Жаңалықтар

Нұрайдың нұрлы әлемі

Ауылдан шығып, шығармашылықтың шыңына жеткен таланттар көп. Нұра ауданында болашағынан көп үміт күтетін Нұрай есімді сондай талантты оқушы бар. Оның қылқаламынан туған көркем туындылар түрлі байқауларда лайықты бағаланып жүр.

Нұрай Нұра ауданы, Жанбөбек ауылы Қарақойын жалпы білім беретін мектебінде 10-сынып оқиды. 2023 жылы 17 наурызда «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық «Әбіш оқулары» байқауының аудандық кезеңінде ІІ орын алды. Нұрай ол байқауға «Иллюстрациялық суреттер» бағыты бойынша қатысты. Ә.Кекілбаевтың «Күй», «Тасбақаның шөбі», «Галстук сатушы қыз туралы хикаят» атты еңбектерімен танысып, А3 пішіндегі қағазға акварель, гуашь кескіндемелерін және қылқалам, түрлі-түсті қарындаштар және басқа да графика түрлерін қолданып, сурет салды. Нәтижесінде жүлделі орынға ие болды.

«Өнерлінің қолы – алтын» демекші, мектеп мақтанышына айналған Нұрайдың сурет салуға ынтасы 2-3 жасынан қабырғаны шимайлап сызудан басталса керек. Бойындағы талантын байқаған ата-анасы оның сурет салуына барлық жағдай жасап, қолдау білдірген. Мектепішілік, аудандық, республикалық деңгейде өткен байқаулардың жеңімпазы болған Нұрай болашақта шығармашылығын одан әрі жалғастырып, дизайнер мамандығы бойынша оқуға түсуді армандайды. Әбіш Кекілбаев «Талант – арманға табынады» деп бекер айтпаған. Мектебіміздің мақтанышына айналған талантты оқушының шабыты шарықтап, қылқаламынан құнды туындылар құйыла берсін демекпіз.

Айзат ДҮЙСЕМБЕКОВА,
Қарақойын жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Нұра ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button