Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА: 9 мамыр «Еске алу күні» деп аталса…

Адамзат тарихындағы қасіретке толы алапат оқиға – Екінші дүниежүзілік соғыс болса, оның аяқталғанына да 78 жыл толып отыр.

Өткен тарихты өзгерту мүмкін емес. Алайда, заман өзгерген сайын тарихқа жаңаша баға беріп, жаңа көзқараспен қарау қажет. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбековамен осы турасында аз-кем әңгімелескен едік.

– Қазір Тәуелсіз мемлекетпіз. Ұлы Отан соғысы жайлы сан саққа жүгірген пікірлер көп. (Бұл біздің жеңіс емес деген пікірлер) Сіздің ойыңызша, тарихқа жаңаша көзқарас керек пе? Қазіргі уақытта Жеңіс күнін тойлау қаншалықты маңызды?

– Ғалымдар арасында бұл тарихи оқиға Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыс деп айтылады. Сол соғыста опат болғандарды ғана еске алу күні деп атап өту керек. Заман ауысқан сайын тарих парақтары сарғая түседі емес пе? Сондықтан, бұл күнді Жеңіс күні деп емес, Соғыс кезінде қаза тапқандарды еске алу күні деп атап өту керек. Бұл не үшін қажет дейтін болсақ, біріншіден, мелитаристік (елдің әскери бағытта дамуы мемлекет экономикасының және мәдениетінің әскерге тәуелді болуы) мемлекеттердің саясатын тоқтату үшін керек. Екіншіден, соғыстан кейін зардап шеккен, мелитаристік жүйеден, қару-жарақтан бас тартқан Германия, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттерден үлгі алуға шақырады. Олар қазір қандай жағдайда байып отырғанын бағамдай беріңіз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Кеңес Одағының дамуы соғысқа қатысқан елдермен салыстырғанда артта қалды. Қазақстан Кеңес Үкіметінің одақтас республикасы болса да, ресми түрде соның айтқанын орындады. Қазір етек-жеңін жиған Тәуелсіз мемлекетпіз. Отанымыз – Кеңес Одағы деп өскен қазіргі аға ұрпақ Ұлы Отан соғысы деп атаса, тәуелсіз мемлекеттің қазіргі жас буыны оны қабылдамауы орынды. Дәуір ауысқан сайын тарихқа деген көзқарас та өзгереді.

– Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз үшін қандай зардап әкелді?

– Екінші дүниежүзілік соғыста адам шығыны өте көп болды. Бір мемлекеттің өзі қаншама адамынан айырылды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біздің елімізде зауыттарда, фабрикаларда және ауыл шаруашылығында жұмыс күші жетіспеді.

Қазақстан КСРО құрамында болғаннан кейін фашистік оккупациядан зардап шеккен аудандарға қолдан келген көмекті аямады. Рес­публикада тұтастай азық-түлік керуені жасақталды.

Қазақстан экономикасы соғыс­тан кейінгі жылдары күрт дамудың даңғыл жолына түсіп, соғыстан тоқыраған аймақтарды серпілтуге көп үлес қосты. Нәтижесінде Қазақстан КСРО экономикасының біртіндеп бейбіт қалыпқа түсе бас­тауын жеделдетті.

– 1941-1945 жылғы соғыс кезінде Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі көп болды. Соның ішінде Қарағанды өңірі қандай көмек берді?

– 1941-1945 жылғы соғыс кезінде Қазақстанның қосқан үлесі туралы атақты академик М.Қозыбаев «Казахстан – арсенал фронта» деген үлкен монографиясында егжей-тег­жейлі баяндайды. 1941-1945 жылдары болған соғыстың алғашқы күнінен-ақ Қарағанды облысының азаматтары бір кісідей көтерілді. Майданға өңірден 60 мыңға жуық адам аттанды. Оның 33-іне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жеті адам Даңқ орденінің толық иегері болды. Соғыс майдандарында көрсеткен ерлігі үшін 6600-ден астам адам Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталды.

Бұл жылдарда Қарағанды көмір бассейні қорғаныс өнеркәсібін жоғары сапалы отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Жер астында жұмыс істеген лавалардың саны соғыс жылдары 63-тен 158-ге дейін өсті. 19 жаңа шахта мен 3 көмір разрезі іске қосылды.

Соғыс жылдары Қарағанды кө­мір бассейнінде 34 млн. тонна көмір шығарылды, бұл соғысқа дейінгіден 3 млн. тонна артық болатын. Қарағандының колхозшы шаруалары да соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты.

– Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы әлі де болса ашылмай жатқан шындық, айтылмай жат­қан ақиқат бар ма? Соғыста қаза болғандардың саны бүгінге дейін зерделенбей келе жатқаны секілді…

– Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандар саны жан түршіктіреді. Кезінде ауыл-ауылға қара қағаз келіп, қайтыс болғанын білген жұрт осы күнге дейін өз туыстарының сүйегі қай жерге жерленгенін біле алмай жүр. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар, хабарсыз кеткендер, тылда жұмыс жасағандар туралы жаңа деректерді жинап, қайтадан оқулықтарға енгізу керек. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Арнайы комиссия құрылып, қазіргі ұр­п­ақтарынан аталарының қай жылы, майданның қай шебіне аттанғанын нақтылап, біраз мәлімет анықталып жатыр. Соғысқа қатысып, қаза тапқан қазақстандықтардың саны әлі де болса нақтыланбай келеді. Ал тарихта нақтылық болу керек. Бүгінгінің зерттеушілері бұл тұрғыда тың деректерді іздеп тауып, тарихқа өз үлесін қосуда деп айта аламын.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнұр Серікжанқызы,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.