Бас тақырыпРесми

“Нұрлы жол”: берекелі бағдарлама нәтижелері

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек төрағалық еткен кезекті аппарат отырысында өңірдегі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылған шаралар нәтижесі қаралды. Құзырлы органдардың мәлімдеуінше, жұмыс көлемі ауқымды және бірнеше саланы қамтыған.

САЛАЛАРДА ӨСІМ БАР

Мәселен, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыру кезеңінде 4 бағыт бойынша 30,6 млрд. теңгеге 61 жоба іске асырылған. Олардың қатарында көлік, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, білім беру инфрақұрылымын және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бар. Облыстың экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Әбішева «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынғалы 4 көпір қайта жаңартылып, облыстық маңызы бар 350 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілді» – дейді. Сондай-ақ, 17,6 шақырым жылу желісі, 4,3 шақырым су құбыры және 15,1 шақырым су бұру желісі де жаңартудан тыс қалмаған. Тұрғын үй де назарда, Несиелік үйлердің құрылысы 14,5 мың шаршы метр үйді пайдалануға беруді қамтамасыз еткен.

Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі 203 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнім өнімділігі мен сапасын арттыруға 1,7 млрд. теңге көлемінде субсидия бөлінген.

Бағдарлама аясындағы жұмыстар нәтижесі облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың сапасын арттыруға мүмкіндік берген. Ал, жол сапасының жақсаруы халық саны 100 адамнан асатын 230 елді мекенді автобус қатынасымен қамтамасыз етуге жол ашқан. Тозған автобустардың үлесінің қысқаруы да бағдарлама нәтижесі. Қаладағы №3 автопарк субсидия алу арқылы автобус паркін жаңартқан.

Алдағы жоспар – облыста жылу желілерінің тозуын 59,7%-ға, сумен жабдықтау желілерінің тозуын 67%-ға, су бұруды 78%-ға дейін төмендету.

ЖЫЛУМЕН ҚАМТУ ЖАҚСАРДЫ

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов республикалық бюджеттен жылумен жабдықтау жобаларына 5 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Қарағандыдағы Чапаев көшесі және Республика даңғылы бойындағы жылу желілерінің проблемалық аймақтарына жүргізілген жөндеу жұмыстары 254 мың тұтынушыға жылу жеткізуді жақсартқан. Ал, 2020 жылы атқарылатын жұмыстар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын «Панель центр» шағынауданындағы үйлерді жылу желісіне кедергісіз қосуға мүмкіндік береді.

Ұлантай Үсенов құрылыс-монтаж жұмыстары жылыту маусымының басталуына қарамастан, желтоқсанға дейін жалғасатынын айтады. Жобаны жүзеге асыру 5 069 тұрғын үй және 55 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысанды жылумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік бермек.

Жылумен қамтамасыз етуден бөлек, аталмыш жұмыстар Қарағанды және Жезқазған қалаларында 78 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Оның үстіне, жылу желілерін қайта жаңарту кезінде қазақстандық өндірістің энергиялық тиімді материалдары қолданылады. Олар жылу шығынын 3-5%-ға дейін азайтуға және құбырлардың қызмет ету мерзімін 30 жылға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

ҚОС ТАРАПҚА ТИІМДІ ӘРІПТЕСТІК

 Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысы өңірлердің жалпы рейтингісінде 3-ші орынды және тартылған инвестиция көлемі бойынша 1-ші орынды иеленеді. Мұның барлығы 11 млрд. теңгеге жасалған 38 шартты жүзеге асыру нәтижесінде жүзеге асырылған. Мәселен, 2017 жылы – 21, 2018 жылы – 11, ал биыл жасалған 6 шарттың басым бөлігі – денсаулық сақтау және білім беру саласына тиесілі. Жобалардың барлығы жеке қаржыға негізделген және мемлекеттік міндеттемелерге қатысы жоқ.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асыру жаңа технологияларды қолдана отырып, денсаулық сақтау қызметтерін көрсетуді қамтамасыз етуге, мектепке дейінгі мекемелердегі кезек мәселесін жолға қоюға, денсаулық сақтау және білім беру саласына 4,8 млрд. теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға және 620 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, – дейді Гүлмира Әбішева.

ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ, КЕМШІЛІК ТЕ БАР

«Нұрлы жол» бағдарламасының облыс үшін маңыздылығын айтқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қамтылмай қалған салаларға да тоқталды. Мәселен, республикалық маңызы бар, жалпы ұзындығы 427 шақырымдық ҚызылордаЖезқазған автомобиль жолының учаскесін қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Оның 208 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Бұл жұмыс көлемін кем дегенде 6 есеге дейін арттыратынын айтқан Жеңіс Махмұдұлы басқарма басшыларына аудан әкімдерімен бірлесе отырып, осы жұмыс көлемін қабылдауға дайын болуы керектігін тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан жол инфрақұрылымы туралы да ұмытқан жоқ. «Бұл – әкімдіктің жұмысы» деген ол аудан басшыларына өздеріне қарасты аудан арқылы өтетін жобалардан қалыс қалмау керектігін де ескертті.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласы бойынша энергетика, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытында да үлкен қозғалыстың жоқ екені де – олқылықтың бірі. Одан бөлек, аталмыш саладағы жобалардың көпшілігі – Қарағандыға ғана тиесілі. Осы орайда, Жеңіс Қасымбек аудан және қала басшыларына әлеуметтік маңызды нысандардың қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобаларды қайта қарастыруды тапсырды.

Салтанат Ілияш

Басқа материалдар

Back to top button