Науқан басталды: Тәртіпті сақтаған жөн
«Жаздың көркі – көл» демей ме?! Маусым басталысымен елдің бәрі жағалауға асығатыны анық. Бірі шетел асса, енді бірі отбасымен қала маңындағы су қоймаларына асығады. Алайда, көлге түсу науқаны басталғалы тыйым салынған жерде шомылып, тәртіп бұзатындар тыйылмай тұр. Одан қала берді жазатайым жағдайға тап болғандар да жоқ емес. Су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті күн сайын профилактикалық рейд жүргізуде.
Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше тыйым салынған жерге шомылатындар көп екен. Онымен қоймай ішімдік ішіп, жағалауды ластайтыны және бар. Сақтық шараларын сақтамай, құтқару құралынсыз қайыққа мінгендер жиі кездесетін көрінеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Федоров, Кеңгір, Самарқанд су қоймалары, Шерубай, Нұра өзені мен Балқаш, Айнакөл көлдері сынды су нысандары бақылауға алған. Аймақ бойынша соңғы 5 жылда су жағалауларына 1500-ден астам белгі орнатылса, биыл жыл басынан бері 170-тен астамы жаңартылыпты. Бүгінде департаменттің 6 құтқару бөлімшесінде 106 адам жұмыс істейді. 24 бірлік техника мен 43 жүзу құрылғылары сақадай сай. Сондай-ақ, аймақтағы ең қауіпті деген тұстарға 12 мобильді-бекет қойылған.
– Биыл қауіпсіздік шаралары оң нәтижсін берді. Күн сайын жергілікті полиция бөлімі, әкімдікпен бірлесіп қауіпті аймақ пен тыйым салынған жерлерді тексереміз. Егер құқық бұзғандар болса, оларға әуелі ескерту беріледі. Егер бұл жағдай 6 ай ішінде тағы қайталанса, айыппұл салынады. Өкінішке қарай, жыл басынан бері облыс аумағында 2 қайғылы оқиға тіркелді, – деді төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері Марлен Бақтияр.
Егер, кәмелет жасқа толмаған жасөспірім тыйым салынған орында шомылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабына сәйкес ата-анасына 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, ішімдік ішкендер аталмыш кодекстің 440-бабы бойынша 5-тен 10 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Кемелерді, оның ішінде, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 582-бабына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
– Департаменттің құтқару бөлімшелері қандай жағдай болмасын сақадай сай. Арнайы авариялық-құтқару техникасымен, жүзу құралдары және басқа да қосымша құрал-жабдықтармен қамтылған. Ескерген жөн – жабдықталмаған жерлерде, мас күйінде және есірткіге масайған күйде суға түсуге болмайды. Қайықтан, катер мен өткелдерден суға секіруге болмайды. Және жүзу шегі белгіленген аймақтан әрі асуға болмайды, – дейді Марлен Ардақұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ.