Бас тақырып

Нұра ауданында дәрігерлерге барлық қажетті жағдайлар жасалуда

Нұра ауданында экономиканың негізгі салалары тұрақты жұмыс істеуде. Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов былтыр аудан тұрғындарымен 100-ден аса кездесу ұйымдастырып, 680-нен аса өзекті мәселелерді көппен бірге көтерген болатын. Бүгінде соның 530-дан астамы шешімін тапқан. Бұл туралы аудан әкімі бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Сурет: ашық дереккөз

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – қызылша ауруы. Бүгінде ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда қызылшаның алты жағдайы тіркелген. Оның екеуі – зертханалық тұрғыда расталған. Бүгінде 1098 баланың 874-і жаппай вирусқа қарсы вакцинация алған. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

– «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» және «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобалары шеңберінде өңір тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жалғасуда. «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Байтуған және Заречное ауылдарында жалпы сомасы 333 млн. теңгеге ауысымда 25 адам қабылдайтын 2 фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы аяқталып, Республика күніне орай халықтың пайдалануына берілді. Орталық ауруханада кадр тапшылығы мәселесі біртіндеп шешілуде. Дәрігерлерге барлық қажетті жағдайлар жасалуда, – деді Бақытжан Мылтықбайұлы.

Айта кетейік, облыс әкімінің қолдауымен өңірде алғаш рет жас мамандарды ынталандыру бағдарламасы қолға алынған болатын. Осы мақсатта ауылға келген жеті дәрігерге 5 млн. теңгеге дейін көтерме ақы берілген.

Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың физио кабинетіне «Жараспай» ЖШС-нын демеушілігімен құны 500 000 теңге тұратын бес бірдей аппарат сатып алынған.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button