«Ән – ұлттың болмысы»
Дана халқымыздың мерейін тасытып, мәртебесін биік ететін асыл мұрасы, рухани жәдігері ән қазынасы әуелден дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Сол ұлттық өнерімізді замана сүзгісінен өткізіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне нақышын бұзбай жеткізуші талантты әншілеріміз қаншама. Бұл біздің табиғатпен үндестік тапқан бір ғаламат ел екендігімізді дәлелдей түседі. Тал бесік пен жер бесіктің аралығында ән мен әуенге құштар болған елдің болмысы ән десек қателеспесбіз. Бұл жөнінде Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ, Кенен ӘЗІРБАЕВ, Әміре ҚАШАУБАЕВ атындағы ән байқауының жүлдегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Дәуренбек ӘРКЕНОВПЕН болған сұхбатта терең ұғына түстік.
– Дәуренбек аға, Алла тағала ән-күй өнерін жаратқаннан кейін көкке қалықтатып жіберіпті деген аңыз бар. Сол қазақ аспанында қалықтаған ән бойыңызға қашан қонды?
– Әнге ешкім кездейсоқ келмейді. Бір уыс топырағын алсаң суылдап ән салатын, бір шиін тартсаң сыбызғыдай сыңси жөнелетін Арқада туған азамат болған соң топырақтан дарымай қоймайды. Оның ішінде әкенің қанымен, ананың сүтімен келген өнер. Тәрбие отбасынан басталады. Анам марқұм үлкен сахнаға шықпаса да, ел ішін әнмен қыздырған, той-думанда жиналған елді әнге бөлейтін жан болатын. Әнді анамыз бесікте жатқан шағымыздан әлдиімен құлағымызға сіңірген болар. Одан қала берді алдымдағы ағаларымда ән айтқан соң мен соларға еліктеп өстім. Кішкене кезімнен домбыра шертіп, ауылымның сахнасына шықтым. Мектептен кейін СПТУ-да оқып жүрген кезімде белгілі әнші Асылмұрат Ақановтан бірнеше ән үйрендім. Сондай-ақ, Қуат Қожамбаев ағамыздан дәріс алдым. Кейін Балқаш қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжінде ұстазымыз Жұмагелді Әбдіровтен музыкалық білім алдым. Қалаға келгенде ауылда жүріп қолым жетпеген үн таспаларға қолым жетті. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғабас Айтбаев, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Жабай Тоғандықов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемаловты күй табақтардан тыңдадым. Сазгер Қуандық Сәденов ағамыздан бірнеше әннің жазбаларын алдым. Аққыз әженнің әндерін алып үйрендім. Аталған әншілер арқылы киелі қара домбыраның сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен жете танысып, бойға сіңірдім. Сонымен қоса, ән байқауларына қатыса жүріп, өз қатарластарымнан да керек дүниемді алып қалыптастым.
– Әңгіме барысында Асылмұрат Ақанов, Қуат Қожамбаев, Жұмагелді Әбдіров сияқты ағалардың шәкіртімін деп айтып өттіңіз. Өзіңіздің үкілеген шәкіртіңіз бар ма?
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Өзіңнің білгеніңді үйретпесең, білмегеніңді біреуден үйренбесең қазақ халқының қасиетін терең сезіне алмағаның. Мен алғаш Балқаш қаласында жүргенде «Сарыарқа» көркем өнерпаздар ұйымында жетекшілік жасадым. Сонымен қатар, өнер мектебінде сабақ бердім. Сол уақыттарда Гаухар Құдайбергенова, Аққыз Құнарбекова, Мейрамбек Заятқажы, Нұржан Жасымхан сияқты талантты әншілерге ұстаздық еттім. Бүгінде Қали Байжанов атындағы өнер ошағында қызмет істеп және Мейірхан Адамбеков ағамыз басшылық жасайтын Тәттімбет колледжінде әннен сабақ беріп жүрмін. Биылғы жылы бұйыртса Мөлдір Қабыкен сияқты шәкірттерімнің алды оқуын аяқтайды.
– Әнді айту бір бөлек те, оны жұртқа ұсыну бөлек. Бір байқағаным, Сіз орындаған әндеріңізді үнтаспаға басып, жүрген жеріңізде таратып жүресіз. Сондай-ақ, көптеген әншілердің мұрасын зерттеп, танытуға күш салудасыз. Еңбегіңізді нәтижесі бар ма?
– Мен алғаш 2009 жылы концерт бердім. Сонда айтыскер ақын ағамыз Аманжол Әлтаев қолдау білдіріп, ақ жол тілеп, үнтаспамды шығарысып, тұсауын кескен болатын. Сол ашып берген ақ жолымен кейінде Әміре аталарымыздың жолын жалғап, сырнаймен орындаған әндерімді жинастырып, «Сырнайым сазды сырласым» деген үн таспа шығардым. «Ән серігім» атты үнтаспам және жақында ғана кейінгі 15 жылдың ішінде орындап жүрген әндерді домбырамен нотаға түсіріп, «Ән керуен» деген кітабым үнтаспасымен жарық көрді. Оған 68 ән кірді. Манарбек Ержановтың, Аққыз Ахметқызының, Әліхан Жәңгіровтің, Қуандық Сәденовтің, Қадыр Бай-Мырзаның, өзімнің 11 әнім тағы да басқа сазгерлердің әндері жинақталып, нотаға түсірілді. Асылмұрат Ақанов атындағы ән байқауын ұйымдастырғанда сол кісінің үнтаспасын шығардық. Осы үнтаспаны ақын Серік Сағынтай екеуіміз шығарамыз деп жүргенде, бір жоқты бір жоқ табады деп, Қазақ радиосы, Жезқазған радиосы, өзіміздің алтын қорымыздан және Қуандық Сәденовтен атақты «Тоқырауын толқындарының» негізін қалаушылар Тұрған Түсіпбаев, Қуат Қожамбаев, Асылмұрат Ақанов, Ырым Мұстақаева, Дариға Ақатаева, Оралтайлар сынды мықты әншілер шырқаған әндерді жинап «Ән – ғұмырым, мәңгі жырым–Ақтоғай» атты үнтаспа шығардық. Қазақ әншілік өнердің сан ғасырлық даму тарихының бар екендігі анық. Бірақ, біз сол әндердің тарихын зерделеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Жастардың қазақ әніне құштарлығын оятуға осындай жұмыстар қажет.
– Бұйыртса, биыл 40 жасқа толады екенсіз. Осы жасыңызда халыққа тағы бір өзгеше сый жасау ойыңызда жоқ па?
– Негізі әр адам өзіне есеп беріп отырғаны дұрыс. Әр өнер иесі халыққа сый жасаудан жалықпау тиіс. 12 мамыр күні Кеншілер мәдениет сарайында шығармашылық кешім өтеді. Басталуы 18.00-де. Бұл менің атқарып жатқан жұмысымды бір қорытып алуға, баға жетпес құндылығымызды Қарағандыға насихаттауға жасалған қадам. Концертте Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық халық-аспаптар оркестрі, «Арай» ансамблі, «Аққу» би ансамблі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы, қобызшы Жаңқаш Жұмабеков және шәкірттерім өнер көрсететін болады. Бұдан бөлек алдағы уақытта жеке шығармашылық кешімді беру ойымда бар. Оны уақыт көрсетеді.
– Хәкім Абай: «Әнді сүйсең менше сүй»-дейді. Сіз әнді қаншалықты сүйесіз?
– Әнді сүймеу, әнге ғашық болмау мүмкін емес. Өз ұлтының әнін сүймеген адам, еліне азамат болып жарытпас. Өйткені ән қазақтың жаны, болмысы. Ән – елдің үні. Әуен иірімдерінде қазақ халқының мәдениетінің лебі, тынысы бар. Мен осы ұлы өнерді өмірінің өзегі етіп алдым. Әнсіз өмірімді елестету қиын. Кешегі Мұхит әнші тіршілігінде өнерді бәрінен жоғары қойып, атақты, дәулетті ұрпақтан бола тұра өмірдің нарқын байлықтан, барлықтан іздемей, барша саналы өмірін өнерге бағыштаған екен. Менде әнді шын жүрегіммен сүйемін. Әнді қашанда бәрінен жоғары қоямын. Ән біздің өлмес мұрамыз. Әсет Найманбаев, Біржансал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Ыбырай Сандыбаев, Мәди Бәпиұлы, Естай Беркімбаев сынды әншілердің әні қазақ барда ешқашан өлмейді. Біз осы бабаларымыздың әні арқылы өзімізді, өскелең ұрпақты тәрбиелейміз.
Сұхбаттасқан
Нұрдос КӘРІМ.