқарады. Қазіргі уақытта Ерлан келіншегі Гүлім екеуі 5 баланың ата-анасы. Екінші ұлым Нұрлан жоғары білімді. Шаңырақ көтерген, Бақытгүл есімді келініміз бар. Кейінгі екі ұлым – Дарын мен Шахнұр мектеп оқушылары. Аллаға шүкір, 8 немеренің атасы болып, білген-түйгенімді соларға үйретіп келемін, – дейді Марс Сүлейменов.

Осылайша, Марс ағамыз әулеттің алдыңғы буыны көрсеткен өнегені одан әрі жалғастырып, көш басынан көрініп, ата-баба мұрасына деген адалдығын танытып, қажымас қайрат -күшін жұмсап келеді. Біз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аманатты абыроймен алып жүрудің өзі де теңдесіз ерлік деп ұқтық.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button