Өндірісі өркен жайған
Қаражал қаласының өнеркәсіп өндірісі өрлеп келеді. Шағын шаһардың 2012-2025 жылдарға арналған бас жоспары бекітілген. Бұл туралы Қаражал қаласының әкімі Қайрат ШОРМАНБАЕВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің негізін өнеркәсіп саласы қалап отыр. Бүгінгі күнде аймақты өнеркәсіптік резервтерін анықтау жұмыстары жүйеленіп, өндіріс ошақтарының қанатын кеңге жаюына ықпал етер бірқатар жобалар кешенді жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Жәйрем кен байыту комбинаты барит, мырыш және қорғасын поллиметалдар кенін байыту фабрикасының құрылысы бар. Жылына 5 млн. тонна полиметалл кендерін қайта өңдеуге қуаты бар жоба іске қосылса, 380-нен астам жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, «Сарыарқа IRON» ЖШС кәсіпорнын ашу жоспарланған. Жоспарлы іс жүзеге асса 97 адам жұмысқа тартылмақ.
Елбасының бастамасымен іске қосылған Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені ырғақты жұмыс істеуде. Құны 6 млрд. теңгені құрайтын өндіру кешені 100 адамды жұмыспен қамтыған. Өндірістің бірінші кезеңінің қуаттылығы бойынша жылына 200 мың тонна барит концентратын өндіру жоспарланған. Қайрат Ғосманұлының айтуынша, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасына енген Қаражал жылу жүйесі толықтай жөнделіп, қазандықтар мен құбырлары жаңартылған. Ендігі кезекте ауызсу мен тас жолдың мәселесін шешуді жіті назарға алған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында өңірдің ауызсуын жақсартуға 1 млрд. 900 мың теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, жолдарды жөндеуге, оның ішінде, Жәйремге 40 млн. теңге бюджеттен қаржы қарастырылмақшы. Жұмыссыздық пен кедейшілік мөлшері өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Өндірісі өркен жайған өңірдің сұранысына сай, биылдың өзінде 50 адамды механизатор мамандығына оқытқан. Келешекте айтулы кәсіпорындар жұмысын бастағанда оқу курсынан өткендер жұмыссыз қалмайтындығын қала әкімі қадап айтты. Журналистер қойған сұрақтарға толымды жауап қайырған шаһар басшысы Қайрат Шорманбаев аймақта атқарылатын істердің көптігін жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ