Нұрадағы нұрлы істер
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен аймағымыздың астықты өңірі Нұра ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ауданның тыныс-тіршілігімен, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты. Сонымен қатар, аудан тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, ашық әңгімелесті. Елді толғандыратын мәселелерді тыңдап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды пысықтады.
Дәрігерлерге қызметтік пәтер беріледі
Аудан орталығы Нұра кентінде ақ халатты абзал жандарға арналған үй құрылысы басталды. Нақтырақ айтсақ, Нұра кентіндегі бұрынғы әкімшілік үй-жайды қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін медицина қызметкерлеріне 14 қызметтік пәтер берілмек. Бұл жас мамандарды жұмысқа тарту үшін қажет.
Аталған жоба жайлы облыс әкіміне аудан басшысы Бақытжан Мұқанов айтып берді.
– Бұрын бұл ветеринарлық станцияның ғимараты болған. Өткен жылы осы нысанды коммуналдық меншікке ауыстырып, денсаулық сақтау басқармасының балансына бердік. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінде ғимаратты қайта құру басталып та кетті. Үйде 14 пәтер бар, орталықтандырылған жылу жүйесін де қарастырып қойдық. Спорт залы ойластырылды, – деп атап өтті аудан әкімі Бақытжан Мұқанов.
Дерекке сүйенсек, былтыр «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында Нұра ауданына 26 жас маман, оның ішінде, жеті дәрігер келген. Десе де, медицина қызметкерлерінің тапшылығы өңірде әлі де бар. Әсіресе, мұнда бейінді мамандар жетіспейді.
Аймақ басшысына әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санаттағы тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туралы да баяндалды. Қазір тұрғын үйге кезекте 420-дан астам адам тұр екен. Бұл бағытта ауданда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалға берілуге арналған төрт пәтерлі үйлер салынуда. Бұдан бөлек, биыл 63 отбасы үшін пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, аудан орталығы абаттандырылып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Ермағанбет Бөлекпаев Нұра кентіндегі жаңа саябақтың аумағын аралап шықты. Мұнда Қарағанды қаласының Урбанистика орталығымен бірлесіп, әзірленген жоба бойынша бір гектар аумақ абаттандырылады. Ағаштар егіліп, қырлы тас төселіп, субұрқақ салынады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұра ауданы аумағындағы егіс жұмысының барысымен де танысты. Ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарына да ат басын тіреді.
Көктемгі дала жұмыстары уақытында басталыпты. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егісі шамамен 320 мың гектарды құрайды. Әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар мен азықтық шөптер көбірек егілмек. Қазірдің өзінде агротехнологияларды сақтау үшін минералды тыңайтқыштар сатып алынған.
Егістікке 360-қа жуық трактор, 71 егіс кешені, 1500-ге жуық сепкіштер тартылған. Аграршылар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Ермағанбет Қабдулаұлы Көбетей ауылындағы 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасын салу жобасының іске асырылуымен танысты. Оның қуаттылығы жылына 9 мың тоннадан асатын көрінеді. 70-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылатынын да атап өткен жөн. Сонымен қатар, болашақ ферманың жанындағы егістіктерді суару жүйесі салынып жатыр.
Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімінің назарына жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері де ұсынылды.
Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша алынған гранттардың арқасында өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алған.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұра-Көбетей жолының жөндеуді қажет ететін учаскесін аралап шықты. Жыл сайын мұндағы көпір су тасқыны кезінде су астында қалады екен. Бұл жағдайдың алдын алу үшін су өткізгіштер орнату қажеттігі баса айтылды.
Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырыс берілген.
Облыс әкімі Нұра кентіндегі Б.Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге де барды. Колледжде 211 студент білім алуда. Оқу ордасы тігінші, аспаз, автомеханик сынды түрлі қажетті мамандарды дайындайды.
Әлеуметпен жарқын жүздесу
Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданының тұрғындарымен кездесу барасында тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге баса назар аударды. Нақтырақ айтсақ, тұрғындар жол жөндеу, абаттандыру, Тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау мәселелерін қозғап, өз ойларын ортаға салды. Жергілікті тауар өндірушілер оларға өнімдерін елордада сатуға көмектесуді сұрады.
Қолдау тұрақты тұтынушыларды табуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, бизнесті дамытуға грант алған немесе бюджеттік бағдарламалар есебінен қаржыландырылып, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін аса маңызды.
– Нұра ауданында сүт және нан-тоқаш өнімдерінен бастап, жартылай дайын тағамдар, пластикалық терезелер, төсеніштер мен кір сабынға дейін өнім шығаратын жас кәсіпкерлер баршылық. Логистикалық жағдайды елордаға жақын орналасқанын ескерсек, оларға өз тауарларын Астанада сатуға, «жасыл дәліз» құрып беруді ойластыру қажет. Бұл – биылдың басты міндеттерінің бірі, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Ізенді және Ақмешіт ауылдарының жолдарында орташа жөндеу жасалады.
Нұра кентінде 600 орындық Өнер үйі мен «Жайлы мектептің» құрылысы басталады. К.Мыңбаев, Тассуат, Мұзбел, Ізенді, Шұбаркөл, Құланөтпес, Жанбөбек, Қарой, Алғабас ауылдарында ФАП, дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункті бой көтереді.
Аудандағы оң өзгерістерді нұралықтардың өздері де айрықша атап өтті.
– Мысалы, Ахмет ауылында, былтыр жолдардың 90 пайызы жөнделді. Бұрын ол жолдардың жағдайы өте нашар болатын. Одан бөлек, жаңа су мұнарасы орнатылды. Қазір электр қуаты өшкен кезде де сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған. Осы кездесуге тұрғындар атынан алғысымды білдіріп, жобамызды таныстыру үшін келдім. Келесі жылы ауылдағы ескерткіштердің аумағын абаттандырғымыз келеді. Барлық жұмыстарға демеушілік жасауға дайынбыз. Бірақ, жобаны іске асыру кезінде бізге жұмыс күшін беріп, көмектесуіңізді сұраймыз, – деп атап өтті жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығының өкілі Серік Белгібеков.
Былтыр барлығы сегіз ауылда жолдар жөнделген. Бүгінгі таңда елдімекендердің 90 пайыздан астамына интернет жүйесі тартылыпты.
Бұдан бөлек, биыл Қантайда су құбыры желісінің құрылысы басталады. Ал, Құланөтпесте, Балықтыкөл, Талдысайда су құбыры желілерін қайта жаңарту қолға алынбақ. Қарақаска, Бестамақ және Аққолқа ауылдарында модульдік су тазарту кешендерін орнату жоспарланып отыр.
Кездесуде өткен жылдың қорытындысы мен биылға көзделген жоспар жайлы аудан әкімі Бақытжан Мұқанов айтып берді.
– Облыс әкімінің қолдауымен «Сарыарқа» ӘКК-мен бірлесіп, Баршын ауылының жанында жанармай құю стансасын ашу мәселесі шешілді. Ол 3 мыңға жуық адам тұратын оннан астам елдімекенге қызмет көрсетеді. Су құбыры желілерін реконструкциялау, жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы, елдімекендерді абаттандыру жұмыстары да жалғасады, – деді Бақытжан Мұқанов.
Аймақ басшысының жергілікті жұртпен кездесуі тұрғындарды жеке қабылдаумен аяқталды.
Барлық мәселе бойынша Ермағанбет Бөлекпаев өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, олардың сапалы орындалуын қатаң қадағалауды мұқият тапсырды.
Өз тілшімізден.