Басты тақырып

Үндістер ізіне үңілсек…

(Солтүстік Американың байырғы жұртының түп-тұқияны тамыры нені меңзейді?)

            «Пенденің сұрағаны болмайды, Алланың қалағаны болады» деген, тегі, рас. Қиялда жоқта қияндағы Америкаға, оның өзінде Америка Құрама Штаттарына бару өң түгіл түске де кірмеген. Мұндайлық сапар сәті түскенде қолға қалам ұстағандықтан ба қалай, бұрыннан естіп-білгеніңді зерделеп, көптен көңілдегіні жазуға реті келіп қалу – ой түртпектемей қоймайды екен. Көптен демекші, танымға талпынған сонау кезден-ақ бір қызықтырып, бір қынжылтып, тарихтас әрі тағдырластай да аянышты танылатын байырғы жұрты үндіс тектестер жайы назардан тыс қалып көрмеген. Бұған түрлі себеп тартатын.

Жалпылай үндістер деп жаңсақ жапсырылғанымен, Колумб бастаған испан теңіз жиһанкездерімен кездескенше жер шарының батысында 500-ге жуық ұлыстар мен тайпалардың әрқайсысы дербес өмір сүріп, бөлек-бөлек аталуы бертінде белгілі болған жайт. Нағыз Үнді жерін іздеп шыққандарды егер жалпақ мұхит желі адастырмай мүлдем өкше тимеген жаһанға тап қылмағанда, дүние сипаты басқаша өзгерер ме еді дейсің қазір. Тарихтың осындай тосын тұстары болуына сан оқиғалар куә ғой.

Әуелі әріден қозғағанда осы жұртпен әлем жаратылғаннан бергіде тамырласар түп тегіміз сыры тек Тәңірдің өзіне мәлім жұмбақ, сірә. Әйткенмен оны шешуге деген ұмтылыс ұшқынын жасаған американистика ғылымының негізін қалаушы Льюис Генри Морганның топшылауы бойынша орта ғасырға дейін аяқ жеткісіз болған алып құрылықты алғашқы мекендеушілер солтүстік шығыс азиялықтар екені, мұны былай қойғанда мына өзіміздің Алтайдан, Саяннан Аляска асып барушылар кәдіктігі бүгінде басты тұжырымдардың бірі. Жылқы қолға үйретілген дәуірге шейін жаяу-жалпылап аң аулап, қуалап, ізінен қалмаушылар біздің заманымыздан 10-15 мың жыл бұрын екі құрылықты жалғастырушы құрғақ жіңішке қырат арқылы өтуі мүмкін көші-қон әсері деу алға тартылар әңгіме.

Мұхиттар суы көтеріліп, бүгінгі Беринг бұғазы пайда болып, жол кестегенше бірнеше дүркін қайталануы, бірнеше толқын табан басуы болжанады. Оның қисындылығын бағамдауға бүткіл зерттеушілік талабын жұмылдырушы тағы бір американдық танымал ғалым Алеш Грдличка 1912 жылы Сібір мен Алтайға арнайы келіп, жергілікті тұрғындар тілімен, әдет-ғұрпымен танысады. Азия мен Американың түйісер тұсындағы жер бетінен кезінде батысқа қоныстанушылар үзік-үзік ізінің жұрнағын табады. Осынау жұмысы жайлы «Аляска күнделігі» кітабында баяндалумен қатар ғылыми құндылығы танылған жеке еңбегі және бар.

Бұлайша айтылғанмен, бабадан бабаға мұра байтақ ортақ топырағымыздағы сан нәсілдер ішінен алдымен кімдер жолы оңғарылуы мүмкіндігі көкейде жүретін ой болатын. Шынтуайтына келсек, екі ортадағы қадам аттаттырмас көсілген ну орман-тоғайдан, арқыраған өзендерден асып, жердің жырағына алыстан жетушілерден гөрі арғы қабаққа бір табан жақындау да, қоңсылас та жұрттар емес пе екен деп көрінетін. Себеп түсінікті. Онсыз да бүткіл тыныс-тіршілігі шана мен қайық үстіндегі оңтайлы қауымға қаласа әрі-бері өтуге еш бөгесін жоқ-тын.

Еш нәрсеге бей-жай қарамайтын зерттеушілердің бұл жайдың бетін ашып беруі Қазақстан ғылымына жағымды жаңалық болғанын айта кеткен жөн. Генетика ғылымының соңғы жетістігі ДНК тәсіліне сүйенген американ ғалымдары байырғы жерлестері тұқым-тегі алтайлық, тыбалық, сахалық, хакастық, шорлық түркі тектестермен байланысты екенін анықтады. Реті келгенде қалайша атап өтпессің, мұның алдында осылайша тексерілген эскимостарда, чукчаларда, коряктарда, эвенктерде, юкагирлерде, олармен қоса қытайлар мен кәрістерде ДНК-нің негізгі 4 үлгісі /А,В,С,Д/ табылмаса, ал жоғарыда аталған қандас бауырларымыздың бойында бар болып шыққан. Мұны Ресейдің Вавилов атындағы жалпы генетика институты да дәлелдеп отыр. Ал тағы дәйектесек, түркі нәсілді ғана халықтарда кездесетін жаңа туған нәресте құйымшағының үстіндегі көк таңба үндіс сәбилеріне де тән екен. Өсе келе өшетін әлгі дақ ғажабы сол, жапон бүлдіршіндеріне бітімді болуы да назар аудартып жатқан бағам. Дүние тылсымдарын танып-білуге жүйрік жапондардың Алтай жаққа жылы қарайлауы содан болар ма дейсің.

Адамзат тарихына байланысты кейінгі екі ғасырда тың тақырыпқа айналған, беймәлім құпияларға толы осы мәселеде әлбетте, шексіз дау, түрлі-түрлі көзқарас, айқыш-ұйқыш пікірталас жеткілікті. Алайда, енді этногенетикалық, антропологиялық, археологиялық, қала берді лингвистикалық зерттеулер арқа сүйеттіретін нәтижелер Морганды қолдаушылар бағытын қуаттатып келеді. Бұл ретте, мынадай да таңғажайып мысалға тоқталған жөн шығар. Мәселен, татар филологы Абрар Кайруллиннің зер саларлық зерттеуіне қарағанда дакот және түркі тілдерінің түп тамырлық байланысы бар тәрізді. Неміс ғалымы Отто Ригтің морфологиялары тым ұқсастығына, жалғалмалы /аггютинивтік/ тілдер екеніне көңіл бөлуі орыс әріптесі Алексей Кнорозовты кездейсоқтық емес жайтты зерттеуге итермеледі. Сондай-ақ, американдық түркологтардың пайымдауынша мағыналық төркіні туыстас біраз сөздерді осыған жорамалдайды. Риг жасаған ағылшынша-дакотша сөздікте ата, баба, екі, ана, т.б. сөздердің дәлме-дәл қазақша қалпында аталуы соның айғағы дерлік.

Елдің екі елеулі штаты Солтүстік және Оңтүстік Дакота аталатын бұл тайпа тілі сиуан тілдік тобына жататыны, ал ол үлкен топ екені ескерілгенде аса қызғылықты құбылыс ретінде еленер емес пе! Керек десеңіз, әйгілі майялар тіліндегі кей сөздердің де құлағымызды елең етерлігі естуде сенгісіз. Қазіргі жас буынға ғылымға барынша қол сілтеуге мүмкіндік кең заманда бағзы ғасырлар тұңғиығын серпуге сұранып тұрған тақырып-ақ қой, шіркін. Бұл ретте сонымен қатар 1879 жылы құрылған американистиканың ғылыми орталығы – Смитсон институтының бірінші директоры Джон Пауэллдің «Мексикадан Американың солтүстігіне дейінгі үндістердің тілдік топтары» деген еңбегінен арқау тартарлық түйіндер баршылығын айтуға болады.

Әңгімеміздің қисынын келтіре түселік. Алғашқы еуропалық қоныстанушыларды көзге түсерліктей көріністегі қорымдардың, обалардың,үйінді қоршаулардың көптігі таң қалдырған. Балшық пен тастан қаланған бұлардың кескіні біркелкідей көрінгенімен, сәулеттілері аз кездеспеген. Ғылми тілде маундтар деп аталған мұндай құрылыстар елдің шығысында бұрын мыңдап саналса, жұрнақтары Солтүстік Каролина, Вирджина, Кентукки өңірлерінде әлі де ұшырасарлық. Археологтардың зерттеуінше дені дерлік зираттық кесенелер түрінде салынған. Даңқты адамдар басына оба көтеру, әйгілі әулеттер қорымын түзеу ертедегі сақтарда, ғұндарда кең етек алғаны, белгі-нұсқалары аймағымызда сақталып қалғандығы мәшһүр. Америкаға қоныс аударушылар бәлки, осы салтты ұмытпаған болар десек, екі ел археолог ғалымдарының ізденісіне бұл да бір жіп ұшығы.

Қозғай берсе, бір кезде қолтықтас тұтас құрылыққа еркін араласқан жұрт тарихындағы көкірекке жылы із аз деуге болмайды. Бұған солтүстік американдық үндістердің Нью-Йорк пен Вашингтондағы ұлттық мұражайларында болуымызда көзіміз әбден жете түскен еді. Экспонаттарға бай екеуінде әсіресе, қолөнер үлгілері мол. Соның ішінде апач, навах, дакоттардың үй тұрмысында қолданылған сәндік мүліктер дәл Алматы, Қарағанды мұражайларынан әкеліп қойылғандай, текемет, сырмақ, алаша, кілемдердің арқар, қошқар мүйізді ою-өрнегі көзге ыстық басылады. Үстірт қарағанның өзінде ата-баба аруағына сыйыну, отқа табыну, бақсылық /шаманизм/ сияқты таныс діни наным-сенімдер елестері сезіледі. Бізге одан сайынғы қызықтығы, жергілікті үндістер тұрмысында бақсылар елеулі орын алған. Кезінде қазақ даласындағы ауылдарды аралап, емшілікпен, тәуіптікпен, балгерлікпен, сиқыршылықпен, көріпкелдікпен шұғылданушы болмысы бөлек жандар мұнда да қастерлі болған сыңайлы. Бастарына құс қауырсындарын қадап алушы, омырауын сылдырмақтарға толтырушы, дабылдарын дамыл-дамыл ұрғылаушы, секіріп-билеп зікір салушы әулие бейнелер кешегі өлкеміздегідей бұл жақта да ел ішін іркілмей аралап жүрген.

Нью-Йорктегі мұражай қаланың көрнекті бөлігіне орналасқан. Аты-шулы Манхэттен бойынан, ғажайып шаһарды қақ жарып жайылған Гудзон өзенінің жағалауынан орын тебуі де жайдан-жай ескерілмесе керек. Іргесіндегі әсем саябақ айлағынан атақты «Азаттық» ескерткішін жеңіл кемеге немесе жылдам қайыққа мініп барып көрумен бірге айналасы қай-қайсысы сыры ғибратты орындарға толы дерсіз. Үндістерден Манхаттану дейтін аралды 200 кронға сатып алған голландтық отарлаушылар осында жаңа қоныс іргетасын қалаған. Одан соң ағылшындар қолына көшкен қалада ертеде жер иелері кімдер болғандығын еске түсіруші осы ғаламат көше атауы ғана.

Ежелгі тұрғындар өміріне арналған Вашингтондағы екінші мұражай да өте танымал орында, ел саяси өмірінің қара шаңырағы – Капитолийден таяқ тастам болып шықты. Бір ерекшелігі, төрт қабатты көрікті ғимарат тегі үндіс архитектордың жобасымен салыныпты. Дүйсенбі күн болса да іші бос болмады. Аралау, көру тегін. Әр тілді, әр түсті жұрт тамашалауға жапырласып жатыр. Осы күнге шейін жазықсыз жапа шегу, қисынсыз қиянаттар, аяусыз зорлық-зомбылықтар ұмытыла қоймаған қасіретті кезеңнің шындығы бұқпайтайланбай қалуы да байқалады.

Шамалы тоқталсақ, еуропалықтардың Солтүстік Америкаға тұңғыш рет 1490 жылы аяқ басқаны мәлім. Сол-ақ екен, бір-бірімен тайталасып, бәсекелесіп, жортуылдаған Себасьян Каботан, Гаспар Кортереал, Понсе де Леон, Джовани Веразано бастаушы экспедициялар Арктика мұздарынан Атлант мұхиты толқындары шайған оңтүстігіне дейін шарлап шығады. Қайда барса да елсіз-жұртсыз болмайды. Миссисипи, Огайо, Иллионс өзендерінің бойындағы салқын, құнарлы өңірлерден жылы Флоридаға ұласатын ұлан байтақ далалық, таулы-үстіртті, шөлді, орман-тоғайлы аймақтар ирокездер, апачтар, делаварлар, дакоттар, навахтар, семинолдар, команчилер, жалпы алғанда 450-ден астам тайпалар ата қонысы саналса, қай-қайсысы да отарлаушылар дақпырт салғандай қоғамдық өмірдің төменгі сатысындағы жабайы жұрт емес-тін. Өзіндік даму, алаңсыз тіршілік, өскелең мәдениет, мәселен, черокиздер тарихынан аңғарылады. Әулие Лаврентий өзенінің бойындағы өлкеде дәнді дақылдар өсірумен шұғылданған, ауқымды қоныстар тұрғызған, дәм-тұзы жарасты ононда, кайюга, могауки, сенека тайпаларымен конфедерациялық құрылым құрған олар егер отаршылдар келіп килікпегенде Солтүстік Американың басым бөлігін қамтитын мүдделес қауымдар одағы орнауына тірек болғалы да тұрыпты.

Содан соң, үндістер басына түскен қасіретті жазу қиын. Отарлау саясатының жантүршігер барлық озбырлық зорлық-зомбылықтарын қолданып баққан қырғынның ақыры олардың түп-түбірімен жер бетінен жойыла жаздауына әкеліп соғуын тарих жасыра алмайды. Туған топырақтарында паналар жер, өмір сүрер жарық қалмауына байланысты айқасқа қандастарын бастап шыққан семинолдар, апачтар, делаварлар, гурондар, арапахтар, чироктер, сиулер, навахтар батырлары – Осеола, Понтиакт, Кинтпуаш, Винету,Текумсе , Чингачук есімдері ұрпақтарының есінде. Апачтар көсемі Гойатлайдың /Херонима/ садақ пен айбалталы ғана аз сарбазымен мылтық-зеңбірекпен мұздай қаруланған генерал Круктың 5 мыңдық әскерін ойсырата жеңіліске ұшыратуы сияқты соққыдан ызаланған басқыншылардың аяусыз әрекеттерін айту ауыр. «Жақсы үндіс – өлі үндіс» деп өшпенділік өршіген осы кез. Бірнеше жыл Аризона, Техас шөлінде желдей есіп, сенімді серіктерімен тірідей берілмеген Гойатлай және Торғай, Ұлытау даласында ұстатпай кек қайтарған Кейкі батыр тағдырлары қандайлық шендес десеңізші. Фенимор Купер, Майн Рид, Марк Твен сынды суреткерлердің шығармаларына арқау болған ерлік пен өр рух атойлаған шақ болатын бұл.

Дегенмен, «Заман – зордікі». 1850 жылы Миссисипиден асып қоныстанушы әр келімсекке 160 акр жер тұрақты жеке меншікке берілетіні жөнінде Заң қабылдануы ойда жоқ үлесті қарпып қалуға мыңдаған адамды жосылтады. Осы жақтағы жазық жазирада өсіп-өнуші миллиондаған бизонды аулап күн көруді кәсіп еткен үндіс тайпаларына төтен апат басы басталады. Олардың қарсылығын жойып, қуып шығу ашық айқасының ұзаққа созылуынан тайсақтаған басқыншылар басқа амалға көшіп, негізгі азықтық жануарларды қынадай қырып салады. Ғасырлар бойғы өмір тірегі жылқысын тартып алып, бар малын жойып, жойқын ашаршылыққа ұшыратқан мұндай нәубет күні кешегі тарихымыздан да аян. Тыйым етілмеген осылайша зорлық-зомбылықтар, көпке дейін азамат санатына қоспаушылық қорлық-кемсітушілер тек бертінде бірте-бірте келмеске кетті.

Тарихтың жаңа беттеріне байырғы халық та жазып жатқан жарқын жолдар көп. Соның бірінде мысалы, екінші жаһандық соғыста отандастарымен бірге қоян-қолтықтаса шайқасқан үндіс жауынгерлерінің қатарынан крик, чирок, пима тайпаларының өкілдері Эрнест Чилдерс, Джек Монтгомери, Айра Хейес АҚШ-тың ұлттық батырлары атануы – ортақ мақтаныш. Ал, Тынық мұхиты майданына жіберілген наваха тайпасының 3600 сарбазы әскер байланыс бөлімшелеріне құпия бұйрықтарды, жасырын мәліметтерді ана тілдерінде жеткізіп, соғыс аяқталғанша жапон барлаушыларының не тіл екенін білмей қарсы шара қолдана алмауы – дүниежүзілік барлау тарихындағы таңғажайып айла саналады.

Бүгінде сан нәсіл сапырылысқан алып елде сан жағынан азайған үндіс тектілерді ажырату да, кездестіру де қиын. Барлық жерлестері сияқты тең құқылы азаматтар ретінде қоғам өміріне белсене араласады. Ана тілдерінде басылымдар бар. Орталарынан оза шапқан кәсіпкерлер, әртістер, спортшылар сирек кездеспейді. Айтпасқа болмайды, Нью-Йорктің көкке шаншылған 120-130 қабатты үйлерін салушылар могаук аталатын тайпадан шыққандар делінеді. Не кереметінің барын кім білсін, өзгелердің басы айналар, көзі жұмылар биіктікте ештеңені елең етпей жеңіл қимылдауға дағдылы бұларды әлемнің ірі құрылыс компаниялары қалап алып жататын көрінеді.

Америка Құрама Штаттарына бара қалғанда үндістерді не еске алдырады десек, жер-су аттарын айтар едік. Мичиган, Висконсин, Миннесота, Дакота, Небраска,Ореган, Юта, Айдахо, Алабама, Делавэр, Канзас, Оклахома штаттары, Гурон, Онтарио, Онайда, Сенека, Мичиган, Винипег көлдері, Миссисипи, Потомак өзендерінің атаулары кезінде жер иесі кімдер болғанын аңғартарлықтай. Әйгілі Манхэттен айрықша естіледі. Канада мемлекетінің аты да ирокездер тіліндегі қоныс деген сөзден шыққанын қалай айтпассыз?!

Адамзат тарихы қатпар-қатпар. Алыс та болса жақындай үндістер ізі осындай.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button