Руханият

Ғұндардың жүрегі

Саясат пен экономикадан биік нәрселер болады. Кезінде көпшілік мойындай бермегенімен, бара-бара адамзат өркениетінің төрінен өз орнын ойып тұрып алмай қоймайды ол дүниелер. Н.Коперниктің «жер күнді айналады» деген ғылыми тұжырымын жаңғыртқаны үшін Г.Галилей жауапқа тартылған заманында. Тобырмен олай «соғысуға» болмайтынын түсінген ғұлама-ғалым ақырында жер күнді айналмайтынын «мәлімдеп», кешірім сұрап шығып бара жатып, «ол бәрібір айналады» деп сыбыр етіпті. Оны жауапқа тартқан дінбасылары емес, ғұламаның сол сыбыр сөзі қалған тарихта. Дәл сол сияқты заманында аңдаусыз өтіп кеткенімен, жыр алыбы Жамбылдың Грузияға сапары да тарих бетінде жазулы. Бұл оқиға Абай атындағы Ұлт сыйлығының иегері, ақын Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ өлеңдері мен поэмалары грузин тіліне аударылып, Күржістанда (Грузия) кітап болып шығып жатқанда еске түсті.

Бұл – екі елдің қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болғанындай мыңжылдық құбылысқа пара-пар дүние. «Құда – мыңжылдық» деп тегін айтпайды қазақ. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» (Абай), дүние байлығымен емес. Мұның бәрі жан мен рухтың қорытындысы. Қара өлеңнің қайнарынан қанып ішкен Ғалым Жайлыбайдың қай өлеңінен болсын, қазақ ұлтының рухы ұшқын атады. Кеңшілік Мырзабеков айтқандай, «томардан түскен шоққа ұқсап» тұрады. Жаңаарқадан әрі Бетпақтың құмына біткен сексеуілдей елестейді, кейде. «Шөлейттеу жердің шөбі едім, шөліркеп әлі келемін» дейтін ақынның қазақ қайғырса – қоса жылап, қуанса – қоса шаттанған, ұлтымен бірге тебіренген өлеңдері – Грузияға ұзатылған біздің ұлттың бір өскіні. Қазақ рухының тұмасындай күмбірлеген ақын жырлары таулы жұрттың жүрегінде өркен жаяды бұйырса. Бұл – бүгін жай ғана айтылып қоя салғанымен, жан мен рухтың телегей теңізі дерлік ғаламат іс, білгенге. Жаңаарқаның жазирасы, Қарқаралының қарағайы, Ақтоғайдың аққайыңы, Хантәңірінің жасыл шыршасы, бір сөзбен айтқанда, Арқа мен Алатау, Алтай мен Атыраудың өскіні сол Грузия елінде көктейді. Ертеңгі күн екі елдің бауырластығы дегенде ең бірінші қай ел қанша мұнай шығарып, қайсысы қанша шарап өндіргені емес, арадағы осындай құндылықтар қаншалықты орныққаны айтылады. Бір елдің екінші елге сүйіспеншілігі мен махаббаты салады алтын көпірді араға. «Елдің атын ер шығарады» десек, ұлт пен халыққа тек Тәңірі ғана сыйлайтын мұндай қасиеттер Күржістанға жерлес ұлдарыңыз Ғалым Жайлыбай жырлары арқылы барғаны қандай қуаныш, қандай мәртебе?! Мәртебелі мемлекет ұлт пен халыққа тәуелді заман орнайды әлі. Жапония мен Кореядағыдай. Сол кезде «Сіз қателесесіз, жолдас Сталин!» деп күржінің көсеміне өктем сөйлейтін ұл (Т.Рысқұл) туғызған ұлттың айдарынан жел еседі. «Төрге шығыңыз, шығыстың Шыңғыс ханы» деген Сталинге: «Төрге грузиннің кінәзі отырып алыпты ғой, бізге осы жер де жетеді» деген Сұлтанбек Қожановтың сөзі жаңғырады жадыда. Одан бұрын Алтын Орданың ханы, жарты құрлықтың әміршісі Батудың атты әскері барып алған жер. Жоғарыдағы Түркі ұлдарын сөйлетіп тұрған сондағы асқақ қан (рух) болса керек-ті. Бұлардан кейін тоқсанға толған шағында жыр алыбы Жамбыл барған-ды Қап тауындағы Күржістанға. Заманы тар болса да, заңғар рухын танытып, тоқсан жасында грузиннің қызына ғашық болып, жырымен сайран салған-ды Күржістанда. Биыл жыраудың 175 жылдық мерейтойына мынадай игіліктің тұспа-тұс келіп жатқаны кездейсоқ емес, ендеше. Қасым Аманжоловтың Әзірбайжан астанасы Бакуге Низамидің тойына барғанындай, Жамбыл атамыздың күржіге сапарын ертеректе бір мақаладан оқығанбыз, егжей-тегжейлі есте қала ма? Ертелі-кеш есайнамызды (жад) қарайлап, Жұматай Жақыпбаевтың өлеңін тауып алдық. Жыр алыбы Жәкеңнің Грузияға сапары туралы. Тарихқа ол заманның саясаты кесапатымен таңбаланса, мынау ізгілігімен қалыпты. КСРО-ның сұрқия саясаты дүниені қанға тұншықтырса да, ақынның басқан ізіне гүл шығады екен-ау дестік. Біз де сондай саясаттан биік ұлтқа айналуға жазсын. Төменде Жәкеңнің күржіге сапарын жазған Жұматай Жақыпбаевтың жыры – «Ғұндардың жүрегі».

«Вокзалға қарай бұл елді кім бөріктірді?
Көрікті елдің құшағын гүл көміп Бақтияр,

Еділ киетін сусар бөрікпен,
Күржістанға керік қас ғұн келіп кірді.
Арналды ғұнға күржінің әуені, үні,
Артынан сөзі жетті Оған, әуелі гүлі.
Мың ауызбенен атағын аспанға атты,
Құрсағын қанжар сәндеген тау елі мұны.
Өткендей болды біржола мұңды әннің шағы,
Кіргендей болды мәулен бас шыңдардың сәні.
Орыстық ұлы Ордадан осында келген,
Шәйірді қайран қалдырды ғұндардың шалы.
Көкжанар ақын көрмеген жыр, әні кеміп,
Тоқсанға келген, жаны жас бұланы көріп,
Бұланың бұлттай мұңданып дірілдегенін,
Қасында жүріп көрді де, жылады келіп…

Суалтты бір дерт жыр, әні суалмас ұртын,
Мәжнүнді мұндай ешқандай туа алмас ұлтың.
Айкүмістерді алты орап алатын сұлу –
Күржінің қызы-ай, ондай жан туар ма, шіркін!
Дірілдер бір сәт туды кеп бұл ерінге де,
Өлген жоқ, тірі. Үзеді күдерін неге?
Қыза келгенде: «Қызыңды… Сталин…» – деген,
Бөркімен кірген еді-ау ол Кремльге де.
Басталды қайта біржола мұңды әннің шағы,
Шулардың мәні қалмады, шыңдардың сәні.

Ғашық боп қалды, аруды алғысы келді,
Тоқсанға келген екейлік ғұндардың шалы.
…Ару, ақ таңым. Мен бүгін жаралы Ғұның,
Қобыз кеуденің зарлатқан саналы қылын.
«Әкемдей жансыз…бір түрлі… сүйемін» дейсіз…
Сол сөзің мені өлтіріп барады, Күнім.
Өлмедім, қалдым өзіңді көргенде мана,
Көктен де қара көзіме, жерден де қара.
«Сүйемін» дейді отымен, нұрымен барлық…
Ғұн, қалқам, ғашық болмайды өлгенде ғана…»

Солай. Біздің дәуірге дейін туған ғұндардың жүрегі біздің дәуіріміздің ХХІ ғасырының құрдасы болып Ғалым Жайлыбай жырларымен күржіге қайта аттанды. Сапары ұзақ болғай!

Жәнібек ӘЛИМАН.

 

Басқа материалдар

Back to top button