Руханият

«Ән керуен» ауылдарды аралап жүр

Қазақ мәдениетінің алтын діңгегі саналатын дәстүрлі ән-жыр өнерінің насихатталуы, ел арасында негізгі шара түрінде жолға қойылуы, халқымыздың руханиятына жасалған үлкен абыройлы қамқорлық. Осы орайда, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің тікелей қолдауымен екі жылдан бері аталмыш мәдениет ошағының дәстүрлі әншілері «Ән керуен» атты концерт ұйымдастырып келеді. Алғашқыда қалаларда «Ән керуен» салтанат құрса, бүгінде ауылдарға барып, тыңдарманға ерекше серпіліс, рухани азық сыйлап отыр.

Таяуда гастрольдік сапармен өнер ұжымы «Қызылқой», «Талды», «Ақтоғай», «Сәуле», «Кен[1]шоқы», «Ақсу-Аюлы» елді мекендерінде концерт беріп, БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сапардың жоспарымен бөлісті.

– Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің қайнары, мәйегі – дәстүрлі әні. Сондықтан да, халық дәстүрлерін оның ішінде ежелден бізге жеткен әнін діріптеудің маңызы зор. Халық өнеріндегі шоқтығы биік дәстүрлі ән айту өнері, ғасырдан-ғасырға өмір шежіресі болып жетті. ХІХ ғасырда домбырамен ән айту өнерінің дамуы өзінің шырқау шегіне көтерілгенін байқау қиын емес. Оған арқау болған Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди, Әсет сынды көптеген өнер иелерін айтуға болады. Сол бабадан мұра болған асыл өнерді ұмыт қалдырмай тыңдарманға ауылдағы халыққа жеткізуді мақсат тұттық. Дәстүрлі әншілер топтасқан «Ән керуен» атты концертк қолдау білдірген Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің басшылығына алғысымыз шексіз. Ауылдағы ағайын әнге сусап қалған екен. Барған жерімізде батасын беріп, қазақ өнерінің асыл шыңы дәстүрлі халық әндеріне деген ерекше құрметін көрсетті, – дейді «Ән керуен» жобасының және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің дәстүрлі әншілердің көркемдік жетекшісі, әнші Дәуренбек Әркенов.

Талай дүлдүл әншілерді, дәулескер күйшілерді туғызған, қасиетті Ақтоғай, Шет аудандарында бұл игі бастама, көпке үлгі, ел сүйсіне айта жүретін, тағылымы мол тарихи танымдық шара болды десек, артық айтқандық емес.

Концерт барысында халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Осатаев Ақан серінің «Маңмаңгері» мен Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұлын» әуелетсе, күміскөмей әнші Гүлмира Тапай халық әні «Қара Жорға» мен «Илигай, әттең, шіркін!» әнін «Әриайдайды» нәшіне келтіре шырқады. Кенжебек Күмісбековтің әні «Аққу жеткен» мен Ілия Жақанов «Балқантаудың гүлдері» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Дулат Аханов, Игілік Омаровтың «Болар елің» және Мұхиттың «Қарақаншық» әнін құйқылжыта салған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, сахнаға көтерілген әншілер Нұрлытаң Ермек пен Азат Абдығалым орындаған халық әндері «Бозбала», «Құнан нар» және Мұратхан Егінбаевтың «Сағыныш назы» әндері тыңдарманға таңдай қақтырды.

Сондай-ақ, күй атасы – Кетбұғыдан басталып Байжігітке, одан Тәттімбет, Аққыз, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Айдос, Мағауия Хамзин, Әбікен Хасеновке ауысқан Арқаның шертпе өнері «Ән керуенде» шертіліп, жүректерді тербеді. Республикалық байқаулардың лауреаты Елжас Кәрімов пен Арман Айнабаев жалпы шертпе мәдениетінің отандық алтын қазығы болған Арқа мектебінен дәріс алған түлектер екенін танытты. Қобыздың қоңыр үнімен құлақ құрышын қандырған республикалық күй байқаулардың лауреаты Дариға Хамза, ата өнердің атын өшірмей, болашаққа жалғап жүреріне көрермен көз жеткізді. Әр ауылда ән мен күйді қайта орындауды сұраған тыңдарманның ықыласы өнерпаздарға шабыт сыйлады. Айтулы жобаның тағы бір ерекшелігі әр ауылда жүрген әншілерді сахнаға шығарып, өнерін паш етті.

Қазақ өнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген еліміздің талантты әншілері, домбырашылары мен қобызшысы атсалысқан, бұл шараның мән-мағынасы мен сән-салтанатын, төл өнерімізге қосқан үлес есебіне баладық.

Айта кетейік, «Ән керуен» жобасы келешекте де жалғасады.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button