Руханият

Нәзік сәуле шуағында

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Нәзік сәуле шуағында» атты мерекелік концерт Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өтеді. Театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанның режиссерлігімен өтетін айтулы кеште театр жанынан құрылған халықтық-симфониялық оркестрдің тұсауы кесіледі. Қазақ және орыс тілінде өтетін кеш 8 наурыз күні сағат 17:00-де басталады.

Бұл мерекелік іс-шараның өзге жиындардан басты ерекшелігі – Сәкен театры оркестрінің сүйемелдеуімен барлық шығарма жанды дауыста орындалмақ.

– Мақсатымыз – әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтау, көктемдей көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Сонымен қатар, осы кеште көптен бері армандап жүрген театрымыздың халықтық-симфониялық оркестрінің тұсауын кеспекпіз. Жаңа заман, жаңа талаптар қоюда. Бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Тарихы терең іргелі театр ретінде халықтың талғамын, рухын көтеру жолында осындай тың бастаманы қолға алдық. Бұл арқылы көрерменге шынайы өнердің құдіретін ұқтырып, театрға деген ықыласын арттырмақ ниетіміз бар. Бәрі интернетке ауысқан шақта біз табиғилыққа қадам бастық. Театрға келіңіздер, тазарыңыздар. Шынайы өнердің қасиетіне бойлаңыздар, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Атап айтсақ, бұл кеште халық әуендері, қазақтың біртуар композиторларының әндері, әлемдік классикалық музыка жауһарлары, қазақ поэзиясының ең үздіктері және жан тебірентер монологтар мен театрландырылған шағын музыкалық қойылымдар көрсетіледі.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button