Тұлға

Нұрсұлтан МҰҚАШЕВ: «ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ – НАЗАРДА»

    Полиция міндеті қоғам тыныштығын сақтау, азаматтардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, бұл орайда аумақтағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда жұмыстар жан-жақты атқарылуда. Осы орайда, Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасымен атқарылып жатқан жұмыс жөнінде Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрсұлтан МҰҚАШЕВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.

Нұрсұлтан Маратұлы, біреудің несібесі өзгеге жұғым болып жарытпасы анық. Десек те, көп жасалатын қылмыс – біреудің мүлкіне қол сұғу, яғни, ұрлық. Бұл келеңсіздікпен күрес қалай жүргізілуде, кеңірек тоқталсақ?

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын. Аталған бағдарламада ұрлықтардың алдын алу мен ашудағы маңызды міндеттердің бірі – ғылыми-техникалық құралдарды, жедел-анықтамалық және есепке алудың өзге де жүйелерін, сараптама мен зерттеуде, сондай-ақ, қызметтік іздестіру иттерін пайдалану болып табылады. Ұрлықтардың құрылымында шамамен төрттен бірін пәтер ұрлықтары құрайды. Оның басты себебі, біріншіден, өзінің құнды заттарына бейжай қарайтын халықтың олқылығы десек, екіншіден, аталған фактілер бойынша полиция қызметкерлеріне дереу хабарлама бермегендіктен, осындай жағдайларға тап болып отырмыз. Ұялы телефондар ұрлығының деңгейі мен өсу серпіні пәтер ұрлықтарымен шамалас. Мұндай қылмыстардың «ізін суытпай» ашуына теріс ықпал тигізетіні, ол тұрғындардың қылмыс жөнінде дер кезінде хабарламауы. Содан кейін бұл іздестіру әрекеттерін қиындыққа соқтырады. Жоғарыда аталған мәселелердің алдын алу бойынша алдағы уақытта осындай қателіктерге жол бермеу мақсатында халықтың назарына түсіндіру іс-шаралары, рейдтік жұмыстар жүргізілуде.

Басқа қандай шаралар өткізудесіздер? Ұрлықтың алдын алу үшін қандай жұмыстар тиімді?

Жер-жерлерде полиция қызметкерлері әкімдіктің, күзет мекемелерінің өкілдерімен бірлесе отырып, халықпен кездесулер өткізуде. Сол кездесулер барысында халыққа сақтық шаралары, қылмыс пен құқық бұзушылыққа бой алдырмау тәсілдері мен құқықтық сауаттылықтарын арттыру мәселелері жайында сөз болады. Міне, ұрлықтың алдын алудың бірден-бір тәсілі осы. Темір тұлпарлардың жиі қолды болатын жерлерін анықтау жұмыстарын ұдайы қолға алып жатырмыз. Көлікті айдап әкету немесе көліктен ұрлық бойынша бұқаралық ақпараттық құралдарда өзінің автокөлігін сақтау қажеттігі, атап айтқанда, автокөлікті арнайы дабыл беру жүйесімен (күзету дабылы), мүмкіндігінше GPS навигаторымен жабдықтау қажеттігі туралы ақпарат таратылуда. Мүліктік қылмыстардың жаппай белең алып кетпеуі мақсатында Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасының бастамасымен 2017 жылы қаладағы белгілі бір қылмыс түрі жиі орын алатын аудандарда “Айдап әкету”, “Пәтер” жедел алдын алу іс-шаралары өткізілуде.

Көлік түрлері мен оның санының артуы салдарынан көлік қылмыстарының көрсеткіші өсіп, одан зардап шеккендердің көптігі байқалады. Көлік қылмыстарының ішінде алдыңғы қатарды – жол-көлік оқиғалары құрайды. Осы кезекте жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ?

Әрине, жол-көлік оқиғалары мен оның адам өмірі мен денсаулығына тигізетін теріс салдарын ескерсек, кезек күттірмей шешілуді талап ететіні рас. Бұл келеңсіздікпен күрестің бірден-бір жолы – жолда жүру ережесін қатаң сақтау. Осы ретте жол бойында орнатылған бейнекамералар және суретке түсіретін камералардың рөлін ерекше атау керек. Одан кейін автокөліктерді мемлекеттік байқаудан өткізіп тұру. Бастысы, әр жүргізуші өзіне және өзінің көлігіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс деп ойлаймын. Ең басты мақсат – жолдағы оқиғаларды төмендету, апаттардың алдын алу шараларын көптеп жүргізу. Бұл бағытта “Абайлаңыз, балалар!”, “Автобус”, “Мото жүргізуші”, тағы басқа іс-шаралар жүргізілуде.

Бүгінгі күні ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұрған кесел – есірткіге құмарлық жөніндегі пікіріңіз?

Иә, әлемді жайлаған нашақорлық күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Уақыт өткен сайын асқынып барады. Себептері әртүрлі. Ең негізгісі – есірткі мен психотроптық заттарға қол жетімділік. Ағымдағы жылы заңсыз айналымнан 32 келі 573 грамм әртүрлі есірткі заты тәркіленді. Қарағанды қаласының жоғарғы және жалпы білім беру мекемелерінде 789 тұлғаның қатысуымен 12 іс-шара, атап айтқанда, он дәріс сабақ, бір кездесу және бір акция өткізілді. Мақсат – жастарды салауатты өмір салтына жетелеу. Есірткі затының адамзат баласына тигізер зиянын егжей-тегжейлі жеткізу арқылы қылмыстық жауапкершілікті түсіндіру.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеті. Бұл бағытта қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің жұмысы туралы айтсақ?

Бұл сала қоғаммен байланысты болғандықтан, құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Жұмысты жандандыру мақсатында әкімшілік аумақта 29 алдын алу іс-шара жүргізілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, саптық бөліністердің қатысуымен 333 қылмыс, 68 қылмыс ізін суытпай ашылған екен. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 6 жедел алдын алу іс-шаралары, 57 жергілікті жұмыстар атқарылды, 110 рет алдын алу рейдтері өткізілді. Ата-аналар тарапынан балалар тәрбиелеуде өз міндетін орындамағаны үшін 297 ата-ана есепке қойылды. 7 ата-ана ата-аналық құқығынан айрылды, 123 ата-ана өз балаларына тиісті көңіл бөлмегені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button