Бас тақырып

Неге “Ақ патша” деді екен?

«…Алп, алп басқан, алп басқан

Арабы торым өзіңсің,

Жазылы, алтын, қол кескен

Алдаспаным өзіңсің!» – дейтін Шалкиіз жыраудай ішкі мәдениеті жоғарылар өте аз қазірде. Мұндай ішкі асқан мәдениетті Роза Бағлановадан көрдік. Елбасын өле-өлгенше «Ақ патша» атады. Одан соң ел аузында Әбіш Кекілбайдың, Мұхтар Мағауиннің ел билеушісіне деген жоғары құрметі – аңыз. Қазақтың хандық тарихында әр ханның жанында ақыл-кеңес айтар жырауы болғаны мәлім. Оның әрқайсы ханды дәріптеді. Сол арқылы елді бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақырды. Билеушінің кемшілігін де айтты. Жақсылығын да жасырып қалмады. Жыраулардың ол толғаулары арқылы біз сол заманның бейнесін көреміз. Бүгін ше? Бұл күні нені толғап жатырмыз? Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы жөнінде болашаққа қандай жазба қалдырамыз? Жыраулардай жақұт тастап кете аламыз ба? Әлде отбасы, ошақ қасындағы әңгіме ме?! Ішкі мәдениетті қозғағанымыз әуелде осы еді…

Былайғы жұрт қайдан білсін?! Бұл күнді «ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады» дейтіндей кезең дей алмаймыз. Әр елдің өз шекара-шегі бар. Қазір қырғиқабақ соғыстың аяқталып, іштей арбасқан, аңдысқан майданның кезі. Мемлекеттер арасында күле кіріп, күңірене шығатындары қаншама? Мынау ұланғайыр жердің ұлтарақтай да бөлігін бөгде иеленбеуі үшін қару алып, қан майдан ашу қажет емес. Бүгінде мұны сұңғыла саясат шешеді. Әйтпесе, Украина мен Қырымның стилі. Ол басқалар үшін оп-оңай. Немесе қырғыздың түрлі-түсті революциясы. Ежелден аңдысқан ата дұшпанның қолын қаға қоятын ара ағайын мемлекет табылары тағы күмәнді.

Негізі, жұрт – бейхабар. Тіл білмеген соң. Мынау әлем елдерінің Қазақстан туралы нендей пікірде, қандай ойда екендігінен. Батыс БАҚ-ындағы шолулар мақтай отырып, мақтамен бауыздайды. Жаны ашыған жанашырлық танытады өздерінше. Бауырына басқысы келген кеңпейілдігінің көксегені не екені белгілі. Төріңізге шықса, текеметіңізді тілуге әзір. Оны сезбеу мүмкін емес. Баршасының жалғыз-ақ кейіпкері бар. Ол – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының әр саяси қадамын қалт жібермей қадағалапты. Осы ойландырады. Рас, шетелдік БАҚ-та бәрі бар. Негатив те, позитив те. Бірақ, көпшілігі Елбасының саясаткерлігіне тәнті екен. Шетелдік БАҚ-ын шолып шыққанда көзіміз жете түскен бұған.

Жаңылмасақ, BBC арнасы Қазақстанның солтүстігінде туындауы мүмкін қиындықтарды Нұрсұлтан Әбішұлы көрегендікпен шешкенін айтады. Ол – астананы көшіру дейді. Сонымен бірге, елге оралған қандастарды, қазақтарды солтүстік өңірлерге көптеп орналастыру арқылы кейбіреулердің «орманға қарап ұлығанын» тыйды. Мәселені үзілді-кесілді шешті депті.

Аңғарғанымыз, Елбасыны өзге мемлекеттер Қазақстандағы тұрақтылықтың кепілі деп бағалайды. Олардың айтуынша, Елбасы барда, Қазақстанға сырттан әзірге қауіп жоқ. Өйткені, Елбасы осы жылдар ішінде әлемнің барлық мемлекетімен ынтымақтастық туралы келісімге келіп үлгерген. Былайша айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның – жауға бермес қытай қорғанымен пара-пар. Демек, әлем санасады деген сөз. Алпауыттар кез келгенмен терезесін тең қылмайтынын ескерсек, Ұлт Көшбасшысының осы арадағы салмағы айқындала түспей ме? Мұнымыз – жеке бастың культі емес. Тарихтағы талай оқиғаларды оқығаннан кейінгі байлам.

Ал, Елбасының 2019 жылы наурызда өз еркімен тақтан бас тартуын – әлемдік БАҚ біраз талғажау етті. Мұндайды өзіміз түгілі өзгелер күтпеген екен. Дүние жүзі Нұрсұлтан Әбішұлының бұл қадамын мықтылыққа балапты.

«Тарихта өз бетімен тақтан түскендер болған емес. Не кетіріп тынатын, я тақтан өліп айырылатын» деседі олар. (Каргени сайты. АҚШ).

«Қазақстан өз тарихының бетбұрыс кезеңінде тұр. Бұрынғы посткеңестік елдердің арасында биліктің бұлайша ауысуы оңайға түспейді. Осылайша Назарбаев 1991 жылдан бергі жетістіктерді, тұрақтылықты сақтап, Қазақстанның алған бағытынан жаңылмауын қамтамасыз етпек» деп және жазды.

Сонымен бірге, Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің орташадан жоғарыға өскені де шетелдің назарынан тыс қалып көрмепті. Бәрін бағамдап, бағдарлап, дұрысы, аңдып отыр. Бұлардың бір бармағы бүгулі. Оны ұмытпауымыз керек.

Демократияның дәнін сепкісі келген кеңдіктерінің астарында қой терісін жамылған қасқыр болуы бек мүмкін. Мұны тарих көрсетті. Атысып-шабысып жатқандардың қолтығынан су бүркіп, шоқ-шоқтағандар сырттағылар еді.

Қазақтың жері – қашаннан көршілердің көз құрты. Ол жерді, елді ұстап тұру үшін білек қана емес, жүрек керек. Ондай жүрек тек таңдаулыларда ғана болады. Ал, таңдаулы – Елбасы еді. Оны сезіну үшін бағзы жыраулардың ішкі жоғары мәдениеті және керек. Сол мәдениет бар ма бізде?! Роза Бағланова «Ақ патша» деп неге айтты? Әбіш Кекілбай орден алғанда Президент қолындағы орденді неге сүйді? Ұлы Мұхтар Мағауин Елбасы залға кіргенде орнына жайғасқанша, неге тік тұрып, құрмет көрсетті? Ойланып көріңізші… Ішкі мәдениет.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button